Бір үзім нан. Бір шыны сүт
жеке
блог

Бір үзім нан. Бір шыны сүт

Гүлнәрді ауруханаға ес-түссіз хәлде алып келді. Қанша жылдардан бері өз ісінің кәнігі маманы болып кеткен бас дәрігер науқастың жайымен танысқан бойда, ауру меңдеп кеткен келіншекті операция үстеліне апару керектігін кесіп айтты. Операция сәтті аяқталғаннан ба, Гүлнәр көп өте қоймай есін жиған-ды. Алайда,  бөлмеге сәт сайын келіп мұның жайын біліп кетіп жүрген медбикелердің мұның есігін сықырлата бергенін естігенде өзінен-өзі төменшіктеп, бойын суық тер басып кететін-ді. Мұны медбикелер қалай жоруды білмей, барынша жағдайын жасап бағатын. Сондай бір күндердің көшінде жүргенде әдеттегідей бөлмеге мұның қасына келіп, сыр суыртпақтап шықпай қоятын Зейнеп келіп, хәлін білген болды.

-    Апай, өткен жолғыдан тәуірленіп қалған секілдісіз. Бір қиыны біз сізбен қоштасамыз. «Қоштасамыз» деген сөзді айтарын айтып алса да, соны өзі қаламай тұрған адамның сыңайын танытып, Гүлнәрге ботадай көздерімен жәудірей қарады. Туған анасынан кішкене күнінен айрылғанын өткен жолы айтып еді, содан болса керек, байғұс қыз әр анадан жылылық іздейтін секілді.

-     Неге?-деген Гүлнәрдің даусы оқыс шығып кетсе керек, қоштасудың қиындығын ойша саралап отырған Зейнеп селт ете қалды. «Тіптен, бұл кісі емханадан шыққысы келмей ме?» деген сұраулы жүзбен Гүлнәрге қарай көзін бір төңкерді де, сезімтал әйел ойын оқып қоймады ма екен деп іле тезірек жауап беруге тырысып бақты.

-     Бас дәрігердің айтуынша  сауыққан көрінесіз. Енді жылы ұяңызға баруға рұқсат. Сізге бауыр басып-ақ қалып ек. Қанша ет жүрегіміз елжіресе де, бұл төсекке қайта айналып келмеуіңізді тілеймін,-деп жан сырын да ақтарған болды. Гүлнәр қыздан мұндай жауап күтпесе керек, жарасын біреу тырнап кеткендей, кіріерге тесік таппай қысылды да қалды. Мұның жайын сезе қойған Зейнеп:

-     Апай, не болды? Бір жеріңіз ауырып тұр ма? Реңіңіз бұзылып тұр ғой,-деп шын шошынған-ды. Қанша күннен бергі шыны мен сырын ақтаратын сәт туғанын сезді ме Гүлнәр өзіне соншалықты жақын болып кеткен қызға ішіндегісін айтқысы келіп сөз бастады.

-  Қызым, қалай десем екен?! Қанша күннен бері айтуға реті келмеп еді, сендердің ақыларыңды жегендей болдым-ау, менің бұл операцияның ақысын өтейтіндей қаражатым жоқ. Шеттей бала-шағамның күндік асын зорға тауып беріп жүрген жанмын,-деп жанарға келген жасын сығып алды. Зейнеп өзіне шынын ақтарған әйелдің қанша күннен бері бөлмесіне кіргенде қысыла қалатынының сырын енді ұққандай:

-   Бәсе, содан екен ғой,  сізді біздің көрсетіп жүрген қызметімізді ұнатпай жүр ме деп  ыңғайсызданып жүрсек,-деп ойын аяқтамай сақылдап күліп жіберді. Артынша,  өзінің алдында жасын төгіп көңіліндегісін айтып отырған ананың алдында екенін сезініп, ұялып қалды. Сосын Гүлнәрға тосын бір жаңалықтың басын қылтитты.

-   Апай, сіздің ақыңыз төленген. Гүлнәр, мұны күтпесе керек. Жаңадан бері жыламсырағаннан ба  әйелдің көзінде қалған бір тамшы жас е домалап түсерін білмей, е қарашығында қалып, жанарының алдын көлегейлерін шеше алмағандай, найзадай кірпіктерінде іркіліп қалды. Осы кезде Зейнеп Гүлнәрдің қолына әкеп бір жапырақ қағазды ұстатты. Қағазды ашып оқығаны сол еді, кірпігінде тұрған жасты іштен шыққан кермек итермелеп келіп, домалатып жіберді. Көзінен аққан мөлдір шық ақсары жүзін жуып кетіп, бір қатар жазу кестеленген параққа үзіліп түсіп жатты.

Ол осыдан аттай жиырма жыл бұрын болған оқиға болатын. Кішкентайларға ізет, үлкендерге құрмет көрсету керектігін, жан-жануарларға мейірімділік танытуға тиісті екенін анасы жастай құлағына құйғаннан ба ол кезде Гүлнәр тіршілік иелеріне қиянат жасамайтын жандардың бірі еді. Әдеттегідей, бауырларын тамақтандырып болып, түскі шайдан соң бәрін қаз-қатар жатқызды да, өзі бұдан бірнеше күн бұрын ғана әкесі алыс жолдан ат арытып келгенде «жалғыз қызыма» деп арнайы әкеліп берген кітабын парақтап отырған болатын. Кітаптағы әңгіменің ауанынан шыға алмай отырған оның ойын, сыртқы есіктің сықырлаған даусы бөліп жіберді. Бұл мезетте анасының да, әкесінің де жұмыстан қайта қоймайтын кезі. «Келген кім болды екен?» деген оймен, есікті имене ашқан оның көзіне әбден жүдеп-жадаған баланың кесікіні шалынды. Өзінің інісі қатарлас болса керек, «аптап ыстықта қайдан жүр?» деген сұрақ санасында кесе көлденең тұра қалды, баланың  «кенезесі кеуіп келе жатқанын айтып су сұраған даусы бұл сауалды соңына жеткізбей кілт үзді. Оның әбден торыққан, ашыққан қалпын көріп, бұл аяп кетіп үйден сол уақытта қолға түсе бермейтін, қара нан мен қара су ішіп кеш батырып жүрген жандардың түсіне кіріп те мазасын алған бір шыны сүт пен бір үзім нан әкеліп берді. Бала қанша қысылса да, өзіне ұсынылған дәмнен бас тартпай суды сол орында бір-ақ қылғытты да, нанын қолына ұстаған күйі рақметін айтып жөніне кетті. Арада жылдар өткенде сол жасаған жақсылығының айналып келерін Гүлнәр де күтпеген болатын. Емхана бөлмесінде өткенін есіне алып еміреніп отырған оның қолындағы қағазда: «Емнің ақысы: бір шыны сүт, бір үзім нан» деген бас дәрігердің қолтаңбасы бар еді...