Ғаламтор саудасы: Халықаралық пошта мен курьерлік қызметтер
блог
Халықаралық пошта мен курьерлік қызметтер
eBay аукционынан сатып алған затты үйіңізге жеткізудің, шындап келгенде, екі-ақ жолы бар десем қателеспеспін. Біріншісі – мемлекеттік пошталар (USPS, Royal Mail, Deutsche Post, Почта России, т.б.), екіншісі – халықаралық курьерлік қызметтер (DHL, FedEx, TNT, UPS, т.б.). Бұлардың әрқайсысының өзіне тән артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Мемлекеттік пошталардың бағалары біршама арзан, алайда жіберілімді жеткізу мерзімі ұзақ. Курьерлік қызметтер затыңызды өте тез жеткізгенмен, тарифтері әлдеқайда жоғары. Мемлекеттік поштаның ең арзан түрімен жіберілген заттың жолда жоғалып кету қауіпі бар, ал курьерлік қызметтерде мұндай келеңсіз жағдай ешқашан кездеспейді деуге болады. Мемлекеттік пошта кеден шараларына сыйақы талап етпейді, ал курьерлік қызметтердің кеден брокерінің құжат толғырғаны үшін алатын ақысын клиенттен өндіріп алатын жаман әдеттері бар. Пошталар мемлекет иелігінде, ал курьерлік қызметтердің бәрі жекеменшік. Жоғарыда айтылып кеткен екі әдістен дараланып тұрған тағы бір пошта қызметі туралы айта кетпесек болмайды. Онымыз Дүниежүзілік Пошта Одағынының EMS (Express Mail Service) жіберілімдерді жедел жеткізу қызметі. Өзіміздің Қазпочта да бұл жүйенің мүшелігіне кіріп, EMS-Kazpost арқылы қызмет көрсетеді. Жылда тәуелсіз халықаралық аудиторлар EMS-тің әр елдегі қызметін тексеріп, сапасын қадағалап отырады. Шетелден зат алып жүрген таныстарымнан сұрастырғанымда EMS туралы пікірлері тәуір болып шықты.
Сатушы тауарды жоғарыда көрсетілген қызметтердің бірі арқылы салғаннан соң жіберілімнің жүру жолын қадағалап отыруға мүмкіндік беретін tracking number дейтін нөмір береді. Оны кейде label немесе receipt number деп те атайды. Бұл нөмірді пошта қызметінің арнайы бетінде енгізіп, жіберілім қай жерге жеткенін күндегісін күнде тексеріп отыруға болады. Бірақ жіберілімдердің ең арзан түрлеріне tracking number берілмейді, берілсе де ол арқылы тек жіберілімнің шықан-шықпағандығын ғана анықтауға болады. Әрі жіберілімнің арзан түрлері сақтандырылмайтынын да ұмытпаған жөн, яғни затыңыз жолда бүлініп қалса немесе жоғалып кетсе, пошта қызметі оның құнын сізге өтемейді. Өзім танитын тәжірибелі сатып алушылардың барлығы бір ауыздан жіберілімді сақтандыруға ақша аямау керектігін басып-басып айтты.
Кез-келген пошта мен курьер қызметінің затты жеткізіп бергені үшін алатын сыйақысы жіберілімнің салмағы мен өлшеміне байланысты. Сыйақы мөлшерлерін өздерінің сайттарынан көріп алуымызға болады. Пошта қызметтерінің бәрінің дерлік жіберілімнің салмағы, өлшемі мен жеткізу жеделдігіне қарай жол ақысын есептеп беретін онлайн-калькуляторлары да бар. Өте ыңғайлы. Әрі сатушы ашкөзденіп, пошта ақысын артық айтқанда өтірігін шығаруға көмектесетін таптырмас құрал. Әдетте калькуляторларға жіберілімнің өлшем бірліктері грамм мен сантиметр емес, фунт пен дюйм түрінде енгізілу керек. Өлшем бірліктерін өзара аустырудың шағын кестесін келтірейін:
1 фунт (pound, lb) = 453,6 грамм
1 унция (ounce, oz) = 28,35 грамм
1 фунт = 16 унция
1 дюйм (inch) = 2,54 см
Енді жоғарыда атап өткен мемлекеттік пошта мен халықаралық курьерлік қызметтер сайттарына сілтемелер келтірейін. Дүниежүзі бойынша курьерлік қызмет көрсететін ірілі-ұсақты фирмалар өте көп, алайда ең негізгілері осылар.
United States Postal Service (USPS)
АҚШ-тың пошта қызметі
Ресми сайты | Калькулятор | Жіберілімді қадағалау
Royal Mail
Ұлыбритания пошта қызметі
Ресми сайты | Калькулятор | Жіберілімді қадағалау
Deutsche Post
Германияның пошта қызметі
Ресми сайты | Калькулятор | Жіберілімді қадағалау
Почта России
Ресей Федерациясының поштасы
Ресми сайты | Калькулятор | Жіберілімді қадағалау
Express Mail Service (EMS)
Жіберілімдерді жедел жеткізу қызметі
Мұндай калькуляторларды EMS-ке кірген барлық елдердің пошта сайттарынан табуға болады. Жіберілімді tracking number арқылы қадағалауды да сол сайттарда жасай аласыз. Мысалы, затыңызды АҚШ-тан Қазақстанға жеткенше USPS сайтынан бақылап отырсаңыз, шекарамыздан өткен соң Қазпочта сайтынан іздеуіңіз керек.
DHL
Ресми сайты | Қазақстандық беті | Калькулятор | Жіберілімді қадағалау
Federal Express (FedEx)
Ресми сайты | Қазақстандық беті | Калькулятор | Жіберілімді қадағалау
TNT
Ресми сайты | Қазақстандық беті | Калькулятор | Жіберілімді қадағалау
United Parcel Service of America (UPS)
Ресми сайты | Қазақстандық беті | Калькулятор | Жіберілімді қадағалау
Біз негізінен eBay-дың америкадағы филиалымен жұмыс істейін деп отырғандықтан, USPS пошта қызметінің жіберілім түрлеріне қысқаша тоқтала кетейік.
USPS First-Class Mail International
Арзан болғанмен, жеткізу мерзімі ұзақ (20-45 күн). Жіберілімді сақтандыру мүмкіндігі жоқ. Пошта бөлімшеңізге дейін жеткізеді, одан өзіңіз барып аласыз. Коды L немесе R әріпінен басталады (мысалы, LJ123456789US). Код берілгенмен, ол арқылы затыңыздың жолын бақылап отыра алмайсыз. Код көмегімен тек қашан және қайдан жіберілген күнін ғана анықтауға болады. Жіберілімге қойылатын шектеулер: салмағы 4 фунттан, ал ұзындығы 24 дюймнан және ұзындығы, ені, биіктігінің қосындысы 36 дюймнан аспау керек. Сақтандыру мен қадағалау мүмкіндіктері жоқ болғандықтан бұл әдісті қымбат зат әкелуге пайдаланбаған жөн.
USPS Priority Mail International
Жіберілімді пошта бөлімшеңізге шамамен 15-35 күнде жеткізіп береді. Міндетті түрде сақтандыруды талап етпейді, бірақ жіберілімді өз еркіңізбен кесте бойынша 5000 долларға дейінгі сомаға сақтандыруыңызға болады ($50 дейін - $2,45, $100 дейін - $3,40, $200 дейін - $4,75, т.с.с.). Коды C әріпінен басталады (мысалы, CP123456789US). Код бойынша қадағалау мүмкіндігі жіберілімнің түріне байланысты:
Priority Mail International – қадағаланады;
Priority Mail International Large Flat-Rate Box – қадағаланады;
Priority Mail International Regular/Medium Flat-Rate Boxes – қадағаланады;
Priority Mail International Small Flat-Rate Box – жоқ;
Priority Mail International Small Flat-Rate Envelope – жоқ.
Жіберілімге қойылатын шектеулер: салмағы 44 фунттан, ал ұзындығы 42 дюймнан және ұзындығы, 2 ені, 2 биіктігінің қосындысы 79 дюймнан аспау керек. Америкадан зат алғызып жүрген таныстарым осы әдісті жиі таңдайтын көрінеді.
USPS Express Mail International
Жоғарыда айтылған EMS-тің нағыз өзі. Жіберілімді курьер үйіңізге алып келіп, қолыңызға тапсырады. Мерзімі 7-20 күн. Жіберілімдердің барлығы міндетті түрде 100 долларға сақтандырылады. Сақтандыру бағасы пошта сыйақысының ішіне кіреді. Қалауыңызша сақтандыру сомасын арттыруға болады ($200 дейін - $0,75, $500 дейін - $2,15, т.с.с.). Жіберілімнің жолын қадағалау коды E әріпінен басталады (мысалы, EG123456789US). Жіберілімге қойылатын шектеулер: салмағы 66 фунттан, ал ұзындығы 36 дюймнан және ұзындығы, 2 ені, 2 биіктігінің қосындысы 79 дюймнан аспау керек. Өзіме ең ұнап тұрғаны осы әдіс - сенімділігі мен жылдамдығы бағасына сай.
USPS Global Express Guaranteed (GXG)
Бұл әдісті қолданғанда затыңыз 3-5 күнде қолыңызға тиеді. Әкелумен FedEx курьерлік қызметі айналысады. Жіберілім $100-ға сақтандырылады. Сақтандыру сомасын $2499-ге дейін көбейтуге болады ($200 дейін $1, $300 дейін - $2, т.с.с.). Қадағалау нөмірі әріптері жоқ он таңбалы сан. Жіберілімге қойылатын шектеулер: салмағы 70 фунттан, ал ұзындығы 46 дюймнан және ұзындығы, 2 ені, 2 биіктігінің қосындысы 108 дюймнан аспау керек. Бұл USPS жіберілім түрлерінің ең қымбаты.
Келесі жазбада eBay аукционында зат таңдау мен сенімді сатушы іздеудің негізгі жолдарын қарастырмақшымын.
Жалғасы: eBay аукционынан зат алу (әлі жарияланбады)
Алдыңғысы: eBay аукционында тіркелу