Аспан асты елінде жаңа жылды қалай қарсы алады?

Аспан асты елінде жаңа жылды қалай қарсы алады?
жеке
блог

 Жаңа жылды тойлау көптеген елдердің тарихында түрлі кезеңдерде пайда болып қалыптасқан.Негізінен оның бастау тарихы  Месопотамиядан басталған деседі. Бұл  мерекені адамдар отбасыларымен көңілді қарсы алып, жыл бойына жақсы тілектер мен ниеттер білдірген. Қытайдың түрлі көне салт-дәстүрлері мен аңыздары өте қызықты. Жаңа жылға байланысты ежелгі аңыздарының бірі бойынша, әр жаңа жылдың басында қытайлар Ниен атты құбыжықтан жасырынады. Ниен дегеніміз қытай тілінен аударғанда «жыл» ұғымын білдіреді. Ниен жаңа жылдың бірінші күні келеді. Ол төрт-түлікті, астықты немесе азық-түлікті, ал кей кезде ауыл тұрғындарын, әсіресе кішкентай балаларды да жалмап кетуі мүмкін. Тұрғындар өздерін қорғау үшін үйдің кіреберісіне әр жаңа жыл сайын тамақ қояды. Аңыз бойынша, тамақ неғұрлым көп болса, құбыжық та соғұрлым мейірімді болады. Олардың нанымы бойынша Ниен өзіне дайындалған тағамға қанағаттанғаннан кейін адамдарға шабуыл жасамайды.Бір күні адамдар Ниеннің қызыл киім киген кішкентай баладан қорқып кеткенін байқап қалып, оны қызыл түстен  қорқады деген шешімге келген. Содан бері, жаңа жыл сайын адамдар үйлерінің терезелері мен есіктеріне қызыл шамдар мен қызыл шиыршықтарды іліп, отшашулар атып тұрады. Аңыздарға сәйкес, бұл дәстүрлер құбыжықты қорқытады және оны елді мекендерді айналып өтуге мәжбүр етеді.Қытайда дәстүрлі жаңа жыл Чунцие деп аталады. Оны қаңтардың 21 нен ақпанның 21 аралығында тойлайды.Бұл мейрам көктеммен тікелей байланысты.Олардың пайымдауынша, көктем келуімен айнала ызғарлы қыстан кейін қайтадан құлпырып, табиғат оянады, сонымен бірге жаңа жыл келеді.Қытайда жаңа жыл кезінде ешқандай негативті сөздерді айтуға болмайды.Сонымен қатар наным бойынша дәрігерге көрінуге немесе дәрі ішуге болмайды.Тағы бір наным, мейрам кезінде қарыз берген адамына барып, қарызын қайтаруын талап етуін қате болып табылады. Жаңа жылдық сыйлықтар жасау кезде мұқият болу керек, мысалы үлкен жастағы кісілерге сағат сыйлау қолайсыздық туғызуы мүмкін.Достарына қолшатыр сыйлауға болмайды, ол достығымыз аяқталды немесе адал дос болмадың деген мағынада көрінуі мүмкін.Осы секілді мерекеде сыйлауға болмайтын заттар қатарына: сүлгі, дәрі-дәрмек, аяқ киім, өткір заттар, ақ немесе қара түсті заттар жатады.Мерекелік дастарханға келетін болсақ, жаңа жылда дәстүрлі тағамдар міндетті түрде дастарханда болуы керек. Әдетте олар мерекелік дастарханға дәстүрлі қытай тұшпараларын яғни “цзяоцзы” дайындайды. Қытай жаңа жылының мәзіріне “Чунцзюань” қытай рулеттері, күріш ұнынан жасалған “Нянгао” бәліші, “Таньюань” шар тәріздес тәттілер, “Чаншоумиен” кеспесі және жемістердің ішінде мандарин мен апельсин болады. Сонымен қатар жаңа жылдық дастарханда балықтан жасалған тағамның болуы өте маңызды,өйткені ол дәулет пен байлықты білдіреді.Егер дастарханда балықтан жасалған тағам болса, ол келе жатқан жылда үй егесіне қаржылық жағдайына сәттіліктер алып келеді деген наным бар. Жаңа жыл кезінде түрлі жылтыр әшекейлер таққан дұрыс. Қытайда өте маңызды әрі халық ұнататын 3 түс бар.Олар қызыл,сары және жасыл түстер. Қызыл түс “Хон” Қытайдағы ең танымал түс. Ол бақыт, сұлулық, өміршеңдік, сәттілікті бейнелейтін ұлттық түс. Сары түс “Хуан” бұл империялық ұлылық пен жоғарғы күштің белгісі. Қытайдың басты өзені Хуанхэ  қытай тілінен аударғанда “сары өзен” мағынасына ие.  Жасыл түс “Лю” байлықтың, құнарлылықтың, қайта туылудың, үміттің, үйлесімділік түсі. Бұл сондай-ақ тазалық пен айқындылықты бейнелейді. Жаңа жыл кезінде олар қызыл түсті киімдерді көп киеді.Мереке кезінде Қытайда үйдің есіктеріне немесе қабырғаларына ниенхуаны яғни “жаңа жылдық суреттерді” іледі.Онда аңыз кейіпкерлері немесе түрлі өсімдіктер, гүлдер бейнеленеді. Ниенхуаны ілу мерекелік көңіл-күй мен жаңа жылға деген жақсы тілектерді білдіреді. Қытай жаңа жылы кезінде кеңсе ғимараттарында және үйдің есіктерінде ілулі тұрған қызыл шамдарды көруге болады, наным бойынша қызыл шамдар бақытсыздықтан  және қиындықтардан сақтайды. Жаңа жыл кезінде үйді безендіру барысында қызыл қағаздан қиылған төртбұрышқа “бақыт” деген мағынаға ие “Фу” иероглифін қара сиямен жазады.Бұл дегеніміз отбасыға бақыт пен шаттық алып келеді деген мағынаға ие.Қытайда жаңа жылды барынша қызық әрі көңілді тойлау керек.Жаңа жылды олар отбасылық мереке деп біледі,сондықтан барынша әркім өз үйінде өз отбасыларымен қарсы алады.Кешке қарай отшашуларды көптеп атады, сонымен қатар тілектер тілеп аспанға қытай шамдарын ұшырады.