Алақандай аяулы мекен

Сайтымызда жүріп жатқан "Менің астанам" байқауының бірінші бөлімінің қорытындысы бойынша Мақпал Сембайдың "Алақандай аяулы мекен" жазбасы үздік деп танылды. Редакция жеңімпазды құттықтай отырып, шығармашылық табыстар тілейді. 

Massaget.kz ұжымы

                 

                                              Ұмытсаң шаттық, қуаныш, күлкі, бақытты,

                                              Таста да бәрін, ауылға бұрғын бағытты.

                                              Құртын жеп, сүт іш, шапқылап тайға мін-дағы,

                                              Арқалап маған ала кел қалған сарқытты...

Сағыныш – ес білгелі санамды саялап, көңілдің көрпесін жұлқылай, жүрегімді шымши, мұңымды бүлкілдетіп барып, жанардан жас атқылататын нәзік бір сезім. Түрі көп бұл сағыныштың. Тай-құлындай жарысып, күнмен-түнмен алысып, табиғатпен танысып, өйдөйт, балалар жүр, әнекей, жердің шаңын шығарып, ойнап-күліп қуанып, әкелері күні-түн тепеңдейтін еңбектеп, астықтарды суарып, кекілдері желпілдеп, ұшайын деп елпілдеп, анасына әр бала, мақтанып жүр еркелеп... Иә, дәл осындай еді шынайы көрінісі... Көмбеден шыққан анамның ыстық нанының арасына қара сиырдың қою сүтінің майынан бір тілімін салып, былбыратып тұрып, асап‑асап жіберіп, қараңғыға қойылған суық сүттен сіміріп, асқазанға ел қондырып аласың, алдымен. Содан соң, қорадағы мөңіреп тұрған екі бұзауды суғару үшін шыбықпен шықпыртып алдымызға салып, тәшкіге флягті «өңгеріп» алып, көшені басымызға көтеріп, тарсылдатып, суға қарай  жүгіре жөнелетін ек...дүниеден құр қалғандай...

Алматыдан 250 шаршы шақырым  жерде біреу білер, біреу білмес кішігірім бір «жер» бар. Ол қандай «жер» десеңіз, тыңдаңыз. Атыңыздың басын Алматыдан оңтүстік шығысқа қарай бұрып, Көкпек атты жазықты басып өтіп, өркеш-өркеш Аласа атты таудан асып, сала-сала сайлардан өтіп, әлемге әйгілі Шарын шатқалына жете бере кілт тоқтаңыз. Енді санмыңдаған жылдар  бойына тынымсыз аққан Ақтоғай, Көртоғай өзендері салған көзді тартар шатқалдан батысқа қарай қырық алты шақырым жердегі қазақ даласының сонау қырғыз елімен шекаралас жеріне иірім-иірім жолдарды жағалай отырып, тік тарта беріңіз. Қош келдіңіз! Бұл көріп тұрғаныңыз Күнгей Алатауының солтүстік етегінде орналасқан Алматы облысы, Райымбек ауданына қарасты елді мекен - менің ауылым! Тоғыз таудан тоғыз бұлақ аққан бұлақты мекен - Тоғызбұлағым!

Маңғырған малы, кемпір мен шалы, өсімдік талы, бәрі бәрі. Үйлесім тапқан, нұр шуақ шашқан, көктемде, жазда ашық аспан, ал, тұрғындары, мейірімді асқан... Суреттей берсең сөз қалмас...

Кең байтақ қазақ даласының қайсыбір бұрышын мекен еткен әдеттегі ауылдардан еш айырмашылығы жоқ бұл ауылдың да, әрине! Дегенмен, бұл менің ауылым! Айқыш-ұйқыш дұрыс жиналмаған төсектей дөңес-дөңес жоталардың әр төбесінде бір түтін, бір үй десе де болады. Үшінші, төртінші көршіңе бару үшін, бір қотыр көшеден, бір сайдан асуың керек. Жо-жоқ, ауылым шашылған асықтардай емес, тек кең. Бұл менің кіндік қаным тамып, алғаш тіршілік атаулымен, көз ұшындағы көкжиекпен танысып, аяқ «шығып» еңбектеп, томпаңдап, жалаңаяқ шапқылап, жүз сүрініп, мұрнымды, тіземді жерге сүйдіріп, дөңіне өрмелеп, сайын тасалап, бала-бақшасына, мектебіне жүгіріп, қысқасы, балдай тәтті балалық шағым өткен құтты мекенім-Тоғызбұлағым! Саған жетер жер жоқ!

Негізінен мал шаруашылығымен, соның ішінде, жылқы, сиыр, қой өсірумен айналысатын ауыл тұрғындары жаз шыға Екіаша жайлауына, Кеңсу өзеніне және сонау қырғыз елінің Жасыбай көліне дейін жайлауға аттанады. Қыс түсе Торайғыр қыстауын мекен етеді.

Ауылымды бауырына жасырынған Күнгей Алатауында қабан, бұғы, елік, түлкі, қасқыр, сілеусін бар. Қырқыншы жылдары қарақұйрық, аю болған. Алайда, белгілі-белгісіз себептермен олар мекендерін ауыстырған деседі. Сонымен қатар, тауда түрген шыршасы, шетен, долана, үшқат, сарыағаш, қайың, неше түрлі тал-теректер өседі. Және онда Меркі атты өзен ағады. Ол Кеңсу, Қарқара өзендерімен қосылып, Шарынға құяды. Жаздың соңғы екі айы тауда самсап тұрып таңқурай пісетін, тауға шығып, онда ағып жатқан балықсыз өзен Меркіге шомыла, бір сергіп қайтатын кезең. Өзенде балық болмауының себебі –қойнауына жасырған қазақ даласында кездесетін жер асты байлықтарының бір түрі – уран дәл осы біздің тауда екен. Таңқурайды теріп, ауыл арасына, көрші ауылдарға сатумен айналысатын ауылымның ойын балалары күздік кейбір жамауларын жамауға тиін-тебен тауып, ата-аналарының бір жағына шығысады. Ол да болса кішкентайынан еңбек етуге үйреткен өмір сабақтарының бірі болса керек. Он бір, он екі жаста болғанымда, ең алғаш таңқурай теруге шығып жүрген шақта, мойыма ілінген банканы енді толтыра бергенде, банкаммен, таңқурайыммен қоса таудан домаладым. Қолымды сырып, қалақай шақса да, ол үшін емес, төгілген таңқурай үшін жылағаным әлі есімде.

Қазіргі кезде ауылымды бұрынғыдан да қатты сағынудың, оның мен үшін бұрынғыдан да бетер құнының артуының тағы бір себебі бар. Ол – ауылым қойнауына жасырған, топырағын жамылып жатқан менің асыл Анама деген Мөлдір Сағыныш...

Қаншама естеліктер, қуаныш, шаттық, қайғы, мұң, балалық, шалалық, "даналық", бұзықтық қалды мұнда. Қаншама арман, тілек, мақсаттар туды, өлді мұнда. Қаншама, қаншама...қайтпайтын, қайталанбас жылдарым өтті мұнда... 

Ақша бұлттарың көк аспаныңнан көшкенде...

Жазық далаңа көкмайса шөбің өскенде...

Арпа, бидайың күз келе тонын шешкенде...

Жылы нөсерің жеріңе нұрын төккенде...

Малшы-қоншылар ақ қарды белден кешкенде...

Тірлік қылмаған қалмайды-ау, сірә, еш пенде...

Тыпыңдап сол бір бітпейтін күйбең кеште де...

Тоғызбұлағым менің, кетпейсің ойдан, естен де...

Жыраққа сені аз уақыт тастап кетсем де...

Арманға, тілек, мақсатқа қанша жетсем де,

Әлемді шарлап, түрлі елді басып өтсем де...

Ұмыттырмайтын естеліктерім көп сенде...

Тоғызбұлағым, естеліктерім көп сенде...


Енді сүгіреттер сөйлесін...

Көп күндердің бірінің атуы...

Біздің үйдің алдындағы жота. Торы ат пен көк ат

Армансыз шапқыладым жазықта. Көк атпен

Тоғыз тау. Ауылымның талайда талай асыл сынықтарын, қимастарын қойнына жасырған бейіт

Алатау

"Бойлары" екі елі гүлдер. Есік алдындағы жотада

Таңқурай, қарақат теріп, әкемдер отын дайындайтын Күнгей Алатауымыз

Айша екеуміз тәлім аған мектеп. Біздің кезде "мұндай емес болатын". Жаһанданған біраз))

Ауыл

Картоп отауды бастағанда "шіркін, жаңбыр жауыр кетсе" деп армандаушы ек

Бұл колорадо штатынан "арнайы" келген колорад "братан" (жук братан). Картоп науқанында "таңқурай теруге" тауға емес жазыққа баратынбыз. Мына тұрғаны отағасы. "Ренжіме, жук братан" деп, кетпенге қолмен қойып, аяқпен мыжып өлтіруші ек. Отанасы қызыл түсті болады. Сол "таңқурайларды" бакалашкаға теріп (бәленбай гектар жерге картоп егетінбіз), таспен ұрып өлтіріп, не жағып жіберетінбіз. Қазір ғой, дәрі себе салады. Рахат

Менің "ғашығымның" бірі

Өткінші жауыннан кейін

Бала кезде бұзау іздей деген "сыңсу" болатын. Айналдырған екі, үш бұзауды іздейміз, сиыр тарар кезде. Сол кезде сол бұзаулардың бармайтын жері, кірмейтін қорасы болмаушы еді. Еңіреп жүріп, тауда айғайлап жүріп, әрең тауып келетінбіз. Ал, қазіргі бұзаулар да жалқау бола бастапты. Үйдің маңынан ешқайда кетпейді. Кешке өздері келеді

Қыста шаңғы тебу, кәрі есекке жеті, сегіз бала сиятын шананы шегіп, есектің тісін түсіру, ауыл ішін аралау, жотадан төмен құлдилау деген - қыста орындалуы керек миссия сияқты еді

Алаулап күн де батады...қимастан

Тауда "қайыңды" деген қайыңдар көп өсетін бір жер бар. Күзде барсаң, таудың барлық жері жасыл, тек сол жер сап-сары болып әдеміііі көрінуші еді. Әлі де сол

Жасанды көл. Біреуге махаббат көлі, біреуге ажал көлі болды бұл көл

Кемпірқосақ - бір ғажайып еді

Анамыздың қолынан шыққан құрттарды айтсаңшы!!! (мынау менің кеше жасағаным)) 

Мотоциклдің доңғалағынан жасалған осындай тәшкімен су таситынбыз. Ауылда "ой" жұмыс жасайды

"Қырмыш" жеген қыздар, тойларыңда қар жауды ма, не жаңбыр? Ал, жігіттер, қызды алып қашқанда, аттарыңыз мөңкіген жоқ па? Бізде солай дейтін. Қаспақты "қырмыш" дейтінбіз


Ал, былай су ішкен кездеріңіз естеріңізде ме?

Былай ішсең, көбірек сияды деп ойлайтынмын. Сіздер ше?

Сиыр саууды мұнша сағынғанымды білмеппін. Қара тоқалдың аяғын байламаса, "билейді" екен

Шатыр астында ұясы бар қарлығаштың балапандарының даусы әсем музыкадан артық қой, шіркін

Бізде осындай да ағаш өседі

Картоп отау-керемет!

Бұршақтан аман қалса, күзге таман өрік те піседі

От жағудың өзі - өнер

Мына бір жемісті мен долана деп қоямын

Отын жарғанда отын аспанға ұшып барып, басыңа, не желкеңе "дың" ете қалушы еді

Қыс қамы

Балтаға жетпес бұрын отынды осыған "мінгізетінбіз". Мұның бізде "есек" дейді

Жазықта өсетін осы гүлден бір жылы әпкемдер гүлдесте жасап бастарына тағып алған ғой (мен ұл сияқты болып, гүлге аса жоламайтынмын), сөйтсе, аралар қуалапты... Қазір бұл гүлге ғашықпын

Үлкен аталарына ас берген отбасылар бәйге ұйымдастырып тұрады. Биыл бірінші рет бәйгені өз көзіммен көрдім. Керемет!

Күн қайтты ұясына

Ауылда күн осылай батады...кейде...

Н.ғ.: Мерейі үстем, атағы құлақ жарар, қаншалықты кеуде кердең, танау көкке тірелген, байлық бастан асқан, білімі ұшан теңіз болса да, кез келген адам ауыл, туған жер дегенде емешегі езіліп, бауыры жібіп, жүрегі селт ете қалары анық. Әр адамның жүрек түбінде Астанасы - ауылы, туған жері екені айдан анық нәрсе. 

Ауылым‑ай, уақыттың қайсы тұсқа келгеніне қарамастан, жүзіме жүз әжім жол салса да, мен сен  үшін ешқашан өспейтін баламын.
Осындай ауылды ешбір өзге елге, жерге айырбастамаспын! Себебі, бұл менің кішкентай үлкен Астанам!


Бөлісу: