Мен оқыған бір кітап
жеке
блог

Мен оқыған бір кітап

Талай адамның маңдайын терлеткен, өмірдің шамшырағы. Адамның жігерін жандандырып, кейде еңсесін түсіріп, кейде қайратына қанат бітірген, шуағымен нұрына бөлеген, жылулығымен жылы леп естіріп, кісінің өмір жорығына сәтті аттануына жәрдем бір ғаламат ғажайып дүние бар. Ол сенің руханиятың. Ал сол рухани дүниеңнің кіршіксіз бастаушысы, кеңесшісі – ғұмырлы кітап. Санаңды сергітетін, жүрегіңді жылытатын да осы кітап. Бейтаныс, сен білмейтін ғаламның құлпын аша білетін жалғыз кілт.

Қайырлы күн, менің массагеттік достарым! Сіздермен алдыңғы апта оқыған кітабым жайлы бөліспекпін. Шағын кітап болғанымен, онда Шерекеңнің көп әңгімесі қамтылған. Талай адамның осы кітапты парақтағаны да көрініп тұр. Бәрінен бұрын кітаптан 1987 жылдың иісі аңқиды. Олай деуімнің себебі: кітап сол жылы шыққан екен. Кітапханадан кітаптардың ішінен Шерхан Мұртазаның кітабы іліккен еді. Басында "Жүрекке әжім түспейді" дегенге ұзақ роман болар деп едім. Әңгімелер екен. Маған көбіне роман оқыған ұнайтын еді. Сол себепті де солай ойлаған болармын.

Әңгіме қиын жанр. Тіпті, бір ағылшын жазушысы: "Әңгіме жазамын деп, роман жазып кетіппін" деген еді. Иә, рас. Ондағы ой, ондағы тәрбиелік мән, шағын беттердің бәріне сыйып, әрі бәрі-бәрі адамның, оқырманның бойына дару не жақсы әсер қалдыра білуі тиіс. Бұл кітапта: "41 жылғы келіншек", "Бір нәзік сәуле", "Сол бір күз", "Ақсай мен Көксай", "Бойтұмар", "Айырбас", "Сүдігерде изен ызыңдайды", "Жүз жылдық жара", "Шекшек шырылдайды", "Интернат наны", "Қасқырдың тарамысы", "Соңғы нәсіп", "Кәрі солдат", "Жазғы демалыс", "Тілсіз қоңырау", "Аманат", "Шағалалар қайда ұйықтайды", "Ұзақ командировка", "Алтын тікен", "Тұйық шарбақ", "Нөсер", "Қыз бен бота", "Көкемарал гүлдегенде", "Шақалақ", "Жаңбыр той", "Сусамыр", "Дәрігердің үшінші қаруы", "Тастай берік, гүлдей нәзік" және кітаптың атымен аталған "Жүрекке әжім түспейді" әңгімелері қамтылған. Бұл әңгімелерді оқыдыңыздар ма?! Оқымаған болсаңыздар, оқуға тұрарлық. Жап-жақсы әңгімелер бұлар. Әсіресе, Жүрекке әжім түспейді ерекше ұнайды. Екі түрлі ұлттың адамдарының қартайса да, екі түрлі мемлекетте тұрса да, бір-біріне деген өшпеген сезімдері жайлы әңгіме. "– Уақыт, көп болса, сенің бетіңді әжімдеген шығар, ал  ж ү р е к к е  ә ж і м  т ү с п е й д і" Бұл Сағынның Энжеге айтқаны... Әр әңгіменің өзіндік ерекшелігі мен қызықтары бар. Әңгіме көп, уақыт аз. Әңгіме жазу қиын болғандай, одан алған әсеріңді қысқа қайыру да жеткізу де қиын. Ал әзірге осы. Аман болыңыздар!