Махаббат па, махаббат болған менде....

Махаббат па, махаббат болған менде....
жеке
блог

Махаббат – ерекше сезім, ғажайып құбылыс, жұмбақ нәрсе. Кімге қалай, қашан келетінін білмейсің. Алайда, жер бетіндегі бар адам соны күтуде, махаббатын күтуде. Махаббатты ғашық болумен байланыстырамыз. Құлай сүюмен теңестіреміз. Бұл тақырып қанша ақын-жазушылардың жырына айналды. Махаббат жайлы қалам тербемеген бұл әлемде ақын-жазушы жоқ шығар, сірә? Сіз махаббатты басқаша түсінесіз. Мен махаббаттың мәнін басқаша қабылдаймын. Әрқайсымыздың жүрегімізде көшірмесі жоқ, бір ғана махаббат өмір кешуде. Бұл сөздің мән-мағынасын әр жаста әр түрлі қабылдаймыз. Содан  шығар, бала махаббат, шала махаббат, алғашқы махаббат ұғымдарының қалыптасқаны. Бұл бір сондай әсем нәрсе! Айналаңды нұрландырып, жан-жағына жан бітіріп, асып-тасып жүресің! Бірақ, махаббаттың балы қандай тәтті болса, уы сондай ащы. Күлдіріп тұрып ес-ақылдан айыртады. Қуаныш сыйлай тұрып, еріксіз жылатады. Бірақ та, бұл қол ұстасқан жандарға деген сынақ деп білемін. Айтады емес пе: "Махаббат деген - биік тас,

              Ешкім оған шыға алмас.

              Шығады оған тек қана,

              Қол ұстасқан екі жас". Міне көрдіңіздер ме, махаббат тек бар қиындықты еңсерген, бар ауыртпалықты артқа тастаған жандардың ғана жемісі. 

  Жер бетінде махаббат жоғалған дейміз де. Бірақ, сол махаббаттан сіз пайда болдыңыз, мен пайда болдым, біз пайда болдық. Махаббат уақыт өте басылады, бұрынғыдай асып-тасып тұрмайды дейді. Меніңше, екі жастың бір-біріңе деген  сыйластығы, құрметі мен сүйіспеншілігі керісінше, бұл ғаламатты еселендіре түсетіндей.

Ұнатқан адамымды (сол бір қызды немесе сол бір жігітті) бір рет болса да көрсем ғой, онымен тілдессем ғой деген тілек бар әр адамның жүрегінде. Бірақ, тілдесуге қорқасың. Өйткені, бәлкім ол сен ойлағандай адам емес шығар..? Сенің "санаңдағы" сен жасаған "бейне" болмай шықса ше? Махаббаттан мәңгі баз кешпеймін бе, ұлы сезімнен көңілім қалмай ма? Махаббат пен ғашықтық десек, ойға оралатын қорқыныштың бірі осылар.

Ал, ол басқаны сүйсе ше..? Арманындағы жан мен емес, басқа болса ше..? Жауапсыздық... Құр мазаққа айналсам ше? Бұл да том-том сұрақтардың бірі.

Не болса да ең бастысы - Нағыз Махаббат! Иә, мұны бәріміз армандаймыз! Мұқағали да армандаған. Бірақ ол жоғалтып алды. Ал, сіз ше? Нағыз махаббатыңызды таптыңыз ба? 

Махаббат жайлы ой-қозғап, сыр бөлісуге көктемді күтудің қажеті жоқ. Ғашықтар бар әңгімесі таусылған, ал махаббат - таусылмайтын әңгіме. Ендеше, мархабат, құдіретті сезім жайлы ой бөлісе отырайық....