Қарапайым композитор

Қарапайым композитор
жеке
блог

 

Менің арманым орындалды. Неге дейсіздер ғой?!  Бірнеше жылдан бері армандап жүрген, қиялыммен сапар шегіп жүрген Түркістанға келдім. Мұндағы басты мақсат - Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде өтетін Журналистика мамандығы бойынша пән олимпиадасына қатысып, бағымызды сынау.

Түркістан халықаралық әуежайына келіп қонған бетте  бізді өте жүзі жылы орта жастағы кісі қарсы алды. Бір ерекшелігі бар екендігі маған бірден білінді. Сөйтіп жетекшім Шынар Ыдырышқызынан ол кісінің кім екенін сұрадым. Бекжігіт Кенжебекұлы оқу орнының профессоры ғана емес, дарынды композитор екен. Жетекшім оның әйгілі әнін де тыңдатты. «Мына әнді қатты жақсы көремін ғой!» дедім . Тойларда үнемі тыңдайтын «Жас жұбайлар» авторы осы кісі екен. Біз атақты туындыларды білеміз де, бірақ олардың авторлары туралы ақпаратқа қызықпайды екенбіз. Бұдан бөлек, «Неге,неге», «Аман жүрші ауылдың адамдары», «Түркістаным-Тұраным» және өзге де көптеген музыкалық шығармаларды жазған кісі қалай мұнша қарапайым екендігіне таңқалдым. «Сендерге әрдайым орын бар, Ақ отау төріне қоныңдар. Ақ тілек батамыз міне екен, Бақытты болыңдар, болыңдар». Бұл музыкалық туындыдан сондай бір адамзатқа деген сүйіспеншілікке толы жанның тілегін байқадым. Тілек қана емес, қазақ жұбайларының гимне айналғандай.

 Бекжігіт мырза шынымен де жақсы кісі екен. Олимпиаданың бірінші бөлімінде әділқазылар алқасы бейнесюжеттерді бағалаған сәтте қатысушылар арасында келіспеушіліктер болды. Сол кезде де ағайдың ақылдылығы мен сабырлығын байқап қалдым. Ол әділдікті сүйетін кісі.

Аға буын қандай болса арттан ілескен ұрпағы да сондай болатынына көзім жетті. Неге деп ойлап отырған боларсыз? Оған осы оқу ордасының студенттерінің ілтипаты себепші. Олар шараны ұйымдастырып, келген әрбір қатысушының тілін табуға тырысып-ақ жүр. Білімгерлер өз университтетерінің патриоты екендіктерін де көрсете білді. Ахмет Байтұрсынұлы атамыз айтқандай, «балам» дейтін жұрт болмаса, «жұртым» дейтін бала қайдан болсын?» Мінеки оқытушылары «студенттерім» деп, ал студенттер «университетім» деп барынша еңбектеніп жүр.

Сырт көз сыншы. Бір ғана Бекжігіт аға арқылы менің өзім қаншама ой топшыладым. Бес минут болса да дәрісін тыңдасам деген қиялға да  ерік бердім. Түрлі ойларға батқанымда, тіпті жаңа ғана оқу ордасына келе жатқанымда құлағыма Той жырының әдемі шумақтары қайта-қайта орала берді.

Сіздерге әрдайым орын бар

Ақ отау төріне қоныңдар

Ақ тілек батамыз мінекей,

Бақытты болыңдар, болыңдар!!!!!