Сен бе дедім...

Сен бе дедім?! Артына қарамастан,

Естілгенде бір сыбдыр дала жақатан.

Мұң˗қайғыны құшақтап, ойға шомып

Таусылардай күрсініп бара жатқан.

 

Неге сонша мұңайдың? Жанарыңнан

Сезім өртін байқадым доғарылған.

Алыстасақ екеуміз, келгені ғой

Аяқ асты бір бұйрық жоғарыдан.

 

Айналғанда гүл көктем күрең күзге

Басқа түскен өмірді сүреміз де.

Әлдеқалай жолымыз екі айрылып

Екі жаққа екеуміз жүреміз бе?!

 

Жанымызға дауа боп дем берейік,

Өкпелесіп қалмайық жанға тиіп.

Мәңгі жолы түйіспес екі дара

Тау болмайық сен биік, менде биік!

 

Жанымызда соққандай жаңа дауыл,

Болмай қалса бір сәтке жан қалауың

Неге сонша адасып, абыржиысың?

 Махаббатты осы ма бағалауың?!

 

Мұңаймашы, мен үшін күл, ойнашы!

Жанарыңда ғажайып нұр ойнасын!

Әлі бақыт төгеді нұр шуағын

Алыстағы мені де бір ойлашы!

 



Бөлісу: