Пойыз жолаушысына іРhone 6 табыс етілді

Пойыз билетін электронды тәсілмен сатып алған 10 миллионыншы жолаушыға іРhone 6 табыс етілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше "Жолаушылар тасымалы" АҚ өкілдері Астана вокзалында электронды тәсілмен билет сатып алған 10 миллионыншы жолаушыны күтіп алды. Ол - "Защита-Астана" жүрдек пойызымен Өскемен қаласынан келген Күләш Құнанбаева. Оған іРhone 6 ұялы телефоны табыс етілді.

"Мұндай салтанатты қарсы алуды күтпеген Күләш: "Бұл мен үшін тосын сый болды! Расында электронды билет өте ыңғайлы, қолжетімді және ең бастысы сіздің уақытыңызды үнемдейді", - деді. Қазіргі уақытта билеттер Интернет арқылы ғана емес, сонымен қатар, республика бойынша 17 мыңнан аса терминал арқылы да сатылып жатыр", - дейді баспасөз қызметіндегілер.

Айта кетейік, Қазақстанда электронды билеттерді сату жүйесі жыл сайын жетілдіріліп отырады. Жылдың аяғына дейін билеттер жедел қосымшалар мен еліміздегі барлық пошта бөлімшелері арқылы сатылатын болады.