Жұлдыз жорамалына сенген жігіт

14 шілде күні Meloman компаниясының ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы Мега Парк орталығындағы Chalplin Сinemas кинотеатрында ресейлік «Бақыт жұлдыз жорамалы» (Гороскоп на удачу) фильмінің жабық көрсетілімі өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Фильм комедия, мелодрама жанрында түсірілген. Оған жетекшілік еткен – Арман Геворгян. Актерлік құрамға Дмитрий Хрусталев, Ресейде әйгілі «Comedy club» шоуының қатысушылары: Тимур Батрутдинов, Гоша Куценко, Дмитрий Нагиев, Анна Чиповская, Светлана Ходченкова сынды актерлер кіреді.

Фильмнің сюжеті бойынша, басты рөлдегі Максим (Дмитрий Хрусталев) қорқынышты астролог (Дмитрий Нагиев) дайындаған жұлдыз жорамал бойынша өмір сүруге бел буады. Кеңседе маркетолог болып жұмыс істейтін Максимнің өмірі қызықсыз, мәнсіз әрі өте қиын. Алайда жұлдыз жорамалдың көмегімен ол сүйгеніне қосылады, жұмыста да табысты болады. Алайда мұндай бақытты көре алмайтын жаулар табылады. Олар Максимнің жорамалын өзгертіп жібереді.

Комедия жанры ретінде фильм осалдау шыққан. Әрине күлкілі сәттер жоқ емес, алайда сатираның орынды, орынсыз жерлері болады. Мұны сценаристер ұтымды пайдалана алды ма? Бұл сұраққа әр көрермен әрқалай жауап береді.

Егер сюжет бірде өте тез дамып отырса, бір мезетте кенеттен баяулап кетеді.

Мелодрама ретінде де фильмнің сценарийінің ойластырылмаған жерлері болды. Ал басты рөлдегі актерлер туралы айтатын болсақ, екі арудың образы ұтымды болса, басты рөлдегі Максимнің образы ашылмады деуге болады.

Фильмнің идеясы бойынша, Максим – жолы болмайтын, жуас, момын адам. Ал Дмитрий Хрусталев өзін бұл «квадратқа» сыйдыра алмады.

Сонымен қатар фильмде бірнеше логикаға кереғар сәттер де бар. Соның бірі, Максимнің жылан шаққаннан кейін бір дәрігерге түсіп, бірнеше минуттан кейін үйіне қайтуы. Дәрігердің айтуынша, удың әсерінен Максимге түрлі нәрселер елестеп, мазасын алуы мүмкін. Алайда емханаға жатқызудың орнына дәрігер оны үйіне жібереді. Содан соң аяғына садақ атып алған соң Максим қайтадан сол дәрігерге түседі.

Жалпы көрерменнің көзімен қарайтын болсақ, фильм шұғыл түсірілгендей әсер қалдырады. Алайда идеясы қызық әрі жаңа.

Фильмнің трейлері (орыс тілінде):

Фильмді 18 жасқа толған азаматтар ғана көре алады. Жаппай көрсетілімі 16 шілдеден басталады.