"Массагет бәйгесі" жайлы бірер сөз
блог
Бір айға созылған "Массагет бәйгесі" де мәресіне жетті. Жарыс болған соң таласы мен тартысы қатар жүретіні белгілі. Биылғы дода да сондай бір қызыққа толы өтті деуге болады.
Массагет порталы алғаш рет дәл мұндай бәйгені 2014 жылы Бразилияда өткен әлем чемпионаты қарсаңында ұйымдастырған болатын. Сыйлықтары да бағалы болған-ды. Бастысы - оқырмандар көңілінен шыққан (әйткенмен, барлық адамның көңілінен шығу мүмкін емес). Биыл да бұл үддеден шықтық па, шықпадық па, ол жағын оқырмандар мен қатысушылар таразылай жатар. Ал біз жарыс туралы айта отырайық.
Биылғы Еуропа чемпионатына арналған "Массагет бәйгесі" оқырмандар сұранысы бойынша ұйымдастырылды. Сондықтан да бұл жарысқа бір ай бұрын арнайы дайындалып үлгермедік. Дегенмен тәуекелге бел буып, доданың басталуына бірер күн қалғанда жарысты бастап жібердік. Жарысқа қатысушылардың белсенділігі жоғары болды. Бұл үшін қуаныштымыз. Қателіктер де болмады емес, болды. Бұған түсіністікпен қараған қатысушыларға айрықша алғысымызды білдіреміз!
Жарыс барысында оқырмандар сұранысына орай, аздап ережеге түзетулер енгізілді де. Бірақ жарыс барысындағы басты ережелер сақталып қалды. Ал ұпай есептеуге келгенде оңай болды деп айта алмаймыз. Сондықтан да рейтингтегі кей қателіктер үшін кешірім сұраймыз. Осының барлығын ескере отырып, соңғы рейтингті назарларыңызға ұсынамыз. Алғашқы 16 адамның ұпайлары бірнеше рет електен өткізіліп, жеңімпаздар анықталып отыр. Егер келіспейтін тұстарыңыз бен дәлелдеріңіз, талап-тілектеріңіз болса біз тыңдауға дайынбыз. Егер ұпайларыңыздың аз екеніне сенімді болып, жүлделі орыннан көрінуге мүмкіндіктеріңіз болса, онда ертеңге дейін (Астана уақытымен түскі 14:00-ге дейін) пікір білдіріп, жеке профиліме, болмаса осындағы пікір алаңына хат-хабар жолдауларыңызға болады.
Болжамдар бәйгесіне қатысқан барша оқырмандарымызға ерекше алғысымызды білдіреміз. Жетер жетістіктеріңіз көп болсын. Алда тағы кең көлемде қызықты жарыстарды ұйымдастырып, ірі жобаларды қолға алу жоспарда бар. Бізбен бірге болыңыздар.