Қосылмағанның жүрегінде - махаббат, бәлкім... (кезексөз)
блог
Сәлем бердік! Жұмысқа келісімен таяқша лақтырған Аселектің жазбасын оқыдым. Қой, жазайын дедім. Әйтпесе Жако мырза "Негізі, байқасаңыздар массагет сайтының админдері көптеген эстафета таяқтарын аяқсыз қалдырады" деп тұрып "ұрсып" жүрер деп ойладым. Дұрыс қой, эстафета болғасын жалғастырып отыру керек.
Тәәәк, сонымен... "Менің махаббатым" ба тақырып? Шынымды айтайыншы, махаббат деген мен үшін жұғымы көп ұғым сияқты. Сондықтан мұны жандыға да, жансызға теңей алмайды екем.
Бұл мен үшін ауыр тақырып! Әәәә, бірден "байқұс қыз махаббаттан әдбен зардап шеккен-ау" деп ойлап кеттіңіздер ме? Жоқ! Мүмкін... "Мен махаббат деген - мынау!" болмаса, "Менің махаббатым - Пәлен" деп нақты айта алмайды екенмін. Өйткені сол бір ұғымның не екенін білмеймін. Барына да, жоғына да таласым жоқ. Сол сегіз әріптік сезімді басымнан өткердім, бәлкім... Бәлкім енді өткеремін.
1 курсымда бір жанмен арластым. Ол мені қарындас көріп жүрген шығар деп ұқтым. Жоқ, олай емес екен. "Ағамның" ойы барын білдім. Бірақ мені кіші санап, ашылып айтпайтын. Менің оған жат сезімім болмады. Екеуміз бір-бірімізге бауыр басқанда ол менен ажырап кетті. Қатты қиналдым, ырасс. Оны жақсы көреді екенмін деп ойладым. Одан артық адам жоқтай көрінді. Алданыппын. Өзімді өзім алдаппын. Оны жақсы көрмейді екенмін. Тек бауыр басып қалған сияқтымын. Онда бұл махаббат емес қой? Қазір онымен дым болмағандай сөйлесе береміз. Екеуіміз де жанып өштік. ОЛ ДА МАХАББАТ ЕМЕС!
Кеше түндегі әңгіме (Құрбыммен):
- Ағер, саған оқып берейін деп ем. Жаңа Оралхан Бөкейдің кітабынан оқып қалдым. Мағынасын айтып берейінші: "махаббат деген - қосылмау, өйткені қосылған кезде оның ешқандай мәні қалмайды, азабы мен қиындығы болғанда ғана қызықты" деп жазыпты. Сол рас шығар, иә?.
- Білмеймін. Мүмкін...
Өткендегі әңгіме (Жігітпен):
- Алтынға қолың жетпесе, ол арзандамайды. Мәңгі қымбаттай бермек. Өмірдегі сүйіспеншілік атаулы қосылумен шектелмейді. Ол көктемеде гүлдеген гүл емес. Мәңгі сөнбес сәуле...
Сонда махаббат деген қосылмау ғой? Жоқ, "Оралхан айтқан екен" деп қана емес, өзім де осыны ойлап жүргем. Қосылған соң тәтті сезімнің дәмі кетіп, әдемі сүйіспеншіліктің әрі кететіндей. Бәрі сыйластық пен бауыр басушылыққа айналып кететіндей. Ал сонда сен таңдамаған жанның жүрегінде ғана махаббат қалатын сияқты.
"Махаббатты ұлы сезім" санайтындар, "махаббатты жоқ" дейтіндер, бір "адамды мәңгі махаббаты" санайтындар, "махаббатта жолы болмай" жүргендер, менің сөзіме мән бермеңіздер. Менің ақылым жетпейді екен...