1 пайызды тауып алып, оған 100 пайыз еңбек салу! (Байқау)

1 пайызды тауып алып, оған 100 пайыз еңбек салу! (Байқау)
жеке
блог

Сәлеметсіздерме, Mассагет порталының оқырмандары!

Мен, "Кен" тобының мүшесі - Рысгүл Қазбекқызы 2002 жылы наурыз айының 5-жұлдызында Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Сағыз ауылында дүниеге келдім. Көктемнің алғашқы айында, мерекенің бастауында дүние есігін ашқанымда «бақ, береке, ырыс» келді деген ниетте есімім «Рысгүл» деп қойылған.                                                                                                                                              

Әрбір жеке тұлғаның негізгі құндылығы яғни, іс-әрекетінің бейімділігіне байланысты ұстанымы болады.Менің ұстанымым: өзіміз қалаған 1 пайызды тауып алып, оған 100 пайыз еңбек салу және басқаларға үлгі болардай адам болуға тырысу.

Мен өз басым нақтылы бір адамды айтып, соған еліктеймін деп айта алмаймын бірақ, жақсы жандардан үлгі аламын. Мен ата-анамнан үлгі аламын. Мен өмірге келген сәттен бастап сол кісілердің тәрбиесін көріп, тәлімін алып өстім. Олардың барлық жақсы іс-әрекеттері менің көз алдымда. Олардың қажырлы еңбегінің, ақыл-парасатының арқасында менің бойымда жақсы қасиеттер қалыптасты деуге болады.Мен тағы бір жанды өзіме үлгі етемін.Ол «Айгөлек» журналының бас редакторы - Қымбат Әбілдәқызы. Айгөлек журналының арқасында, Қымбат апайдың көрегендігі мен даналығының арқасында біздердің ой қиялымыз ұшталуда. Өзім Қымбат апайдың еңбекқорлығын қатты бағалаймын.

Әрбір адамның ерекше қабілеті, өзі сүйіп істейтін, бос уақытында айналысатын ісі, хоббиі болады. Ал мен ғаламтордан, журналдардан қызықты мәліметтер оқығанды, тоқыма тоқып, сурет салғанды,шоппинг жасағанды  ұнатамын.

Байқауға қатысуға ниет білдірген себебім, өз уақытымды тиімді пайдаланып, жазғы демалысымды пайдалы істерге жұмсап, алдыға қойған мақсатыма  массагет арқылы жету.

Алдағы уақытта «бұрымды қыз, намысты ұл» сияқты салт-дәстүрді дәріптейтін түрлі байқаулар ұйымдастыруға болатын секілді.

Бұл байқау қатысушылардың мақсатқа жету жолындағы талпыныстарын көрсетіп,қызығушылығын оятып,жаңа достар тауып,шығармашылық қабілетін шыңдауға көмектесіп, мақсатқа жетпейінше тынбай еңбектенуге баулиды.

Мұратқа жету сатылары-мақсаттар. Мақсаттың сенімді серіктері ынта мен жігер болса, осы екеуін қамшылап отыратын – намыс. Мен өз мақсатыма жететініме сенемін!

Қатысушы топтарға сәттілік, өз тобыма жеңіс тілеймін!