Болашақта адамдар қолмен жазуды ұмытуы мүмкін

Болашақта адамдар қолмен жазуды ұмытуы мүмкін

Жазу қабілеті білім беру жүйесінің, жалпы, адам өмірінің ажырамас бір бөлігі. Алайда келер жас ұрпақ осы қабілетінен айырылып қалуы мүмкін деген қауіп бар. Бұны АҚШ ғалымдары айтып отыр, деп хабарлайды BNews.kz.

2010 жылы қабылданған америкалық білім беру жүйесінің жаңа ережесіне сәйкес, таза жазу сабақтары тек балабақша мен бірінші сыныпта ғана оқытылатын көрінеді. Осыған байланысты АҚШ-тағы мектептердің басым бөлігі қолмен жазудан тартынып, технологияға бұрылған. Яғни, әліпбиді пернетақтаның көмегімен үйретуге көшіпті. Жекелеген сыныптар қалам-қарындаштан мүлде бас тартқан. Десе де, бұл әдісті құптамайтын ұстаздар да бар. Олардың айтуынша, осының кесірінен оқушыларың шығармашылық шабыты мен жалпы ойлау қабілеті таязданып, саналы машинаға айналып бара жатыр. 

«Адамдардың шығармашылыққа деген қызығушылығы азайып, мәтін жазу процессі оларды көбіне күйзеліске ұшыратады, себебі олар қолмен жазбай, тек жансыз пернетақтаны қағумен шектеледі. Егер жазуда тек пернетақтамен шектелетін болсақ, ол болашақта мидың жұмыс істеу қабілетіне де өз көлеңкесін түсіруі мүмкін», - деді жазу пәнінің мұғалімі Лори Сингел. 

Ғылыми зерттеу жұмыстары көрсеткендей, егер бала алдымен қолмен жазуды үйренсе, мәтінді оқу жылдамдығы ғана жақсарып қоймай, ойлау қабілеті де тез жетіліп, ақпаратты тез есте сақтайтын болады. Бір сөзбен айтқанда, тек жаза білу емес, сондай-ақ қалай жаза білуіміз де аса маңызды. Ғалымдар, оған қоса, жаза білу қолдың қозғалысын дамытып, дислексияны емдеуге жәрдемдеседі деген пікірде. 

Адамның жазуы мен қолтаңбасы оның бірегейлігі мен жеке мінез-құлқының айнасы ретінде қабылданатын. Ал қазіргі жас ұрпаққа бұл қасиет дарымай қалуы мүмкін. Егер АҚШ-та пернетақта қалам мен қарындашты жеңсе, болашақ ұрпақ аз жазады. Тіпті, АҚШ тәуелсіздігі декларациясының төменгі жағында мемлекеттік қызметкерлердің қолымен жазылған ел тарихын кейінгі ұрпақ оқи алмай қалады деген қауіп бар деп алаңдауда америкалық ғалымдар.

сурет: coolwebmasters.com

Е. Қайрахан