Бір-ақ күнде
жеке
блог

Бір-ақ күнде

  Түс ауа компьютер үстеліне телміре қарап, кодировка( мәтін енгізу) жазып жатқан кезім. Бір кезде “31 арна” тілшісі, “сөздің шыны керек” бағдарламасының тізгін ұстары Ирина Советжанқызы: Айғаным, қазір бір түсірілімге барғың келмей ме? Боссың ба ?,-деді баяу үнмен. Шынымды айтсам, тәжірибеге келгелі: бар арманым түсірілімге шығу болғандықтан, кодировка мәтінін кейін келіп жазармын деп ойлап:иә, боспын,-дедім іштей қуанған кейіпте. Ирина апай мән-жайды қысқа қайыра түсіндіріп, кімнен қандай пікір алуды айтты. Жадымды: бірінші түсірілім, Айғаным бірінші рет қолыңа микрофонды аласың деген ойлар ғана қармап алды. Қатты қуандым, шынайы қуандым. Оның үстіне:сонау бала кезден сүйіп қараған, тамсана қараған тілші Ирина Советжанқызының жеке бағдарламасының түсірілімі. Әсілі, осы арнада жүргенімде менің тәжірибе жөніндегі жетекшім бірегей журналист Ерғанат Көпжасар болған еді. Ол кісінің жетекшілігіндегі тапсырмалары өз алдына бір төбе. Бірге түсірілімге шығып, өзінің журналистикадағы бар білімімен бөліскен. Үнемі іштей қуану мен алғыс айтудың, ара-тұра уайым мен үрейдің арасында құбылмалы күйде жүрдім.

  Сөйтіп, түсірілімге шығатын уақыт таяп, сырттан өз операторым мен жүргізуші ағайды іздедім. Жол бойы: қатты уайымдап келе жатқанымды жеткіздім. Менің 2-курс студенті екенімді, алғашқы түсірілімім екенін біліп: өздері-ақ нұсқау береміз деп, сол үшін алаңдамауымды айтты. Әй,қайдам. Бұны Айғанымның санасы тыңдай қоймады. Алаңдау инстинкті одан бетер ұлғая берді, ұлғая берді. Ендігі уайымдаудың салдары дереу қысылатын жайтқа алып келді. Әлі, әлі сұрап қоямын: қашан жетеміз ,-деп. Ақыры жете салысымен үйге кіріп, амандықтан кейін сұрағаным: дәрәтхана қайда? деген сөз болды…
 Ал, енді қандай түсірілімге келгенімді баяндайын. Ирина Советжанқызың жуырда ашылған “Көмектесейік” бағдарламасының түсірілімі еді. Алдыңғы шығарылымында бір жапырақ бөлмеде 8 жыл тұрған көпбалалы отбасыға осы бағдарлама негізінде үй алып берген екен. Сол үйдің бүгін шымылдығы ашылатын күн. Ең сорақысы: үйге кіргендегі қуанышын балалары анасының көзінсіз көрмек. 8 жыл алма-кезек обамен ауыратын анасына қараған бүлдіршіндердің үй алардан 1 апта бұрын аналары дүниеден өтеді. Қымтырылған жерде тұрып енді, зәулім үйге жеткенде не қуанарын, не жыларын білмей жүрген балақайлар мен марқұмның анасының пікірін алу керек. Осы үйдің алынуына себепші болған блогер Аяулым Жорабаева мен жолдасынан үй иелері келгенше сұқбат алдым. Шынымды айтайын, қолымда микрофон болып, жаңағы мәселелерді ұмытып та кеттім. Балалар мер әжелері келісімен жиналған адамдар құттықтап бастады. Балаларының көзінде мұң. Әжелері тіпті көз жасын тыя алмады. Оператор ағай: Айғаным, тездет. Арнаға қайту керек,-деп ескертті. Төрде отырған марқұмның әжесіне қалай сөз бастап айтуды білмей, абдырадым. Ақыры: Сәлеметсіз бе! Мен 31 арна тілшісімін,-деп өзімді таныстырып. Пікіріңіз керек еді, дедім.
 -рақмет айтуым керек пе,- деді сұстана қарап… 

Сұқбатта микрофонды ұстай отырып, өзім де көз жасымды тыя алмадым. Мамандығыңнан адамдығың биік болсын деген сөз миымнан кетпеді. Өйткені, адами тұрғыда әрекетімнің дұрыс емес екенін анық білген едім. Бірақ, амал нешік. Бұл да менің жұмысым екенін түсінемін ғой. Біртүрлі құлазыған кейіпте арнаға бардық. Ирина апайға өзімнің жай-күйімді айтуды жөн көріп, көңіл-күйіммен бөлістім. Бастапқыда мені 4-курс студенті, түсірілім бойынша тәжірибесі бар деп ойлаған екен. Сенің бірінші түсірілімің былай тартсаң арба сынатын, былай тартсаң өгіз өлетіндей оқиға болған екен. Дегенмен, бұл да бір сенің  тәжірибеңнің артуына сеп болады. Осы салада жүруді қаласаң, бұндай ситуацияларға (оқиғаларға) моральдық тұрғыда дайын болғаның абзал,-деп өзінің де осы тектес жағдайлардың талайын басынан өткергенін айтты. Сонда мынадай түйінге келдім: журналистика ол-ақпарат бола тұра, қандай ақпарат деген сұраққа да жауап беретіні мәлім. Бұл салада бейтарап болу маңызды болса да, кей жағдайларға адамдық тұрғысынан қараған да жөнді болмақ. Бір ғана адамның ситуациясына қарап қалмай, көпшіліктің білуі керек дүниелері бар екенін ескеру керек. Ал, бұл күн осы мәселелерді нақ ұқтырған еді. Универ қабырғасында оқытушы Жидегүл Әбдіжаділқызының айтқан “тележурналистика- адам өмірімен шексіз байланысты әрі “шектен тыс әсерлі”  деген сөздерінің мәнін осы түсірілімнен кейін жете түсінгенімді білемін. Бір-ақ күннің көп нәрсеге жаңаша қарауға әсер еткені-мен үшін ғасырдан да ұзақ күн болған еді. 

ҚазҰУ студенті.