1 миллион теңгелік грант алу үшін не істеу керек? Жаңа жоба
жеке
блог

1 миллион теңгелік грант алу үшін не істеу керек? Жаңа жоба

Жастарды елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық өміріне кеңінен тарту, жұмыспен қамту, сондай-ақ, әлеуметтік осал топтардағы жастарды қолдау мақсатында Қарағанды және Ұлытау облыстарының жастарына сомасы 1 миллион теңге көлеміндегі 63 жобасына қолдау көрсетіледі.

Мұндай мүмкіндікті «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі «Zhas project» жобасы аясында ұсынып отыр. Жоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ бірлесіп жасалуда.

Жобаға 18 және 28 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Ерекше басымдық жастардың осал топтарына берілмек. Атап айтқанда,

  • жұмыссыз тіркелген жастар;
  • аз қамтылған отбасыдан шыққан азаматтар;
  • жетімдер мен мүгедектер;
  • мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар;
  • «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері мен көпбалалы ата-аналар.

Өтінім беруші Қарағанды және Ұлытау облысы аумағында кемінде 3 ай тұрақты немесе уақытша тіркеуі болуы тиіс.

Байқауға өтінім беру 2022 жылдың 26 шілдесінен 10 тамызына дейін жүргізіледі.

Өтінімдерді қабылдау zhasproject-karaganda.kz сайты арқылы қабылданады. Гранттарды жүзеге асыру үшін 3 айға дейінгі көлемде уақыт беріледі.

Грант берілетін жобалар әлеуметтік маңызы бар, аймақты, ауылдар мен ауданды көркейтуге бағытталған болуы керек.

Жеңімпаздарға жобаларды іске асыруға жәрдемдесу үшін қажетті білімі мен тәжірибесі бар менторлар қолдау көрсетіп, арнайы оқыту өткізеді. Сондай-ақ, Қарағанды және Ұлытау облыстарының әр ауданында жоба үйлестірушілері бар. Жоба бойынша Қарағанды қаласында фронт-офис ашылып, колл-орталық жұмыс жасауда.

Қараша айында жобаларын сәтті жүргізген жеңімпаздардың қатысуымен Үздік тәжірибелер форумын өткізу жоспарлануда.