04:29

04:29
жеке
блог

«...и не убивайте самих себя; поистине Аллах к вам милосерден» (Коран, 4:29)

Шыны керек, қазір адамдар көбіне материалдық жағдайға мән беріп адамдардың ішкі жай-күйіне ешкім мән бермейді. Тіпті сезімге толы мелодрамалардан гөрі экшнге толы кино қарауды жөн көреді. Мүмкін осы себепті де адамдар қатыгез болып кеткен шығар?... 

Кеше "04:29" фильмінің тұсау кесеріне бару мүмкіндігіне ие болдым. Маған киноға түскен актерлар қатты ұнады. Олар жас, әдемі, талантты және әрі олар жасандылыққа үйренбеген. Олардың түрлерінен үлкен қуанышты көруге болады. Әсіресе, Ербол Семкуловтың экранда ғана емес өмірде де сондай қарапайым әрі сымбатты екенін байқадым. (04:29 фильмін көрген біраз қыздың жүрегі жараланары анық енді.) Карина Габриэльдің әдемілігі өз алдына.

04:29 фильмі жастардың әдемі махаббаты мен үлкен үмітіне құрылған кино. Өмірде өзін жалғыз сезінген Ажар өмірімен қоштасқысы келіп көпірге барады. Ол жерден Ажар әдемі, сымбатты, өзіне сенімді Алихан есімді жігітті кездестіреді. Алихан қыздың жағдайын сұрамай-ақ, қызға өз көмегін көрсете бастайды. Күнделікті қыз жасамаған, бармаған әдемі жерлерге апарады. Алайда, Алиханның да ол көпірге бекер бармағаны белгілі... Себебі көз жанарынан айырылудың аз-ақ алдында тұрған жас жігітте өмірмен қош айтысқысы келеді... Осылай бір оймен кездескен екі жастың өмірі басқа арнаға бұрып, үміт оты жана бастайды.

Киноның сюжеті әрине жаттанды сияқты көрінуі мүмкін, бірақ, біздің елде жастардың өз-өзіне қол салуы тақырыбына түсірілген алғашқы кинолардың бірі. Жастардың әлеуметтік тақырыбын қозғау қиын, себебі айтар ойың діттеген жеріне жетпей қалуы да мүмкін. Мереке Мұқанның бұл фильмы әдемі түсірілген, табиғаттың әдемілігі, жастардың еркіндігі, тартымдылығы жақсы берілген. Тіпті ауылды түсірген жерде ауылға барғым келіп кетті. Ауылдың табиғаты ерекше, елдің көкейінде "мынау қай ауыл?" деген сұрақ туындады. Әсіресе Алиханның мамасы бауырсақ пісірген жер адамға сондай жылылық сыйлайды.

Менің ойымша киноны 15 сәуірге беру керек пе еді, сонда кино жастардың махаббат символына айналар ма еді. Былай қарасаң, адамға өзін бақытты сезіну үшін махаббаттан басқа ештеме керек емес қой. 04:29 фильмі бүгінен бастап барлық кинотеатрлардан көрсетіле бастады, барып көріңіз. Екінші жартыңызбен барып көруге тұрарлық фильм.