Отыздан асып барамын. ИК. Ирина Кайратовна

Отыздан асып барамын. ИК. Ирина Кайратовна
жеке
блог

Мәшһүр Жүсіп сөзін былай деп жалғайды : " Жұт келедi . Қалың қазақ қырылады . Жұттан аман шыққан ел 70 жыл Құдайсыз қоғамда өмір сүреді . Одан кейін елдi 30 жыл ұры - қарылар былықтырады . Осының бәрінен өткен соң ғана қазаққа қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туады " деп болжаған екен .
«Жетпіс жыл бойы құлдықтан өттік, ақыры егемендік алдық. Енді отыз жыл аман болсақ, Қазақстан құлпырады»
2021 жылы 17 желтоқсан күні жарыққа шыққан Ирина Қайратқызы (ИК) ұжымының бірігіп жасаған жұмыс нәтижесі "Отыздан асып барамын " 87 минуттық киносы 1 күннің ішінде 2 миллионға жуық қаралым жинап үлгерді. Тәуелсіздікке дейін дүниеге келген нәрестенің шілдеханасына жора-жолдас, тума-туыс жиналған сәтте Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланып, бір той екінші тойға ұласады. Сүйінші хабарды атасы нәрестенің есімімен байланыстыра отыра, сәбиге "Азат" деген есімді береді. Оқиға осы Азатпен бірге өрбиді. Уақыт өткен сайын Азатты да, елді де өзгерткен бірнеше оқиғалар көрініс табады.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда ақша жағынан қысылған отбасының бірі Азаттың ата-анасы болды. Еңбектегенше жанында болып, ауылдағы жұмыста жалақы орнына шамалы азық-түлік берілетін болған соң, қалаға жол тартады. Қалада аяқ-қолымызды жинап аламыз деген олардың ойлары теріске шығып, ақшадан қағылады. Азаттың әкесі ауылдан әкесінің көлігін әкеліп, жолаушы тасып, анасы көшеде тұрып сауда-саттыққа кіріседі. 1993 жылы 22 тамызда Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың қазасы кинода көрініс табады. Мұрағат видеороликтермен байланыстырылып түсірілген. Оқиға 1993 жылы валютаның енуімен жалғасын табады. Тәуелсіз мемлекет атағын алса да ол кезеңде Ресейге отарланудың шет-жағасы орын алып жатты. Ресейдің рубльімен Қазақстанға келіп тайраңдағаны қаншама. 1995 жылдың 5-ші қыркүйегінде 9 тарау 98 баптан тұратын екінші Конституция қабылданып үлгерді. Осы жылы 15 наурызда Мұстафа Өзтүрік белгісіз себептермен қаза табады дейді әлеумет. Дегенмен, уланды деген сыбыс бар. Сол жылдары атағы жер жарған тұлғаға қастандық ойлайтындардың көп болғандығы айдан анық емес пе? 1997 жылы астана Ақмолаға көшеді. 1998 жылы Талғат Мұсабаевтың ғарышқа екінші мәрте ұшуы мұрағат видеороликтермен жалғасын табады. 2000 жылы Азаттың әкесі тұрмыс жағдайын біраз қалыпқа келтіріп алады. 2000 жылдың соңы, Жаңа жылға қарсы 31 желтоқсан күні Сидней олимпиадасының чемпионы, бірінші иегері атанған жас боксшы ауыр жол апатынан қаза табады. 20 жасында кеткен,қыршын. 2005 жылдың 12 қарашасында "Заманбек Нұрқаділов өз үйінде денесіндегі атылған үш оғымен өлі күйінде табылды. Екі оқ кеудесіне тиген, біреуі басына тиген. Болған оқиғаның ресми нұсқасы бойынша өз-өзіне қол жұмсаған деп танылды." деген миға қонымсыз ақпаратпен аса ірі саясаткер қаза тапты. 2011 жылғы Жаңаөзендегі көтерілісті сипаттау Азаттың досы арқылы жүзеге асады. Бокстан үйіне қайтып бара жатқан Азаттың досы, сол алаңнан өтіп бара жатып қаза табады. Өз халқын өздері атып өлтірген ауыр қасіретті оқиғаны осы өліммен жеткізеді. 2016 жылы Ақтөбедегі теракт, Паллада дүкеніне шабуыл камерадағы бейнежазбалары арқылы қысқа түрде көрсетіледі. Сонымен қатар, 2016 жылы өткен Рио-де Жанейро олимпиадасы,ондағы қанжығамызға байланған медальдар,жеңістер. 2019 жылы наурыз айында Астана қаласының атауының ауысуына және осы жылдың маусым айындағы сайлауға тікелей бағытталған көтеріліс. Қамауға алынған қара халық. Кинодағы ең ауыр сәт Азаттың әкесінің коронвируспен ауыруы. Аппарат жетіспеудің салдарынан, өкпесіне ауа жетпейді. Кино желісі бойынша Азат өз нәпақасын табу жолында адал қызметтен біртабан алшақтайды. Ал, ол 2019 жылы жасанды өкпе ретінде қолданылатын мемлекеттік аппараттарды сатып, сол ақшаға рақаттанған болатын. Өз әкесін өз қолымен өлтіргендей болады.Өлтіргендей емес,шынымен өлтіргенді. Өте үлкен ой жатыр, меніңше.
Тәуелсіздік жылдарынан бастап елді де, Азатты да өзгерткен оқиғалардың барлығы дерлік көрсетілмесе де, ең маңызды, ауқымдылары қамтылған. Ең бағалысы, атасының аса құнды сөздері мен қазақы салт-дәстүрлердің басынан аяқ қамтылуы. 90-шы жылдардан бастап 30 жылды 87 минутқа сыйғызған кино желісі шын мәнінде жыл сайын Тәуелсіздік күнінде теледидардан көрсетуге әбден лайық туынды, тұсаукесер.
Соңында: «"Ирина Қайратовна" шығармашылық тобы барша Қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерей тойымен құттықтайды. БІЗ ӨСКЕЛЕН ҰРПАҚ , АЗАТТЫҚ ҮШІН ҚУҒЫН - СҮРГІНГЕ ҰШЫРАП , ЕЛ ҮШІН ҚҰРБАН БОЛҒАН БАТЫРЛАРЫМЫЗДЫ ҮНЕМІ ЕСКЕ АЛЫП ОЛАРДЫҢ БІЗГЕ ҚАЛДЫРЫП КЕТКЕН БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҒЫ МЕН АСЫЛ МҰРАСЫН САҚТАП ҚАЛУҒА УӘДЕ БЕРЕМІЗ ! Фильмнің жарыққа шығуына айрықша үлес қосқан Айдарбек Асанович Ходжаназаровқа, Руслан Арысбекұлы Берденов пен Нурлыбай Ибраевқа алғыс білдіреміз.»
«Жетпіс жыл бойы құлдықтан өттік, ақыры егемендік алдық. Енді отыз жыл аман болсақ, Қазақстан құлпырады»