Әлібидің оқиғасы елді заңсыздыққа қарсы жұмылдырды

Әлібидің оқиғасы елді заңсыздыққа қарсы жұмылдырды
жеке
блог

Өткен жазбада астаналық жасөспірімдердің бұзақылығы туралы сөз қозғаған едік. Содан көп уақыт өтпей жатып елді тағы бір оқиға дүрліктірді.

24 сәуір күні интернетте Нұрлан Жұмағұлов есімді қолданушы ұлын біреулердің аяусыз азаптағаны туралы айтылған жазбасы пайда болды. Оның айтуынша, ұлы Әлібиді астаналық Қайрат Жамалиев есімді кәсіпкер жас қызға сабаған. Әлібидің құлағы кесіліп, бет-аузы бүлінген.

Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, кәсіпкер өзін қорғау үшін күш көрсетіп Әлібиді екі адамның өліміне қатысы бар екенін "мойындатқан". Кейін ол екеуінің де тірі екені айтылды.

Айта кетейін, Қайрат Жамалиевтың өзі БАҚ өкілдеріне түсінік берген жоқ.

Бұл оқиға әлеуметтік желі қолданушыларын біраз шулатты. Нұрлан Жұмағұлов күш көрсеткен кәсіпкер мен оның көмекшілерін сотқа берді.

Кеше Астана қаласындағы Есіл аудандық соты Қайрат Жамалиевті сот процесі аяқталғанша 2 айға қамау туралы шешім шығарды.

Әлібидің әкесінің cоттан кейінгі сөзі

Айта кетелік, бұл оқиға интернет қолданушылары арасында үлкен резоннанс туғызды. Жұрт жапа шеккен Әлібиді қолдау мақсатында ел президентінің, Ішкі істер министрінің, Бас прокурордың атына соттың әділ шешім шығаруына ықпал етуді сұрап петицияға қол қойып жатыр. Одан бөлек, арнайы шот ашылып, қазақстандықтар Әлібиге көмек ретінде ақша аударып жатқандығын да айта кетейін.

Біз соттың объективті шешім қабылдайды: қылмысқа қатысы бар адамдарға лайық, әділ жаза тағайындайды деп үміттенеміз.