Пыштанай батырдың жезтырнақпен айқасы туралы естідіңіз бе?
жеке
блог

Пыштанай батырдың жезтырнақпен айқасы туралы естідіңіз бе?

Кіші жүздің даңқты батыры Әбілхайыр ханның ту ұстаушысы болған Пыштанай Ерқосайұлы туралы деректер айтылып та жазылып та жүр. Жақында батыр ұрпақтарымен әңгімелесіп отырып қызықты оқиғаны естідім.

Пыштанай батырдың есімі аталғанда ең бірінші ойға оралатыны – жезтырнақ. Ел аузында сақталған аңызға сәйкес, «Аңырақай шайқасы» жеңіспен аяқталған соң Пыштанай батыр елге жалғыз қайтып келе жатады. Жолда аң атып, қалың орманның шетінде аңның етін отқа қақтап отырады. Осы кезде орман жақтан денелі үлкен кісі үн-түнсіз от басында отырған Пыштанай батырға қарама-қарсы келіп отырады. Отқа қақталып, піскен етті батыр әлгі кісіге ұсынады. Қара қойдың терісінен тігілген тонды айналдырып киген әлгі адам етті алмай, басын шайқайды. Көп аялдамай, орнынан тұрып, келген жағына кетіп қалады. Пыштанай бұл кісінің жезтырнақ екенін білген екен. Себебі, ол батыр ұсынған етті қолымен алмады, саусақтарын көрсеткісі келмеді. Үн-түнсіз кетіп қалады. Жезтырнақ көзден кеткен соң Пыштанай қорғанудың амалына кіріседі. Үлкен томарды алып, оның үстіне сырт киімін жабады, бас жағына бас киімін кигізеді. Ал өзі оқ жететін жердегі бір ағаштың тасасына тығылады. Түн ортасы болғанда бағанағы дәу келіп, томарды қапсыра құшақтап, қос қолымен бүріп, тырнағын батырады. Осы кезде аңдып отырған Пыштанай жезтырнақты атып өлтіреді де, қос қолын кесіп алады. Сол тырнақ бүгінде ұрпақтарының қолында сақтаулы. Батыр мұрасын зерттеп жүрген жандардың бірі Ибраймбек Төлегенұлының айтуынша бүгінде сақтаулы жезтырнақтың бір тырнағынан бөлек басқа да тырнақтары ел арасында болуы мүмкін дейді.

«Көптеген тарихи деректер мен аңыз-әңгімелерде бабамыздың жезтырнақпен айқасы туралы айтылады. Бұл әрине шындық болуы да мүмкін. Десе де интернет материалдарын қарап отырып, жезтырнаққа ұқсас мақұлұқтардың басқа қауым, тайпаларда да болғанын естимін. Мүмкін бұл ертедегі жабайы адамдар ма деп те ойлаймын,- дейді.