Жаңа кезексөз: "Өткен жыл несімен құнды?"
блог
Тағы бір жаңа кезексөз бастағым келіп отыр. Көзді ашып-жұмғанша бір жылымыз да өте шықты. Кеше ғана өткен жылға өкпемді айтып, блог жазып отыр едім. Ол күндер де алыс қалды. Биылғы жылғы кесексөзді бастау "бақыты" маған бұйырған екен. Жылдағы дәстүрді жаңғыртып, осы жылға қорытынды жасап өтейік.
Бір жылды түйіндеп, бастан өткен естеліктерді ойға оралту оңай емес. Бұл блогты жазар алдында мен де біраз ойландым. Әр нәрсе еске түседі. Қайсы бірін жазасың. Қысқаша ғана қорытынды болсын. Ең бастысы жаңа кесексөзді бастап алайық.
1. Жыл жаңалығы: Биылғы жылы сәті түсіп Түркияның Анкара қаласындағы Гази университетінде оқып қайттым. Ол жаққа академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша он студент бардық.
2. Жыл жетістігі: Түркияға бір ауыз түрікше білмей барып, бес айда біраз тіл сындырып қайттық. Şu anda biraz türkçe konuşabiliyorum, anliyorum) Шет елге шыққаннан кейін таным-түсінік, көзқарас, бәрі де өзгереді екен. Бес айда мен өзім үшін көп нәрсе алдым. Менің ең басты жетістігім - шет елдегі өмір маған қазақты шын сүюді үйретті... Кейде мен өз сапарымды "Қазақты сүю" деп атағым келеді. Бәлкім, ұлтқа деген сезіміңді сынау керек болса шет елге шығу керек шығар. Елге келген кезде қарапайым көшедегі қазақты көріп "Әр қазақ - менің Жалғызым" деп құшақтағым келіп кетті)
Ал, енді байқау-жарыстардан алған жүлделерді жетістік деп санасақ, биылғы Шығармашыл жастардың «Шабыт» халықаралық фестивалінде лауреат атандым. Бұл да болса біз үшін аздаған демеу, кішігірім қолдау екені анық.
3. Жыл сыйлығы: Анкарада бір түрік қызымен жақын араластым. Оның аты қазақша "Сыйлық" деген мағына береді. Ол қыз маған расында да әдемі естелік, жақсы "сыйлық" болды...
4. Жыл әсері: Түркияда жарты жылым өткеннен кейін көп естелігім сол жақпен байланысты. Түркияның тура он қаласына қыдырып, әдемі әсерлерді бастан өткіздім. Ол жақтың тамаша табиғаты әлі көз алдымда.
5. Жылдың үздік кітабы: Тынымбай Нұрмағанбетовтің "Ауғандық құстар" кітабы, Әбіш Кекілбаевтің "Бәйгеторы" повесі, Сафуан Шаймерденовтің "Иттің ашуы" повесі.
6. Жылдың үздік киносы: Есениннің 11 сериялы киносы.
7. Жылдың үздік әні: Түрікше әндерге ғашық боп қайттым. Олардың музыкасында ерекше бір мұң бардай. Тыңдаған сайын өзіне тарта түседі. Вконтактемнің бәрін түрікше әнге толтырып алдым) Әсіресе, Nilufer атты әншінің Cok Uzaklarda деген әнін тыңдаудан жалықпаймын. Сосын маған соңғы кездерде өзіміздің Ерден деген әншінің әндері ұнап жүр.
8. Жылдың үздік әртісі: білмеймін
9. Сәтсіздік: "Өкінетін Мәжнүн деп пе ең, не, мені. Сәтсіздікке кез келген". Е.Р.
10. Жыл оқиғасы: Дәл қазір қай оқиғаммен бөлісерімді білмей отырмын.
11. Өкініш: Әмірхан аға (Балқыбек) дүниеден озған кезде Түркияда болатынмын. Қаралы хабар қабырғамызды қайыстырып кетті. Ұшарға қанат болмай, іштен қанжылап қалдық. Ол кісімен бірге жүрген күндер әлі де көкірегімізде сайрап жатыр. Сене алмаймыз... Сенгіміз келмейді...
12. Өзгеріс: Жиі ғашық болушы едім. Бірақ бұл жолғы сезім өзгеше секілді... Қазір мен де біреуді ойлаймын, сағынамын...
13. Танысу: Биыл да біраз адамдармен танысып, достарымның қатарын көбейттім.
14. Жыл блогері: Жақында ғана сайтымызда үздік блогшылар арасында байқау өткен болатын. Мен сол кезде Әсел Құрман атты блогшыға дауыс берген едім. Қазір де "Жыл блогшысы" атағына Әселді ұсынамын.
15. Жылдың үздік сайты: Біз жәман өзімшілміз ғой) Массагетті атаймын тағы да. Біздің сайттан артығы жоқ қой, иа?
Шынымды айтамын деп сырымды айтып қойдым ба? Осымен тоқтайық. Эстафета таяқшасын Нұршат Әлімқызы мен Қарлыға Бүйенбайға беремін.
Сурет: buhgalteria.ru