Берік отбасы-есірткіден алыс!
жеке
блог

Берік отбасы-есірткіден алыс!

«Қызылорда ОПД   ЕҚҚІҚБ» тарапынан жарияланған сайысына

Берік отбасы-есірткіден алыс!

           Нашақорлық-қазіргі таңда қоғамға қауіп төндіріп отырған қатерлі індет.Есірткінің адам ағзасына да,денсаулығына да, келешегіне де тигізетін зардабы өте көп.Осы зиянды заттардың  кесірінен балғын  балалық шақтың балдай дәмін татып үлгермеген, аузынан ана сүті кетпеген, бозбалаларымыз бен бойжеткендеріміз зардап шегуде.  Есірткіні  ермегіне айналдырып, қызығушылық пен құмарлықтың құрбанына айналған қаншама отбасының іргесі ыдырап, шаңырағы шайқалғандығының талай куәсі болып жүрміз.

     Бұндай жәйттің орын алуына не себеп?... деген сансыз сұрақтар кейде санаңды мазалайды.  Өрімдей-өрімдей ұл-қыздарымыз болашақтарына балта шауып жатыр. Ата-анасы күйбек тірліктің қамымен бала тәрбиесіне кейде көңіл бөлуді де ұмытып кетіп жатады. Күнкөріс қамымен, тіпті, балаларының немен айналысып жүргенінен де бейхабар екендігі ащы шындық.

    Міне, осындай , қараусыз,қадағалаусыз қалған жасөспірім, еріккеннен ермек ететін нәрселерге үйір бола бастайды. Басында темекі шегуді әдетке айналдырады, одан бір сәттік көңіл көтерем деп нашаның дәмін татады. Байғұс балалар бұл әрекетке барардың алдында ,бұл заттың қаншалықты қауіптілігінен, қыршын ғұмырларының қиылып кететіндігінен мүлдем хабарсыз болуы да мүмкін.Осындай келеңсіз қадамға барып, өмірлерін өксікпен өткізіп жүрген өсіп келе жатқан ұрпағымыздың келешегін  ата-ана ойламаса, кім ойламақ?

    Саналы , сапалы ұрпақ тәрбиелеуіміз үшін балаларымыздың санасына адамгершілік ,кішіпейілділік, имандылық қасиеттерін дарыта білсек, нұр үстіне нұр болар еді.

       Отбасы-шағын мемлекет. Отбасының қабырғасы қақырамасын десек, тәрбие мықты болу керек.

    Желіккен жастарымыздың зейінін адамгершілікке, имандылыққа аударуымыз тиіс.Әр отбасында ата-ана перзентіне имандылық жайлы көп тәлім-тәрбие беру қажет.  Бос уақыттарын  кітап оқуға, түрлі спорттық үйірмелерге жұмсауға машықтандыруымыз керек.

    Телеарналарда танымдық бағдарламаларды көбірек көрсетіп, ұлтымыздың мақтанышына айналып отырған тұлғалар жайлы, олардың салған сара жолдары жайлы қызықты мәліметтер ұсынсақ, солар жүрген жолмен жүруге жол көрсетіп отырсақ, керемет көмек берер едік.

     Әке-асқар тау, ана жағасындағы бұлақ, бала –жағасындағы құрақ. Әке-шеше баланың болашағына алаңдап, берік отбасы болу үшін әдептілік жайлы ұрпағына осындай қауіпті заттардың нашаның, есірткінің залалын мейлінше терең түсіндіруі қажет. Сонда ғана перзенттеріміз дұрыс бағыт-бағдар алып тура жолмен жүруге талпынады.

    Мектептерде, жоғары оқу орындарында есірткіге қарсы акциялар, түрлі іс-шаралар өткізіліп, баяндамалар оқылып тұрса, жасөспірім содан сабақ алары сөзсіз. Сонымен қатар,  оқушыларды  әр түрлі іс шараларға қатыстырып, мектеп психологы тренингтер өткізіп отырса да  тым жақсы Мектеп оқушыларын имандылық жайлы түсіндіру үшін дін қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырылып кеңестер берілсе, салихалы сұхбат жүргізіп отырса соны тыңдап өскен жасөспірім жаман қасиеттерден бойын аулақ ұстауға тырысады.

    Балаларымыздың болашағы жарқын  болуы үшін ата-ана да  есірткінің зардабы  оның қоғамға тигізер қаупі жайлы көбірек үндеу жасауы қажет. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанды соны іледі»-деп данышпан бабалармыз бекер айтпаса керек.

   Олай болса,ел боламыз десек, бесігімізді түзейік  ағайын!

#ҚЗОПДЕҚҚІҚББАЙҚАУЫНА

Қызылорда облысы

Жаңақорған ауданы

 Қожакент ауылы

Оспановтар отбасы