"Қазақпын, қажымайтын қара нармын!"

                                                                        Ендігі жерде біз бәріміз бір атаның –

                                                                        қазақ халқының ұлымыз. Бәріміздің де

                                                                   туған жеріміз біреу: ол – жалпы Қазақ даласы

                                                                                                       Н.Ә.Назарбаев

 Иә, расымен де! Атырау   мен  Алтайдың арасындағы алып даланы жайлап жатқан қандай ұлт болмасын олардың туған жері – Қазақ даласы. Қазақта ру мен ру, тайпа мен тайпа түгіл, Қазақ даласында тұрған өзге ұлттармен де жүз шайысып көрмеген. Қазақ елі – ұлтаралық жарастықтың негізі болған атамекен дер едім.Қаншама ұлт-өкілді бір аспанның астында тоғыстырып отырған алып мемлекет. Қазақты сырттан төніп келіп, жау да ала алмаған. Әлсіресе, алауыздықтан, күшейсе, бірлікпен күшейген ел емес пе? Солай ғой! Ауызбіршілік барда тасы өрге домалап, ниет қылса, ол да орындалған. Тәңірім қазаққа барын берді. Бәрін де берді. Пейіліне қарап, ұлан-ғайыр жер берген. Жердің үстін де астын да толтырып байлық берген. Ұранды ер берген. Қазақта батыр туып ел ырысына айналған ғой. Осындай ұранды ердің – ұрпағы қайсар болмай қайтсін?! Мінеки, текті қазақтың ұрпағымыз біз. Ерлері елге күн туса, тәуекелді жолдас қып, етегімен су кешіп жүріп, қорған болған. Алыспай, беріспеген. Шекіспей, бекіспеген.

  Әр пенде үшін туған жерінен артық киелі де қасиетті алтын жер бар ма екен?! Әй, қайдам... Ондай жерді сүйеніш ете алмассың! Қас-қағым сәтте-ақ, зу етіп өте шығатын қайталанбас қуанышты балалық дәуренің де осы жерде өтеді емес пе? Туған жерді жоғалту, баға жетпес алтын жоғалтқанмен, тіпті, өміріңнің бір бақытын көзден ғайып етумен пара-пар мен үшін. Әсіресе, мейірімділікпен еркелеткен, бетімнен өпкен туған жердің самалы да, тәй-тәй басқан алғашқы адымың да, сыңғыр күлкілер де, ойын қуып жүрген балғын достар үні де құлақтан кетпейді. Бұл шақтар, қайта оралмас дәурендер, тек ішкі сандығыңда жатқан естеліктер болып қала бермек. Балалықтың патшалық тағына қайтып оралу әсте мүмкін емес. Ғылыми тілмен айтқанда қайтымсыз процесс. Әрине, қазақ деген далада туып өскен соң, өз еліңнің азаматы болмай қайда барасың?! Өз далаңда туып өскен соң, патриоттық сезім әу бастан-ақ, санаңа сіңеді ғой! Ойға сол сезімді құйып берер жандар баршылық... Бар істің ерлігі жүректен басталғанындай, еліңді сүю де ерлік іс қой! Ол да жүрек түбінен алпыс екі тамырыңа тарап, қазақ екеніңді ұқтырып тұратындай. Туған жерге деген сүйіспеншілігіңді айтып жеткізу сірә, мүмкін бе? Алып ұшқан сағыныш сезімі жүректі тербеп, шымырлатып, ерік жігеріңді сол сағынышты басуға жұмсағың келеді де тұрады. Туған жердің саф ауасы, самал желі, бір уыс топырағы сені бақытқа бөлейді. Жердің қаншалықты қымбат екенін білесіздер ме? Жоқ, сатылым жер деп отырған боларсыздар. Олай емес, туған жердің, кең даланың бақытқа бөлер жері... Ақша сенің бақытыңмен алмасуға келмейтіні сияқты, туған жер де сол бақыттың қайнар бұлағындай, мөлдір көзіндей. Нақ өзі... 

  Тарих бетінен белгілі,  кешегі Кеңес үкіметі тұсында зорлық-зомбылықтың кесірінен миллиондаған қандастарымыздың туған жерінде көз жұмғаны аян. Осындай қорлықты, зұлымдықты көре отырып, қазақ халқы өзінің даналығымен, жүрек жұтқан батырлығымен бабадан қалған мирасты көздің қарашығындай бізге аманат еткен жоқ па? Қазақтың қанға сіңген әдеті дерсің! Көңілі жақын адамды туғанындай көрген, өз малын досымдікі деп есептеген, етене жақынымен өз туғанындай қатынас жасаған ғой қазақ!

 Байырғы бабаларымыз аспанға қарап адаспаған. Темірқазықты таңдап алған... Ол бабамыздың адастырмас діңгегі болғаны сияқты, болашақта да біздің сүйеуіміз – қазақ тілі болмақ. Бүгінде, Қазақстан әлем мойындаған мемлекет. Өзінің ерік-жігері мен қажыр-қайратының арқасында осындай жетістікке жетіп отыр. Сан ғасырлар бойы қиындықты көрсе де, жаны жайсаң күйінде, әсем әнін, күмбір күйін, салт-санасын,, дәстүрін, дінін, қастерлі тілін бәрін-бәрін де сақтаған ұлтымыз бар. Ойды ой қуалап, сөзді сөз қуалап өмірде қазақтың дархан даласын, тарихын түпкілікті мақтанышпен жеткізетін бізбіз жас дос! Мұның бәрі әлемге жар салып айтатын теңіз түбінде жатқан нағыз ақ маржан.

  Қазақ даласы тар жол, тайғақ кешулерден адаспай, дауылмен алысып, тағдырмен қарысып, нық сеніммен болашаққа аяқ басып келе жатыр. Тарих тасқыны болғанымен де, сол тасты көтеріп, тырбанып алға ұмтылған, қазақ даласына, өз еліме тамсанамын! Тарихтың бетін сипап өттік. Дегенмен де, осының өзі еліміздің қаншалықты қайсар, сәлемі түзу халық екендігін аңғарамыз. Қазақтың көнбеске көніп, шыдамасқа шыдай алған қайратын көріп-ақ, жүрегің елжіреп, рухың оянады.

 Жас ұлан! Міне, біз осындай тектілердің ұрпағымыз! Біз қазақ даласының топырағынан, қазақ халқының қаны мен жанынан жаралған перзентпіз. Біз қазақпыз!



Бөлісу: