Чемпиондар лигасы. Мадридтік дербиде қай клуб жеңеді?

О Сансызбай Корреспондент
Чемпиондар лигасы. Мадридтік дербиде қай клуб жеңеді?

Бүгін түнде футболдан Чемпиондар лигасының жартылай финалына шыққан екі клуб анықталады. «Сантьяго Бернабеуде» мадридтік клубтар «Реал» мен «Атлетико» кездессе, «Монако» өз алаңында туриндік «Ювентусты» қабылдайды.

БӨЛІСУ

«Монако» әлде «Ювентус»?

Бірінші ойында бір доп басымдығымен жеңіске жеткен Максимилиано Аллегри командасына қарымта ойын оңай соқпайтыны анық. «Монако» өз алаңы түгіл, сырт алаңда да сәтті өнер көрсетті. Тек гол соғуға келгенде қателесумен болды.

Бүгін түнде өтетін ойында бапкерлердің ұстанған жүйесі маңызды рөл атқаратын болады. Туриндік клуб бірінші нөмірмен өнер көрсетпесе де, қарымта шабуылда да бет қаратпайтыны анық. Мұны дортмундтық «Боруссияға» қарсы ойында байқадық. Десе де, «Монако» - «Бавария» емес. Егер алаң иелері мюнхендік клубың ерлігін қайталап жатса, айды аспанға шығарары анық.

Қарымта кездесуге «Монако» сапынан жарақатына байланысты Асамоа мен Касерес қатыспаса, «Ювентустен» Поль Погба, Траоре және Ромулу ойнамайды. Екі клубтың қақпашылары осал емес. «Жақсы қақпашы – жарты команда» демекші, Даниэль Субашич пен Джанлуиджи Буффон Чемпиондар лигасында өз қақпаларын көп сәтте голдан аман алып қалған ойыншылар қатарынан.

Италиялық ұжым жартылай финалға шығады деп болжайтындар қарасы көп. Десе де «Монаконың» да өз алаңында бір айтары барын ұмытпаған абзал. Тең есеп тіркелуі де ғажап емес. Букмекерлік орталықтар «Монако» жеңісіне – 3,56 коэффициент, тең ойынға – 3,12 коэффициент, «Ювентус» жеңісіне – 2,31 коэффициент беріп отыр. Ойын Астана уақытымен сағат түнгі 00:45-те басталады.

«Реал» «Атлетиконы» соңғы жеті ойында жеңе алмай келеді

«Корольдік клубтың» бас бапкері Карло Анчелоттиға да сын сағаты тақап келеді. Егер бұл маусымда италиялық маман клубпен ешбір жүлде еншілей алмайтын болса, өз қызметінен кететіні анық. Тіпті, бүгін өз алаңында «Атлетикодан» айласын асыра алмай қалса, Карлоның орнында қалуы екіталай.

«Реал» жанкүйерлері бүгінгі ойынға күдікпен қарайтыны рас. Себебі, негізгі құрамның бірнеше ойыншылары алаңға шыға алмайды. Марсело ескертуіне байланысты ойыннан шеттетілсе, Лука Модрич, Карим Бензема жарақатына байланысты өнер көрсете алмайды. Гарет Бэйлды да жарақат меңдеген секілді. Оның да ойынға шығу белгісіз. Ал «Атлетико» сапынан Марио Суарес қана бұл ойынға қатыса алмайды.

«Реал» «Атлетиконы» соңғы жеті ойында жеңе алмай келеді. Өткен маусымдағы Чемпиондар лигасының финалында есе жіберген Диего Симоене шәкірттері өз есесін қайтарудың жолын іздеп келеді.

Жарақат алған ойыншылардың көптігіне байланысты, бүгін түнде «Реал» сапынан бірнеше қосалқы құрам ойыншысын көретініміз анық. Олардың бірі – Хавьер Эрнандес (Чичарито) болуы мүмкін. Сонымен қатар, бүгінгі кездесуде бірінші минуттан Фавио Коэнтрау, Ильляраменди мен Пепе шығады деп күтілуде.

«Реал» мен «Атлетико» арасындағы ойын Астана уақытымен сағат түнгі 00:45-те басталады. Кездесуге неміс төрешісі Феликс Брых қазылық жасайды. Ойынды «КТК» арнасынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар.

Әрине, бүгін түндегі кездесулер нағыз тартысқа толы болмақ. Спорт, әсіресе футболда күтпеген нәтижелер көптеп кездеседі. Ал сіздер бұл ойындар туралы қандай ой қосасыздар? Айта отырыңыздар!