Мұхтар ШЕРІМ. ЖҮРЕГІМ ТОҚТАП ҚАЛДЫ...

Мұхтар ШЕРІМ. ЖҮРЕГІМ ТОҚТАП ҚАЛДЫ...
жеке
блог

 

 Әке-шешем «Қашан үйленесің?» деп миымды қуырып, жүйкемді «суырып», зарлай берген соң, оның үстіне жасым отыздан асып, отыз  бірге келген соң, «Қыздармен танысайын, танысайын да аш кенеше жабысайын!» деген оймен әлеуметтік желідегі «В контактеге» тіркелдім. Ә дегеннен виртуальды достарым көбейіп, небір қыздардың суреттеріне тамсанумен  болдым..

  Солардың ішінде мына бір қыздың суреті жүрегімді жаралап, сырттай махаббат деген жанымды мазалап, күндіз күлкіден, түнде түсімдегі түлкіден қағылдым. Ал келіп хабарлама жазысамыз: «Қашан кездесеміз?», «Құдай бұйыртқан күні...», «Құдай қашан бұйыртады?» «Өлә, немене, өліп бара жатырсыз ба?», «Сізді тірідей көрейін деп...»

   Осылай хат жазысып жүргелі жеті ай болды. Суретіне қараймын да, қиялдың құшағына құлаймын...» «Шіркін, Орынша! Қинамашы мені, осынша! Бұйыртса, супер күйеуің болам, өмірдегі сүйеуің болам! Орда бұзар отыздан асып барамын,  көктемде тоғаннан жөңкілген селдей тасып барамын! Керек пе, айға да ұшамын, өзіңді өмір бойы құшамын! Өзге сұлуды көрсем, жүрегім айнып, құсамын... О, Орынша! Қинамашы, мені осынша? Керемет сенің атың сол... давай, маған қатын бол!»

   Бір күні кездесетін болдық. «Қайда кездесеміз?» десем: «Үйге кел, шәй ішеміз!» деп жазады. «Әке-шешесі қыдырып кеткен екен ғой!» деген ойды ерттеп мініп, қолыма гүл ұстап, жазған мекен-жайына– Махаббат көшесі,  Сезім үйінің 77–ші пәтеріне келейін. Жүрегім дүкі-дүкі... Көңілім үкі-үкі... Қоңырауды басайын деп, басайын деп, арғы жақтан сұлууу қыз шықса, ұялғаннан тұра қашайын деп... Қой, несіне тайсақтаймын? Агент арқылы танысқан қыздардың біразы зорланып, оны айтасыз, қанішер маньяктар зорлап өлтіріп, денесін бөлшектеп жатқан заман ғой, ал, мен еркекпін! Менің ойым таза, үйленуім керек! Осынша жыл үйлену үшін жұмыс істеп, ақша жинадым... Енді не тұрыс? Бол, тез, бас қоңырауды! Баса алмай тұрмын. Арғы жақтан сұлуу қыз шыға келсе ше? Ей, сұлу сорпа қылып іше ме сені? Әйеліңнің сұлу болғаны жақсы емес пе?  Бас қоңырауды! Дәтім бармайды. Неге үйіне шақырды екен? Үйіне шақырғаны, «моргта кездесейікші» дегендей ме? Қайта мен шақыруым керек еді. Кафеге... Көнбей қойды ғой... Ал, қоңырауды басамын. Қазір сұлуу қыз есіктен басын қылтитады. Мен күмілжіп: «Орынша сіз бе?» деп сұраймын. «Ия, ағай. Үйге кіріңіз...» Пәтеріне кіремін. Диванда отырмын, аяғымды айқастырып. Аяғымды айқастырмайын, әдепсіздік... Түзу отырайын. Мұрнымды шұқылап... Қой ойбай, көргенсіздік қой! Желкемді қасып? Қасыма! Төмен қарап... Төмен қарама! Сорлы емессің! «Тормоз» бола қалады екенсің! «Мына гүлді сіз үшін екі мың теңге 50 тиынға сатып алдым...» деймін. Деме! Ойбай, ақшасын айтып нең бар? Ух, шаршап кеттім. Әлі тұрмын, қоңырауды баса алмай... «В контактедегі» арумен танысқым келеді! Ал... Бір, екі, үш... Көзімді жұмып, есіктің қоңырауын бастым. Бір кезде бір кәрі әйелдің даусы естілді.

–Кім бұл?

–Отызбаймын...

  Есік ашылды. Әлі көзімді жұмып тұрмын. Сосын көз қиығыммен қарадым.

–Сіз соқыр ма едіңіз? –деп сұрады сексенге жақындап қалған кемпір кетік тісін көрсете күліп. Мәссаған! Әжесі үйде екен ғой?

–Орынша қарындас шақырып еді...

–Үйге кіре ғой, жігітім!

   Үйге кіріп едім, кетік тісті кемпір орысқа шатысы бар-ау деймін, компьютер алдына отырып жатып:

–Мен негізі Оксанамын. Былтыр өліп қалған подругам Орынша деп атап кеткен... Әкем– қазақ, шешем– орыс, балеринамын. Әлі күйеуге тиген жоқпын,  сексендегі кәрі қызбын... –деді.

–Ойбай... Орыншща сіз бе сонда? Анда жас қыздың...

–Ол сіңілімнің қызының қызының суреті ғой. Жүр айналайын, ішім пысты, екеуміз шәй ішейік...

  Артыма жасырып тұрған гүлді тастай салып, тұра қаштым. Подьезде біреуді соғып кетіп, шалқасынан түсірдім ғой деймін? Жүрегім тоқтап қалды...