SMMші болдым мінекей

SMMші болдым мінекей
жеке
блог

SMMның қыр-сыры туралы әңгіме айтып, ол туралы жазып жүргесін мені осы саланың арнайы маманы екен деп жататындар көп. Бірақ, мені бұл мамандыққа ешкім үйретпеді, оқытпады. Бұл салаға қызығушылық пен мәжбүрлік арқасында келдім. 

Қызығушылығым- ол контент-менеджер болып істеген соң сайтыңның, өз ісіңнің танымал болуының бірден-бір жолы SMM екенін білгесін және әрі күні-түні әлеуметтік желіден шықпаудың жақсы сылтауы. 

Ал, мәжбүрлік - ол "арнайы мамандарға қыруар қаржы төлегенше сол қаражат өз қалтамда қалсын немесе бастығым соған шығынданбасын" деген ойдан туындады.  

Жалпы SMM дегеніміз не? SMM - сайтқа трафик жинау немесе тауар мен компанияға әлеуметтік желілер арқылы назар аударту, танымалдылықты арттыру.

Барлық әлеуметтік желіні сауда-саттыққа, жарнамаған қолайлы деп ойлау қате. Себебі, уақыт көрсеткендей әр желі белгілі бір мақсатта жақсы қызмет атқара алады. Мысалы, сауда-саттық үшін қолайлы сайт ол - Инстаграм, акциялар мен жарыстар өткізуге қолайлысы - Вконтакте, компанияның атын танымал етуге қолайлысы - фейсбук, компания жаңалықтарымен бөлісуге ыңғайлысы твиттер, көп компаниялар мой мирді менсінбейді, бірақ сұрақ-жауап бөліміне ең ыңғайлысы мой мир.

Алдында мен "neke.kz сайтының Фейсбуктегі парақшасын ұнатқан адамдар саны 1000 ға жетті" деп қуанған кезде көп адамдарда түсінбеушілік туды, басқа парақшалармен салыстырғанда бұл сан оларға тым аз көрінді, ал бұл салада жүргендерге ешқандай қаржы салусыз бұл нәтижеге жету кәдімгідей жетістік екенін түсінді. Ұнатушылар санын көбейтудің еңбектенуден басқа екі жолы бар біріншісі қаражат, екіншісі арнайы бағдарламалар. 

Себебі, SMM өзің білмесең кәдімгідей қаржы салуды талап ететін сала. Мысалы қазіргі Қазақстандағы SMM жасап беретін компаниялардың бағасына үңілсек қарапайым сайттар мен жас бизнесмендер үшін бұл қол жетпес арман боп қалады. 

Ең арзан дегендерінің бағасы бір сайт үшін 120 000 теңгеден басталып 1 000 000 ға жетіп жығылады. Мысалы, мына компания әлеуметтік желіде сізге парақша ашып, сіздің өніміңізге сай аудиторияны зерттеп, белгілі бір жоспар құрып бергені үшін: фейсбук үшін - 249 000 теңге, вконтакте үшін - 200 000 теңге, мой мир мен однокласники сайты үшін 150 000 теңге сұрайды. Бұл тек сіз "бастама" кнопкасын басу үшін кететін сумма, одан ары сіз тизерлік жарнама үшін бөлек қаражат төлейсіз. Ал қазақша SMM үшін тағы қосымша әр сайт үшін 50 000 теңге бересіз. 

Қазақстандағы танымал пиар компания Чеснок.кз компаниясының SMM бөлімінің басшысы Оксана Асабинаның берген мәліметі бойынша:

Фейсбук пен вконтакте сайтындағы бір аккаунт құны айына 150 000 теңге (қазақ не орыс тілінде) ал орыс+қазақ тілінде болса 200 000 теңге. Тизерлік жарнама үшін айына 150 000 теңге кетеді. 

Жоғарыда атап өткен екінші жолы арнайы бағдарламалар, қосымшалар. Мұндай бағдарламар көбіне вконтакте әлеуметтік желісінде көптеп қолданылады. Жазылушылар санына назар аударсаңыз басыңыз айналатын сандар көрсетіп тұрады, бір суретті бөліскен адамдар саныда сізді таңқалдыруы мүмкін. Дегенмен бұның бәрі қосымша бағдарламалар арқылы келетін қулықтар, яғни тапсырыс берушіні алдау және жарнама берушіні қызықтыру екенін ескеру керек. 

Бізде сонан соң қалыптасып қалған мынандай бір комплекс бар: "Қазақ тілді сайттардың, SMM ның, SEO ның болашағы жоқ" деген. Бірақ, жоғарыда атап өткен SMM маманы Оксана Асабинаның берген мәліметі бойынша қазақ тілді SMM өте табысты бола алады. Мысалы, олар "31- канал" мен "Планета электроники" компанияларына SMM ді екі тілде жүргізген, сол кезде олардың өзі таңқалғандай, қазақ тілді сұраныстар мен сұрақтар, ойындардағы белсенділік өте жоғары болған.

Басында мен неке.кз сайтына SMM жүргізіп жүрген кезде ұнатушылар санын еш қаражатсыз 1000 адамға жеткізем деп еш ойламадым, алайды қазір мыңнан асты әрі жарнама берушілерде назар аударып келеді. SMM  жасап жүріп түсінгенім, креативті ойлай білу керек екен және күнделікті шаршамай жаза беру керек. SMMнің ең қиын тұсы да сол- күнделікті жұмыс жасау. 

SMMшіге бірінші ескеретін нәрселер немесе ең басты қағидалар: 

  • аудиторияны анықта (жасына, ұлтына, дініне, ұғымына, түсінігіне баса мән бер);
  • бастадың ба - тастама (күнделікті жаңартып отыр, ұмыттым деген күннің өзінде екі күнде бір жаңартып отыр);
  • ізден, салыстыр, өзіңе сен;
  • басқа тілден аударып салсаң - ол сенің аудиторияңның менталитетіне сай болсын;
  • Әр адамның басында бар оқиғадағыдай етіп жеткізуге тырыс;
  • Жаңалықтарды алғашқы болып бөліс;
  • көрнекілікті жақсы таңдай біл (фото, аудио, видео);
  • Қатесіз жаз (мен осы пунктен сүріне берем :));

Бұл жазғандарымның бәрі арнайы бір компания немесе сайттың парақшасы, тобы, аккаунтарына қатысты болған. Ендігі тоқталатын мәселе өз атыңнан өз ісіңе SMM жүргізу. Негізі, әлеуметтік желіні белсенді қолданатын кез-келген адам өзін SMMші санаса болады. Мысалы сіз күнделікті бір тақырыпты талқылап бір іс жайлы айта берсеңіз сіз сол істі дамытушы, дәріптеуші болып саналасыз. Демек сізге сол іске қатысты назар аударылып, сіз арқылы сол нәрсені тануы мүмкін. Сөзім дәлелді болу үшін, өз бетшелері арқылы өз бизнестеріне жарнама жасап, қаражат тауып жүрген азаматтарға сөз берсем: 

Жеңісгүл Дәулетова - қол өнер, құрақ көрпе тігу шебері: "Тек фейсбук әлеуметтік желісі арқылы өз өнімідерімді жарнамалаймын, тапсырыстарымның барлығын осы сайт арқылы аламын. Маған тек Қазақстаннан ғана емес шет елденде тапсырыстар келеді. Әлеуметтік желі де өз жұмыстарымды жариялау арқылы көптеген бағдарламалар мен газеттерге "Ұлттық өнерді дәріптеуші" ретінде сұхбаттар бердім. Өзім үшін ең қолайлысы - осы фейсбук әлеуметтік желісі. Келген сұрақтарға оңай жауап бере аламын". 

Алмас Мұстафа - қол өнер, домбыра жасаушы шебер: "Бүгінде біздің тапсырыстарымыздың басым бөлігі фейсбук және мейл ру әлеуметтік желілері арқылы келеді және байқағаным бизнесте интернет магазиндердің де рөлі жоғары. Сол себепті жеке сайт ашуға көп мойын бұрмаймыз, алайды осы саладағы жоғары сервисті сұрайтын клиенттер үшін сайт өте қажет. Болашақта әлеуметтік желінің уакыты келе жатыр, мүмкін болса барлық желіден бір мезгілде бет ашып қойғанды жөн санаймын, бірақ бәріне бірдей уақыт тапшы. Қазір мені әлеуметтік желідегі адамдар домбыра жасаушы шебер ретінде жақсы танып қалды, сондықтанда әрбір хабарласқан адамның 60% соңында тапсырыс беріп, өз тапсырыстарын алып кетеді". 

Мақсат Тұрсынбайұлы- фотограф: "Көбіне фейсбук, вконтакте, инстаграм әлеуметтік желілерін қолданам. Үш жақта бірдей ақпарат жариялап отыруға тырысам. Күнделікті тойға қатысты суреттер салған кезімде 4-5 адам қызығушылық танытып сұрақтар қояды. Ал нақты тапсырыс беретіндер аз, дегенмен әлеуметтік желі арқылы той фотографы ретінде кеңінен танылып қалдым".

Жарқын Сален - журналист, "Электронды қазақ үй" жобасының жетекшісі: "Қазір барлық әлеуметтік желілермен жұмыс жасап жатырмыз. Көбіне фейсбук желісі арқылы "Электронды қазақ үй" жобасы жақсы танымалдылыққа ие болып көптеп тапсырыстар түсіп жатыр". 

Асқар Хамединов- жас журналист, асаба:  "Фейсбук, вконтакте, твиттер, инстаграм әлеуметтік желісінде өз атымыздан асаба екеніміз жайлы ақпарат таратып, жарнама жасап тұрамыз. Сұрақтар көбіне фейсбук және иснстаграм әлеуметтік желісі арқылы келеді. Тапсырыс инстаграм әлеуметтік желісі арқылы көбірек келеді. Сондықтан, біздің сала бойынша тиімдісі инстаграм әлеуметтік желісі". 

Гауһар Бағдабай- әшекей бұйымдарын жасаушы шебер: "Көбіне инстаграм әлеуметтік желісін қолданам, қалған твиттер, фейсбук, вконтакте  желілерін инстаграмға байланыстырып қосып қойғандықтан бір ақпарат төрт әлеуметтік желіге бірдей шығып тұрады. Әшекей бұйымдарын жасайтынымды білгендіктен, көбіне тапсырыс бойынша жасаймын. Бір тапсырыстың суретін салған күні 1-2 адам сұрайды, жекеде сөйлескесін бірден тапсырыс береді. Маған тиімдісі инстаграм, себебі менің бизнесімде басты нәрсе жасалған затымның фотосы болғандықтан қызығушылық жоғары". 

Өздеріңіз байқағандай SMM кез-келген адам жасай алатын мамандық, бастысы әр істің қыр-сырын толық меңгеру керек. Бастысы еңбек, күнделікті жұмыс жасау. 

SMM жүргізуде көп қиындықтарға кезіктім, мысалы SMMші болу үшін фотошопты жақсы білу керексің, копирайтер, аудармашы, сарапшы бола білу керексің. Бір сөзбен айтқанда бес аспап, өзімді SMMшімін деп айту ерте шығар, дегенмен осы саланы жақсы білуге тырысып жүрмін. Барлығының тәжірибемен келетінін түсініп келемін.