«Мен саған есірткі жайлы айтып беремін»
жеке
блог

«Мен саған есірткі жайлы айтып беремін»

«Мен саған есірткі жайлы айтып беремін»
Эссе

Тыңда!

Мен саған есірткі жайлы айтып беремін.

     Сәл ғана уақытқа есіңнен тандырып, аз ғана уақытқа ләззат алуыңа себеп болатын кіп-кішкентай есірткі деген сұмның адамзат деген алпауыт күштің тағдырына қандай өзгерістер алып келетінін айтайын.
     Бұл есірткі сүттей ұйыған отбасының берекесін алып, отының сөнуіне, ошағының ойрандалуына, шаңырағының шайқалуына себеп болған.
  Бұл наша талай өрімдей жастың жастық кезеңінің шорт кесілуіне, армандағын ісіне, алға қойған мақсатына жете алмай, бордай егіліп, жүндей түтіліп, өмірінің тігістей сөгілуіне, бүлкілдеп тұрған тамырының тоқтауына әкеп соққан.
    Бұл кәззап тоғыз ай, он күн көтеріп, «Алла» деп сәбиін өмірге әкеліп, 62 тамырын иітіп, ақ сүтін беріп өсірген, болашағын бағамдап, келер күнге үміт отын жағып, «көзімнің нұры», өмірімнің жалғасы деп отырған анаға баласының өлі денесін құшақтатқан.
   Бұл уытқұмарлық талай жап-жас қыздың үйінен қашып, әкенің әлпештегенінен, ананың аялы алақанын бас тартқызып, әркімнің қолжаулығы болып, ардан аттауына, есінен адасып, ана болу арманын аяққа таптауына әкеп соққан.
  Бұл тажал талай арыстандай азаматтың ар-намыстан аттап, баласының жәудіреген жанарына тік қарай алмай, көзін жасырып, отбасын тастап, көрінген қоқысты паналап, қаңғыбас күй кешуіне себеп болған.
Бұл тозақ талай жап-жас әйелдің «қыраным, өмірлік серігім, адал жарым» деп жүрегінің кілтін ұстатқан жаннан таяқ жеп, көзі көгеріп, жүрегі тілініп, ел-жұртқа тіктеп қарай алмай, жастықты жалғыз жастанып жатуына себеп болған.
    Бұл сұмдық талай балаға жетімдіктің кермек дәмін таңдайына татырып, нашадан санасы сарқылып, миы уланып, уақытша ләззатқа алданған әкеден айырылып, асқар таусыз қалуына, бүкіл өмірін балаларыма арнаймын деп армандаған, бірақ онысын ұмытып, өмірін сергелдең еткен анадан айырылып, айдын сусыз қалуына себеп болған.
   Ия, досым, замандасым, бауырым, құрбым, отандасым, тектесім!


Талай адамның тағдырын талқандаған нашаның адам өміріне алып келетін зардабы осындай. Бұл- бір ұлттың ғана емес, тұтас адамзаттың жауы, дүние жүзін шарпып отырған жалын. Онымен күресу, оны болдырмау, оны өшіру- әр азаматтың міндеті!


#УПНДПКЗО#УПНДПКЗО#УПНДПКЗО

Бошай Аружан Бауыржанқызы
Қызылорда қаласы, «Болашақ» жоғары
медицина колледжінің ІІІ курс білім алушысы