Мен отандық киноны қарамаймын. Себебі

 Кезіндегі ақ-қара фильмдер қазіргі таңда түрлі түске боялды. Отандық киномотографияның майталмандары тәуелсіздік алған жылдардан бері барынша кино саласын дамытуға күш-жігерлерін салуда. Алайда, көз ілеспес жылдамдықпен осы күнге дейін дамып келе жатқан кино саласы неге шарықтау шегіне жетпей, бір орында ақсаңдап тұр? Әрине, фильмдер шықпайды емес, шығады. Алайда, жарыққа шыққан фильмдер мен сериалдардың көрермені өте аз болады. Себебі, аудиторияның қажеттілігі толық қанағаттандырылмайды. Осы фильмдердің қазір Қазақстандағы келбеті қандай? Қазақша кино Голливудтық деңгейдеге не үшін жете алмай жатыр?!

Иә, бұл сұрақтың жауабын әрбір қазақстандық киносүйер қауымның, киносыншылардың, жалпы, қазақ халқының көкейінде жүргені жасырын емес. Ал біз, берілген сұрақтардың жауабын өзімізше сараптап, анализ жасауға тырыстық.

Инстаграм желісінде 15-50 жас шамасы аралығындағы оқырмандар арасында сауалнама жүргізіп көрдік.

1- cұрақ: «Отандық киноны көресіз бе?»

2- cұрақ: «Қолымда кино саласында бір нәрсені өзгерте алсам, нені өзгертер едім?»

Жауап 1:

Ең алдымен актерлік құрам шығар. Отандық сериалдардан актерлеріміздің деңгейін шамамен байқаған боларсыздар. Жаттанды сөздер мен эмоцияның орынсыз қолданылуы жиі кездеседі. Атап айтар болсақ, бір әртістің өзінде бойындағы шеберлікті орынды пайдалану, кейіпкердің мінез-құлқын түсіне отырып, оның бейнесін халыққа жеткізе білу әр дарынның қолынан келе бермейтін еселі еңбек. Сондықтан дәл осы салада шын жүйріктен құралған әртістер құрамы да қажет-ақ. Елімізде еселі еңбегін кино саласына арнап, шет елдің сахналарынан көрініп жүрген жастар жетерлік. Сол жұлдыздардың ішіндегі бірі де, бірегейі- Солтүстік Қазақстандық талантты аруымыз Самал Еслямова. Расында қазір Самал сынды тума талантты жастарымыздың шет елдік кино саласында топ жарған жастар аз. Сондықтан Канн кинофестивалінде үздік рөл атағын алған Самалдың жеңісі туралы бүкіл халық әлі күнге дейін аңыз етіп айтып келеді.


Жауап 2.

Сценарийдің кино саласында жетекші орын алатынын білеміз. Расында қазақ киносында тілі жатық, көңілге қонымды сценарий қажет екендігі айтпаса да байқалып тұрады. Қазіргі көрермен қандай жанрдағы киноға барады? Экшн, боевик, комедия бағытындағы фильмдер коммерциялық жағынан ұтып тұрады. Дегенмен де, толық мағыналы идеяға теңдесі жоқ сценарий жазып шығып, ұлттық құндылығымызды, менталитетімізді, қазақи болмысымызды сақтайтындай етіп жасасақ, нұр үстіне нұр болар еді. Оқиғаның басталуы мен дамуы, шарықтау шегі мен шиеленісуі, аяқталуына мән бере отырып көрерменді жалықтырып алмау да маңызды.

Жауап 3.

Режиссердың профессионалдылығы мен техниканың жұмыс істеу сапасы. Киноның отымен кіріп, күлімен шығатын режиссерлер. Олар барлық түсірілім тобын, сценарийді, камераның сапасын, актерлік құрамды дұрыс таңдай білсе, нағыз кино сонда жарық көреді. Өкінішке орай, қазір ақшасы болса, кино түсіргіш пысықайлар көбейіп кетті. Сәйкесінше, сапа да төмендеуде. «Тауық сойса да қасапшы сойсын» деген мақал осыған саяды. Бұл мәселеге тек позитивті жағынан қарауға ғана қауқарлымыз, өкінішке орай. Кино көбірек түсірілген сайын бәсекелестік те жоғарылайды. Бәсекелестік жоғарыласа сапа да едәуір артады деп өзімізді жұбатып қана қоямыз..

Әрине, бұнымен мен отандық киноны даттап жатқаным жоқ. Ел мерейін асқақтатып жүрген «Томирис», «Анаға апарар жол», «Жаужүрек мың бала», «Айка» , сынды туындыларымыз баршылық. Саны жағынан аз болса да, сапасы өте жоғары біртуар туындылар.

 

Жоғарыда айтылған сындарды түзеп, халыққа сапалы дүниені барынша көбірек жарыққа шығаратын болсақ, келешекте әлемдік киноиндустрияның ең биік шыңы- Оскар жүлдесінің де ауылы жақындай түсетіні сөзсіз. Болашаққа зор үмітпен қарайық!



Бөлісу: