Ең үздік 5 повесть
жеке
блог

Ең үздік 5 повесть

Көптеген оқырмандарға кеңес, көпшілік қауымға ұсыныс, жастарды кітап оқуға баулу, қызықтыру мақсатында назарларыңызға ең үздік 5 повесті ұсынамын. Əдебиетте бұл повестердің алар орны ерекше. Оқыңыз, достарыңызбен бөлісіңіз!

1. Мұхтар Əуезов. "Қараш-қараш оқиғасы".
Қаламы қарымды жазушы əйгілі Əуезов атамыздың тырнақалды туындысына келер болсақ,мұнда бай мен кедей арасындағы қақтығыс, нақты айтқанда, байдың кедейді қанауы суреттеледі. Қысқаша мазмұнын айта кетсем, кедей Бақтығұл мен Тектіғұл есімді ағайындылар болады. Бақтығұлдың інісі Тектіғұл байдан өз ақысын сұрап барғаны үшін оны аяусыз сабайды. Тектіғұл бұдан соң қатты сырқаттанып, төсек тартып жатады. Өлерінде ағасы Бақтығұлға "кегім", "кегім", - деп бір сөзді қайталай береді. Қайтыс болған соң Бақтығұл інісінің кегін қайтармақ болады. Сəлмен байдың жылқысын ұрлайды. Ол үшін Сəлмен оны сабап кетеді. Бақтығұл көрші ауылдың байы Жарасбайға үміт артып, оған сенеді. Ал Жарасбай оны сатып кетіп, Сəлменмен бірігеді. Оған ызаланған Бақтығұл Жарасбайды тоқалын ұзатып əкеле жатқанда, алыстан көздеп атып, мерт қылады. Оқиғаның ақыры Бақтығұлдың қараңғы қапасқа отыруымен аяқталады. 

2. Мағжан Жұмабаев. "Шолпанның күнәсі".
Мағжан атамыздың бұл шығармасында Шолпан есімді əйел жайында жазады. 
Күйеуі Сəрсенбаймен жаңа қосылғанда, ол екеуінің арасын бұзады деп, балалы болуды қаламайды. Тəңірден күні-түні бала бермеуін тілейді. Ал уақыт өте келе, қайтадан балалы болғысы келеді. Бірақ, күйеуі бедеу болып шығады. Шолпан мұны біліп, қайнысы Əзімбаймен ойнас болады. Одан жүкті болғанмен, кейін бұл екеуі туралы ел біліп қояды. Шолпанды күйеуі аяусыз сабайды. Ал əйелдер шариғат бойынша деп оның үстіне қырық шелек мұздай су құяды. Ақырында, Шолпан көз жұмады.

3. Сайын Мұратбеков. "Жусан иісі".
Бұл повесть Ұлы Отан соғысы кезінде жазылған. Шығарма барысы сол кездегі Аян есімді жетім бала жайында. Аянның бала кезінде анасы қайтыс болып, əкесі соғысқа кетеді. Өзі əжесінің қолында қалады. Ол зерек əрі күшті, жігерлі болады. Өмірінде қанша қиындыққа кездессе де көзіне жас алмай, ешкімге сыр білдірмей жүреді. Əжесі қайтыс болғанда да жыламайды. Ол кезде Бапай қарттың үйінде тұрады. Бəрі де оны жетім деп басынады. Ал майданнан қара қағаз келгенде, ол балалар үйіне кетеді. 
Повестің "Жусан иісі" аталу себебі оның ағасының пəлтесінен жусанның иісі шығып тұрады. Аян ағасын сағынғанда, сол жусан иісі аңқыған пəлтені иіскеп жатады. Сонымен қатар, олар Жусантөбе деп аталатын төбеге жақын жерде тұрады. Тағы бір себебі де осы болуы ғажап емес. 

4. Джеймс Гринвуд. "Өгей бала". Қазақ əдебиетінің жауһарларымен қоса əлем əдебиетіне де тоқтала кетуді жөн санадым. Бұл хикаяттың бас кейіпкері - Джим. Анасынан ерте айырылған ол тағдырдың тұз татыған удай ащы дəмін бала кезінен татып көреді. Əкесі басқа əйелге үйленеді. Əкесін өгей шешесі Джимге қарсы айдап салып отырады. Джим өгей шешенің қысымы мен қатыгез əкесінің қорлығына шыдай алмай, үйінен қашып кетеді. Басқа да өзі секілді балалармен серік болады. Джим қанша адал болса да жоқшылық пен панасыздық оны жаман жолға түсіріп, қылмыс жасауға итермелейді. Ұрлық жасайды. Осылай Джимнің шарасыздықтан шырғалаңға түсіп, базарда жұмыс істеуі, ұрлық жасауы жайында жазылған повесті оқып көруге ұсынамын. 

5. Дулат Исабеков. "Гауһартас".
Бұл шығарманың да басқалар секілді қазақ əдебиетіндегі алар орны ерекше. Қысқаша мазмұны: Екі ағайынды болады. Олар - Ыбыш және Қайыркен. Ыбыш - тұйық, қатал, əкесіне ұқсаған үйдің тұңғышы. Ал Қайыркен - анасына ұқсаған, үйдің кенжесі. Бір күні Ыбыш үйленеді. Алайда ол əйеліне бейжай қарап, қатыгездік танытады. Əйелі Салтанат - əдемі, ақ көңіл, арманшыл, бəрімен тез тіл табысатын жан. Қайыркен екеуі де бір-біріне тез үйренісіп кетеді. Салтанаттың əн салатын өнері бар-ды. Ол "Гауһартасты" жиі орындайтын. Повесть сол себепті "Гауһартас" аталған. Əйткенмен де, Ыбыш оның қадірін білмей өтеді. Ақырында, Салтанат ауыр дертке шалдығып, өмірден озады. Бұл кезде оған қайнысы ғашық еді, ал күйеуі оның қадірін кеш түсінген.