Мені алға жетелейтін күш – анамның қуанышы!

Мені алға жетелейтін күш – анамның қуанышы!
жеке
блог

Өзің қатарлы жас өреннің сонау алыс шет елге барып, елдің намысын қорғап келгеніне сүйсіне қарайды екенсің. Нәзік қыз баласының "Бокс" деп аталатын спорт түрінен шебер атануы да қайтпас қайсарлықты білдіреді емес пе?! Жұдырықтасу өнерімен аз уақыт айналысса да, бүкіл Республика көлемінде оқ бойы озып шығып, Халықаралық чемпионатта ел намысын қорғап, Еуропаның төрінде алғашқы үштікке кіріп көз қуантты.

2014 жылы Германияда Штральзунд қаласында өткен чемпионатта 3 орынды қанжығаға байлаған, қазірге дейін Халықаралық чемпионатта бірталай белестерді бағындырып келе жатқан, "бокс" десе ішкен асын жерге қоятын, өздеріңнің замандастарыңмен әңгімелесіп көрдік. – "Ә" дегеннен-ақ, аузын ашса жүрегі көрінетін, өзгелермен рингте жұдырықтасып жүрген қыздың мұнша жүрегі мейірімге толы болады деп ойламаған едім. Жүзі шаттыққа бөлейтін қызымыз не айтады екен?! Бірге оқиық...

– Надира, өзіңізді таныстырып өтсеңіз...

– Мен, Маратова Надира Асанқызы 1999 жылдың 14 қаңтарында дүние есігін ашыппын. Өрікті ауылындағы, Б.Майлин атындағы орта мектептің биылғы түлегімін. Отбасым үлкен. Үйде 7 қыз, 1 ұл бала. Үйдің үшіншісімін. Көп балалы отбасында тәрбиеленгесін, балаларды өте жақсы көремін. Отбасы дегеннің не екенін, отбасы бақыты деген не екенін сезіне аламын. Тәрбие-тәлімді, тағылымды бойымызға сіңіру, отбасымызда бірімізді-біріміз қолдау, демеу, сыйластық таныту үйіміздің құндылығы деп білемін.

– Надира, боксқа қай жастан бастап әуестендіңіз? Әрі, ең алғашқы боксқа барған сәтің жайлы сыр шертсең...

– Боксқа анамның қалауымен бардым. 14 жасымнан бастадым. Анам ең алғаш кездейсоқ газет беттерінен Меруерт Қонысбай деген жас боксшы қыз жайлы мақаланы оқып, жетістігіне тамсанып, қызықты. Маған да сенің қолыңнан келеді. Мен саған сенемін. Бокс үйірмесіне барып көр деді. Бәрі осыдан басталды. Ең алғаш қыс мезгілінде барып жазылдым да, жаттығу залына келіп жүрдім. Жаттығу көрші ауыл Рахат мектебінің спорт залында болып жүрді. Алғашынды қатысып көрейін дегеннің өзінде жүрегім дүрсілдеп қоя берді. Дайындық жаттығулары бір жағынан қызық, бір жағынан қорқынышты болды. Спорт залдың іші лық толы. Бәрі де жұдырықтасып, кейбірі жаттығу жасап әлектенетін. Маған бұл атмосфера ерекше ұнады. Өзімді осы атмосфераға лайықпын деп білдім. Әрі бауырым тартты. Ішім жылып сала берді. Достармен де, бапкермен де, тіпті жаттығулармен де тез тіл табыстым. Алғашында, жұдырықтың астына қалатынмын. Ол көпке созылған жоқ. Кейін үйренісе, мен жұдырық үстінде болдым (күліп)

– Бапкер айтқан қандай сын есіңде?

– Негізі кемшіліксіз жеңіске жете алмайсың. Кез келген жетістікке жеткісі келетін адам ең әуелі ескертулер алып, оны қайталамау үшін әрекеттенеді. Мол ескертумен, нөл ескертуге дейін жету үшін көп еңбек қажет. Бапкерім стойкаңды жөндеп ұстап, алдыңғы қолыңды үнемі көтеріп жүр дейтін.

– Ең алғашқы жеңісің. Және, қандай сезімде болдың?

– 2014 жылы Орал қаласында өткен Қазақстан чемпионатында 1 орынды қанжығаға байладым. Небәрі 4 ай қатысып алтын медальді алу мен үшін үлкен бақыт болды. Ол кездегі сезім деген дүниені сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сезімді мен ғана сезінбедім. Тіпті, сезімді сезініп тұрғанымды білмедім.

– Бокстың жалпы адам өмірінде маңызы бар ма?

– Басқаларды қайдам?! Бірақ мен үшін осы төрт әріптен тұратын "Бокс" деген сөздің өзі қастерлі. Әрі мен үшін маңызы ұшан-теңіз.

– Бокстан бөлек немен айналысасыз?

– Күнделікті үй шаруасына көмектесемін. Анама қолғабыс етемін. Анда- санда бала көңілім "ертегі" дегенді оқығысы келіп тұрады. Оқимын да.

– Жақсы бапкерге жолықтым деп ойлайсыз ба?!

– Иә, бапкер мен үшін бас ер. Бапкерімнің есімі – Манап Тілек. Ол кісіні ерекше құрмет, үлгі тұтамын. Өз алғысымды білдіремін. Менің өмірімдегі ең жақын адамымның біріне айналып кетті. Ол кісіден алған тәлімім де тәжірбием де мол. Мені жеңіс тұғырына көтерген әуелі Аллам болса, одан кейін бапкерім мен анам.

Кішкентай кезіңізде бала қиялымен кім болам деуші едіңіз?! Ол арман қалпында ма?!

– Дәрігер болуды армандаушы едім. Өкінішке орай арманым алғаш спорт залдың шаңын жұтып, талай жұдырықтың астында қалып, талай үстіне көтерілгенде, тер төккен сәттен бастап күрт өзгерді. Мені өзгерткен бокс. Қазіргі басты арманым да осымен байланысты. Алдымен ӘлЕм чемпионы, содан соң Олимпиада чемпионы болу.

– Өзіңіз шет елдерге бардыңыз. Басқа ұлттармен танысып та көрдіңіз. Қарсыластарыңыздың дайындығы мықты ма екен?

– Қарсыластарымның бәрі қасқыр. Ал қасқырмен арпалысу деген...(күліп) Әсіресе, Ресейдің, Қытайдың қыздарына сөз жоқ. Қарсыласпен қақтығысу қиынға соғады әрине. Сонда да, елдің сенімін, ананың сенімін ақтау үшін қолдан келгенді аянбайсың. Қобалжу болады. Бірақ, рингке кірген соң оның бәрі басыңнан өзі-ақ шығып кетеді. Дегенмен де, жеңемін деген үміт пен сенім, құштарлық болса "Чемпион" болуға әбден болады. Тағдырың өз қолыңда.

Армандайсыз ба?!

– Иә, әрине, "Армансыз адам, қанатсыз құспен тең" демейтін бе еді?! Арманым көп негізі. Ауылдың қара домалақ балалары өзім жеткен белестерге жетіп, мен аспаған асуларды асса екен деймін. Сол үшін де бапкер болғым келеді. Тәлімгер болып, өзіңнен кейінгілерді үйрету қуаныш қой!

Өмір бірде жеңіс, бірде жеңіліс. Жеңілетін сәттеріңізде еңсеңіз түсіп кете ме?

– Иә есіме түскенде өкініш деген сезім сыздап тұрады. Бірақ өкінгенмен пайда жоқ. Мойымаймын. Қайта жеңіліс арқылы өзімді шыңдай түсемі. Сүріну арқылы тәжірбие жинақтаймын. Келесі жеңіске шабыттанамын, рухтанамын. Жеңіске деген ұмтылысым артады. Мотивация арқылы ерік-жігер аламын.

– Баланың, жалпы кез келген адамның алдында міндетті түрде пір тұтатын адамы болуы қажет. Ал сіз, кімге еліктейсіз?!

– Мұхаммед Әли. Оның бокс үшін қалдырған орны зор. Ал қазақ боксшыларынан Бекзат Саттарханов ағаны, Назым Қызыбай әпкені үлгі етемін. Мен үшін әрқайсысы бір төбе.

– Бокс арқылы не таптыңыз?

– Ең алдымен жаңа достар жолықтырдым. Қазірге дейін араласып тұрамыз. Республиканың түкпір-түкпір жерлерінде жүрсек те, бір-бірімізді бірнеше рет көріп үлгердік. Содан соң әлем чемпионатына қатыстым. Бұл мен үшін маңыздысы.

– Сізді алға жетелейтін не нәрсе?

– Алға жетелейтін бір ғажайып бейне бар. Ол анамның әр жеңісіме қуанып күлімдеуі. Кішкентай жалғыз інімнің менен үлгі алуы, мен келгенде алдымнан жүгіріп шығып, медальіңіз қайда? деп сұрағаны. Маған бұдан артық бақыт бар ма? Ал адам бақытқа жету үшін алға жылжиды ғой.

– Жеңіске жету үшін жас жеткіншек өз-өзіне сенімді болып өсу үшін қазірден бастап не нәрсеге аса көңіл бөлу керек деп ойлайсыз?

– Бастысы, жақындарыңның сүйеніш болуы, жүрекке жақын отбасың мен достарыңның қолдауы керек. Үміт пен мақсатқа жетемін деген талпыныс қажет. Бастысы өзіңе сене білуіңде.

– Теледидардан бокс көретін шығарсыз. Жанкүйерлігіңіз қалай? Беріліп кететін боларсыз иә? ( Былай ұр, былай деп...)

– Иә ондай-ондай болып тұрады. Ол кездегі сезім құдды өзің жұдырықтасып жатқан сияқты боласың. Кейде отыра алмай кетесің. (күліп)

– Қазақ боксы әлем боксының ішінде елеулі орын ала ма? Өзіңіздің жас боксшы ретіндегі көзқарасыңыз?!

– Қазақ боксы қазір өте дамыған. Әлемдегі алдыңғы орындардың бірінде десем қателеспеймін. Қазақтан шыққан боксшылар қазір әлемді бағындыруда. Бұл біздің ел мықты дегенге дәлел.

–  Болашақта, Қазақстанды биік тұғырдан көрсететін сіздерсіздер. Республикалық турнирлерге, Халықаралық турнирлерге қатысқанда қазақ адам өз бауырыңдай болып кетеді. Алаштың жас боксшылары қалай, жанып тұр ма?!

– Иә, айтпа. Әр қазақстандық әр түрлі мінезді. Бірақ боксқа келгенде бәрі қайсар, бәрі табанды. Жүздері өткір, жүрегі жалынды жастар. Құдайым денсаулық берсе, біз бағындырар белестер әлі алда.

– Алғаш рет Халықаралық турнирге жолдама алып, шет мемлекетке шығу сіз үшін бір қуаныш, бір үлкен тәжірбие болған шығар иә?

– Иә қуанышымда шек болмады. Алғаш рет ұшаққа сол сәтте отырып ем... Үйімнен өз Отанымнан жырақ болдым. Туған елге деген сағынышты жеткізе де алмайды екенсің. Ол бір ерекше сағыныш. Иә, мол тәжірбие жинап қайттым.

Болашақта өзіңізден не күтесіз? Қандай тұғырдан көрінгіңіз келеді?

– Еліме елеулі, халқыма қалаулы тұлға болып қалыптассам деймін. Оқушыларымның жетістікке жетуін күтемін.

Жас жеткіншектерге қандай тілек айтар едіңіз?

– Спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстаныңыздар.Елдің "ә" деген сөзін елемеңіздер. "Б" дегеніңізді орындап біткесін "Б" деп дәлелдегеніңізді өздері-ақ көреді. Өздеріңізге сенімді болыңыздар.

Алтындай уақытыңызды қиып, әңгімелескеніңізге көптен-көп алғыс. Алдағы уақытта тек қана табыс тілейміз. Шығар белесіңіз көп болсын. Болашақта Қазақ мемлекетін төрткіл әлемге паш ететін боксшы боларыңызға мен кәміл сенемін. Біз сенеміз. Елдің сенімін ақтаңыз. Армандарыңызға жетіңіз.

– Рақмет сізге де де соны тілеймін.