Ажырасқан қыздың әңгімесі

Ажырасқан қыздың әңгімесі

Құрметті Массагет сайтының "Құпия" айдары! Осы айдардың ашылғанына қуаныштымын. Сіздерге өзімнің басымнан өткен оқиғамды жолдай отырып, барша арудан қолдау күтемін...

Қызылорданың бір ауылында туып, арман қуып Астанаға келдім. Осы жаққа оқуға түсіп, жатақханаға орналастым. Мектеп кезінен 9 сыныптан бастап жүрген көрші ауылдағы жігітім Астанаға із суытпай келіп тұрды. Өзі Қызылордада менен 1 курс жоғары оқыды. Студенттік шағымда жас болып ойнап-күлмедім, аз қыдырдым, жігітім жиі келіп тұрған соң, сабақтан кейінгі уақытым тек осы жігітіме арналды. Ол Қызылордаға кеткен кезде бейне бір аяқ-қолым байлаулы адамдай, соның ғана айтқанымен бір ізбен кіріп, бір ізбен шығып жүрдім. Осылайша 4 жыл да зу ете қалыпты. 

Қолыма диплом алған соң жігітім мені Қызылордаға алып кетіп, ата-анамыздың ақ батасын алып, дүркіретіп той жасадық. 7 жыл қыз-жігіт боп жүрген кезде білінбеген жігітімнің қылықтары, өнерлері енді шыға бастады... Басымнан өтпесе сенбес едім, ол арақты салынып ішеді екен. Бұнысын бірнеше жыл бойы жасырып келіпті... 

Ол әр нәрсені сылтауратып мені орынсыз қызғанатынды шығарды, үйден аттап шықсам, басым пәлеге қалып, өзімді тұтқында жүрген адамдай сезіндім. Бір күні тіпті шектен шығып, ішіп келіп, қол көтерді. Оң жақ иығып көкпеңбек болып ісіп кетті. Уақытша қиындықтар шығар деп шыдауға тырыстым... 

Көзім жастан құрғамайтын болды. Енем аузымды ашсам, баласын қорғаштап шығатын. Күн өткен сайын күйеуімнен суына бердім, суына бердім. Үйленгенімізге жарты жыл өткенде, менің жүрегім тас болып қатты да қалды. 

Бір күні ол тағы да ішіп келіп, менің басымды қабырғаға ұрғылады. Үйдегілердің бәрі қонаққа кеткен. Күйеуім асүйден пышақ алып келіп, "бауыздап өлтірем" деп, пышақты әрі-бері сілтеді. Тәлтіректеп тұрғанын пайдаланып, ебін тауып сытылып далаға қашып шықтым. Содан бері оның үйін де, бетін де көрмеймін деп өз-өзіме серт бердім. 

Бұл оқиғамды жазып отырған себебім – аяулы қыздар, менің бейтаныс құрбыларым, сіңлілерім! Ешқашан бір адамға байланып, соның басыбайлы меншігі болып қалуға болмайды екен! Жастау кезімде көзім өз жігітімнен басқаны көрмеді, жігітіме адал болам деп басқа еркек атаулысына назар да салмаппын... Қазір ойлап қарасам, ол жүріп жүрген кезінде-ақ қатты қызғанған екен. 7 жыл жүрдік десем де, адамды жігіт кезінде тану мүмкін емес екенін түсініп, қолымды мезгілінен кеш сермеп отырған жайым бар. 

Қыз болып жаралсақ та, біздің тағдырымыз тек қана өз қолымызда! Тұрмысқа он ойланып, мың толғанып барып шыққан жөн деген ойға келіп отырмын. 

Арамызда бала болмаса да, ажырасқанымды естіген бойда еркектер менен ат тонын ала қашады. Жоғары білімім бар, сұлулығым да бар, бірақ жалғызбын... Ауылдың өсегінен қашып, қалаға жұмысқа тұрдым. Туған-туыстарым маған адам деп қарамайды. Күйеуден қайтып келген қыз кімге керек? Ағам "елге қарабет қылдың" деп отбасымен теріс айналып кетті. Сәлемімді де әзер алады. Тек қана жаным анашым шырылдап менің сөзімді сөйлеумен жүр...

Автор: Құпия қыз

Сурет: ledji.ru

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com 

М. Оңғарова