Аты жоқ әңгіме - 2 (Байқау)
жеке
блог

Аты жоқ әңгіме - 2 (Байқау)

Аурухана. 

Жансақтау бөлімінде жатқан Мақпалдың есін білу-білмеуі бізге меймәлім. Дәліздегі орындықта ақ халат жамылған әлгіндегі өрт сөндіруші жігіт отыр. 

 - Жарығым-ау, Мақпалым! - деп Мақпалдың анасы дәліз бойымен жүгіріп келе жатты. Соңында келе жатқан әкесі сабырлылықпен:

 - Рақмет саған, - деп жігітке келді де, аз кідіріп, - сен оның досы ма едің? - деді. 

 - Мен - Дәулетпін, - деп өзінің бұл оқиғаға қалай тап болғанын баяндады. - Бәрі жақсы болады, уайымдамаңыздар.

Осылай секунттар сырғып, минуттар мызғымай, күндер кідірмей, түндер тоқтамай өтіп жатты. 

Қонақ бөлме. 

 - Ала қой, айналайын! - деп Мақпалдың анасы Дәулетке ас ұсынды.

 - Рақмет, апа, - деді де, Дәулет "апа" дегеніне ыңғайсызданып қалды.

 - Қаласаң, апа дей бер, - деп Мақпалдың анасы жылылық танытты.

Отағасы әйеліне "доғар" дегендей тамағын кенеді де, Дәулетке қарап:

 - Ауылдағы үйіміз - осы. Жайсыз оқиғадан соң Мақпал қалаға кетіп еді. Енді мұнда қалғысы келмейтіні анық. Қалаға барса, - деп тоқтап қалып әңгімесінің соңын жеп қойды. "Қалаға барса, өзің бас көз боларсың," - дегісі келген. Бірақ бұл әкенің дәрменсіздігі саналар еді. Намысын ойлап, үнсіз қалды.

 - Келемін десең, есігіміз саған әрдайым ашық, балам, - деп отанасы жылап қоя берді. 

 - Бәлені шақыра бермей, тый жасыңды, - деп асқар әке қойып қалды. Осымен сөз бітті.

Түнде Мақпал анасының құшағында ұйықтады. Түн ортасында есірткі іздеп, жынды адамдай аласұрды. 

 - Жаным, тынышталшы енді, - деп анасы қызының мұндай күйін көріп, жылап жіберді. 

 - Мама, кешірші мені, - деп Мақпал да жылады. - Енді не істеймін? - деп қайтадан жындана бастады.

 Бұлардың дауысын естіп, Дәулет те күйзелді. Мақпалды аяды. "Оны алда не күтіп тұр екен? " - деп ойланған Дәулет Мақпалды алда өзінің алапат сезімдері мен нашақордан өткен ессіз ғашықтық күтіп тұрғанын білмеген еді.