Жансаяның Әлем чемпионатында жеткен жетістігін ести сала жолығып, әңгімелесудің ретін күтіп, біраз жүрдім. Бүгін асығып-аптығып колледжіме арнайы барып кездесудің сәті түсті. Абыр-сабыр басылсын деп жүрген едім. Шынын айтсам, осынша салмақты, ұяң қыз деп ойламаппын. Көзі тура жалын атып, лапылдап тұр. Бұйырса, алдағы уақытта "Жансая Балтабекова" деген есімді бокс әлемінде жиі естиміз деп ойлаймын.
Отбасымда 4 баламыз-деп күлімдеп бастады әңгімесін Жансая. Мен үшіншісімін. Төртеуі де қыз. Үлкен әпкем бірге тұрады. Екіншісі тұрмыста. Менен кейінгі сіңілім мектепте оқиды. Мен Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша курс студентімін. Жасым 18-де. Бокспен айналысқаныма 5 жыл болды. 13 жасымнан бастадым. Ата-анам қарсы болған жоқ. Боксты таңдауыма маған ең бірінші жаттықтырушым әсер етті. Бірінші күні келгенде ол мені жақсы қабылдады. Және бәрін түсінікті түсіндіреді. Адамға көңіл аудара біледі және адамдармен жақсы араласады. Сол үшін ұнады деп ойлаймын бірінші келгенде. Ең үлкен себеп сол кісі болды.
Тренері мен жаттығу жасайтын залы туралы да қысқаша айтып өтті...
- Ең алғашқы тренерім ол – Петр Булко. Сол кісіде 3 жыл жаттықтым. 3 жылдан соң біздің Красный Яр селосындағы №2 мектебінде айналыстым. Бірақ біздің залда ешкім қалмағандықтан мен жалғыз қалып қойдым. Бір ай жалғыз жаттығу жасадым. Содан соң ол кісі көрді, жалғыз мен көтеріле алмаймын, ары қарай даму керек маған, сол үшін мені Жақсы ауданына аударды. Сол жерде Т.А. Уалиев атындағы спорт мектебі бар. Қазір сол мектептің атынан шығамын. Бірақ оқуым Көкшетауда.
Жансаяның бір ерекшелігі, үлгі тұтар тұлғалары шет елдің жұлдыздары емес, өз елінің үздіктері екен..
- Маған көбінесе шет елдің кумирлары ұнамайды. Алдымен өзіміздіклерді қараймын. Маған қыздардың арасынан Алуа Балқыбекова деген боксшы қыз бар. Ол 48кг салмақта шығады. Тараз қаласынан. Сол қыздың бокстасу стилі ұнайды. Қалай қозғалады, қолын қалай ұстайды, өзін рингке шыққанда мінезін қалай көрсетеді бәрі ұнайды маған. Әдемі көрінеді. Қазір ол әйелдер арасында шығады. Және Ол өз салмағындағы ҚР чемпионы. Ал ерлер арасынан Данияр Елеусінов ұнайды, ол- Олимпиада чемпионы. Генадий Головкин ұнайды.оны енді бәрі ұнатады. Стилі әдемі. Назым Қызайбайдың стилі сәл басқашалау. Маған аса келмейді. Көбінесе Алуаға тартып тұрады.
Чемпион мектепте жақсы оқыған, және сол кезден бастап боксты қатар алып жүре алды. Қазір де бәріне үлгереді.
- Мектепте 8 сыныптан бастадым боксты. Оған дейін мен тып-тыныш қыз болатынмын(күлді). Бірақ сабақ оқу жағым сол күйінде қалды. Боксты бастағаннан бұрын да жақсы оқыдым, кейін де 4 пен 5-ке оқып бітірдім. Колледждегі оқуым да жақсы.
Өзіңнің алғашқы жетістіктерің туралы айтып берсең?- деп сұрағанымда көзі жайнап шыға келді. Сірә, алғашқы жеңістің дәмі тәтті болған-ау, қуана жауап берді ))
- Алғашқы жетістігім 2013 жылы желтоқсан айында болды. Тәуелсіздік қарсаңында Жақсы ауданында өткен жарыс - ең алғашқы жарысым, онда 1 орын алдым. 13 жастан асқан кезім болатын. Одан кейін көп жарыстар ел ішінде болды. Ең алғаш рет шет елдегі жарысым Словакияда өтті. Ол осы 2017 жылы болды. Ол жерде 1 орын алдым. Одан соң Сербияда 3 орын иелендім. Содан кейін Әлем чемпионатына бардым.
Енді Жансая жастар емес, әйелдер арасында жекпе-жекке шығатын болады. Осы жолы ересектерге ауысты. Бұл да бір үлкен жауапкершілік. Өткен қателіктерді жөндейтін уақыт.
- Қазір мен демалып жүрмін. Енді бір, екі күн ішінде жаттығуды бастаймын. Қаңтар айында Сербияда Халықаралық турнир болады. Сол жерге дайындалып жүрмін. Ол жерде мен әйелдер арасында шығамын. Осы жолы ауыстым.
Боксқа келмесе бәлкім, әнші болып та кетер ме еді? Бірақ, бокс оның мінезіне келеді:
- Бокстан бұрын ән айтатынмын. Бірақ басқа спорт түрлерімен айналыспаймын. Әнді одан әрі дамыта алмаймын. Себебі, бокс дауысқа әсер етеді. Даусым өзгеріп жатыр.
Ары қарай сұхбатты оқып, Жансаямен жақынырақ танысыңыздар :)
- Осы жолғы чемпионат менің алғашқы чемпионатым болды. Әлем чемпионатына бірінші рет қатыстым. Қиын болды. Жаңа нәрселер көрдім. Қалай өтетінін, бәрін. Ештеңе де оңай болмайды бұл өмірде. 4 жекпе-жек өткіздім. Үшеуін жеңіп, біреуінен ұтылып қалдым.
Олимпиада ойындары... Әр спортшының арманы ғой, шіркін
- Иә, әрине. Ол әр спортшының арманы – Олимпиада ойындары. Өйткені, спортшылардың арасындағы ең үлкен жетістік олимпиадаға қатысу деп ойлаймын. Орын алу ғана емес, қатысу да жетістік спортышларға. Үлкен дәреже. Менің де арманым олимпиадаға бару.
Сен үшін бақыт деген не?
- Мен үшін бақыт деген ең бірінші ата-анамның денсаулығы. Қасымда жүргендері. Және де спортшының бақыты ол - Олимпиада.
Қатты қиналып, «Болды мен бокстан кетем» деген кездер бола ма?- деп сұраған едім, бірден былай деді:
- Қатты қиналған кездерім болды, бірақ "боксты тастаймын" деген ойлар менде болған жоқ.
Гувахати қаласы жалпы, Үндістанның аурасы Жансаяға аса ұнамапты. Біздің елге жетпейді екен деп кесіп айтты. Бірақ, Ресей мен Украина, Қытай секілді елдерде қыздар арасындағы бокс жақсы дамып кеткеен деген пікірде.
- Қыздар арасындағы бокс елімізде жақсы дамып келе жатыр. Қолдау жағынан да, спонсорлық жағынан да мемлекет жақсы қаржы бөледі. Өздері киім, форма бәрін береді. Біз қалтамыздан еш ақша шығармаймыз. Біздікі тек жаттығу жасап, қатысып, ел үмітін ақтау, орын иелену. Индияға барғанда керісінше дамымаған. Көп жер лас, шаң-тозаң. Бізідің мемлекетте олай емес. Керісінше әлдеқайда дамыған. Ал Ресей, Украинаға барған кезде ол жақтарда дамыған, Қытайда дамыған. Біз барғанда барлығы өзгеше. Отельдері, жатын орындары біздікіне ұқсамайды, бәрі басқаша. Басқаша көзқарас.
Енді, бізде бір стереотип бар қалыптасып қалған «Қыздарға бокс не үшін керек?» деген, сол көзқарасқа қалай қарайсың?
- Негізінде керек емес. Бірақ, егер ол қыздарға ұнаса, барғысы келсе болады айналысуға. Тек оны сыртқа қолданбау керек. Жәй ғана жаттығу кезінде қолданып, сыртқа шыққанда өз қалпыңа түсесің.
Ең бірінші жанкүйерің кім?
- Әрине, ата-анам. Одан соң бапкерім. Ең алғашқы жанкүйерлерім осылар.
Тәуелсіздік күніне өзіңнің тілегіңді айтып, қорытындыласақ?
Барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!Елге тілерім: тыныштық болсын, Отанды сүйе білу керек, қадірлей білу керек. Барға Тәубе деп айтамын. Рахмет!
Арнайы Массагет үшін...!