- Негізгі бет
- Музыка
- Фортепиано дүниеге қалай...
Фортепиано дүниеге қалай келді?
Құрметті оқырман, біз сіздерге музыкалық аспаптардың тарихы туралы қызықты мәліметтер ұсынуды жалғастырамыз. Бүгін әйгілі фортепиано пернелі музыкалық аспабының түп-төркініне үңілмекпіз. Бүгіндері музыканың тұғырында еңсесі биік тұратын аспап бізге қалай келді?
XVIII ғасырдың бас кезінде фортепианоның жарыққа шыға бастауы Еуропа мәдениеті тарихындағы үлкен жаңалықтардың бірі болды. Бұл аспап бүкіл батыс өркениетінің музыкалық мәдениетін өзгертіп, оның бағытын жаңа арнаға бұрып жіберді.
Пернелі музыкалық аспаптар Орта ғасырдан бері бар еді. Солардың бірі - орган. Орган – үрмелі пернелі музыкалық аспап (оның ішегі болмағанымен, көптеген үрмелі түтіктері бар). Бірақ ол фортепианоның тікелей туысы болып саналмайды.
Ішегі бар алғашқы пернелі музыкалық аспап – клавикорд. Ол Орта ғасырдың ерте кезінен-ақ пайда болды. Бірақ нақты туған жылы туралы деректер еш жерде келтірілмейді. Клавикордтың құрылымы бүгінгі фортепианоның құрылымына аздап ұқсайды. Оның даусы өте жәй және жұмсақ болған. Клавикорд өз туысы клавесинге қарағанда өлшемі жағынан кішкентай және қарапайым. Сонымен қатар, оның құрылысы да аса күрделі болмаған. Аспапта орналасқан кішкене ғана төртбұрышты мыс пернелерді басқанда ол ішекті барып ұрады. Клавикордта әр пернеде бір-бір ішектен болған. Ал қазіргі фортепианоларда әр пернеде үш ішектен болады.
Тағы бір пернелі музыкалық аспап – клавесин. Ол XV ғасырда Италия жерінде пайда болды. Клавесиннің ішектері ішегі перпендикуляр орналасқан бүгінгі заманғы клавикордтар мен пианинолардың ішегі сияқты емес, керісінше қазіргі рояльдар сияқты бір-біріне параллельді орналасқан. Әйткенмен оның даусы аса жоғары болмағандықтан, клавесин үлкен залдарда қолдануға онша жарай бермейді. Клавесиндерге арналған пьесалар жазуда композиторлар мелизм (дауысты мелодиялық тұрғыда безендіру) арқылы ұзақ ноталарды созып отырған. Клавесин алғашында тек музыкалық шығармаларды сүйемелдеу үшін ғана қолданылған.
Пернелі аспаптардың тағы бір түрі – спинет. Спинет XV, XVI және XVII ғасырлары бүгінгі фортепианоның қызметін атқарған. Ол – бір пернетақталы, төрт октавалы клавесиннің кішкентай түрі. Спинет пернелі аспабын кезінде сәнгерлер әбден безендіріп, кейіннен уақыт өте келе оны тек үйдің бір сәнді жиһазы ретінде ғана пайдаланған.
Шетелде XVIII композиторлар мен музыканттар скрипканың сұранысынан кем түспейтін жаңа бір пернелі аспаптың керектігін сезінді. Сонымен қатар, оларға жоғары динамикалық диапазонды және күркілдек дауысты фортиссимо мен нәзік үнді пианиссимо керек болып жүр еді. Музыканттар мен композиторлардың бұл арманы да аяқсыз қалған жоқ: 1709 жылы Бартоломео Кристофори есімді италиялық музыкант алғашқы фортепиано аспабын ойлап тапты.
Содан кейін ол өзінің осы туындысын "gravicembalo col piano e forte" (нәзік әрі жарқын дауыспен шығатын пернелі аспап) деп атады. Бұл атау уақыт өте келе қысқартылып, жәй ғана «фортепиано» деп аталатын болды. Осыдан көп уақыт өтпей жатып-ақ дәл осындай аспапты Германиядағы музыка пәнінің мұғалімі Кристофор Готлиб Шретер (1717 жылы) мен француздық Жан Мариус (1716 жылы) жасап шықты.
Кристофор Готлиб Шретер
Кристофор Готлиб Шретер жасаған фортепиано
Кристофордың фортепианосының құрылымы аса күрделі болған жоқ. Аспапта пернелер мен киізден жасалған балғасы болды. Сонымен қатар, мұндай фортепианоларда ешқандай да басқыш болған жоқ. Пернені басқанда ондағы балға ішекті барып ұрады. Осыдан діріл дауыс пайда болады. Бұл діріл клавесиннің даусына да, клавикордтың даусына да ұқсамайды. Сырты ағаштан, шеті болаттан жасалған фортепианолар XIX ғасырда пайда бола бастады. Мұндай аспаптар қоңыраулы дыбысты жақсы шығарды. Осыған дейінгі аспаптармен салыстырғанда фортепианодан шыққан дыбыс ерекше болды.
Фортепиано өмірге келе бастаған шақта Еуропа классицизм дәуіріне көшіп жатқан болатын. Дәл осы кезде фортепиано аспабының саудасы қызып кетті. Ол барлық музыкалық жиындардың сәніне айналып, әр үйдің бір бұрышынан орын ала бастады.
Бұл аспап жарыққы шығысымен-ақ бүкіл музыкалық топтар мен ансамбльдердің репертуарларында күрт өзгеріс пайда бола бастады. Осының арқасында классицизм кезінде фортепианоға арналған жаңа жанр сұранып тұрды. Көп уақыт бойы клавесин тек сүйемелдеу үшін ғана қолданылып, жеке орындалмады. Ал фортепианоның динамикалық құрылысы оның жеке орындауға шамасы келетін аспаптардың қатарынан орын алуына себепкер болды. Ол жарыққа шығысымен-ақ скрипка секілді Еуропаның белді музыкалық концерт сахналарының төрінен түспеді.
Соның қарқасында фортепианоны халық тек атақты орындардан ғана емес, кез келген музыкалық ортада тыңдауға мүмкіндік алды. Фортепианоның үнін есту үшін қарапайым жұрт қанша ақша төлеуге де дайын болды. Осының нәтижесінде фортепианоға арнап түрлі шығарма тудыру да қажет болды. Мұнымен басы қатқан композиторлар үздіксіз жұмыс жасау арқылы талай сәтті туындылардың тұсауын кесті.
Классицизмді сырғытып романтизм дәуірі келгенде музыкада тұрмақ бүкіл өнер саласында сезім маңызды рөл атқара бастады. Осы арқылы Бетховен, Шопен сынды композиторлардың дәурені дүркіреді.
Романтизм кезеңінде фортепиано үй жағдайындағы музыкалық ойынның маңызды бір бөлігіне айналды. Музыкаға жаны құмар жандар тек фортепианоны ғана таңдады.
Фортепиано пернелі аспабының аты аспандаған сайын оған машықтанған пианинашы шеберлер де көбейе берді. Әйткенмен өзінің тұғырынынан сәл болса да төмендеген клавесин аспабы толық түрде сахнадан түсе қоймады. Оның нәзік даусын бүгендері де сахнадан естуге әбден болады. Сонымен қатар композиторлар да осы аспапқа арнап шығарма жазуын тоқтатқан жоқ.
Фортепианоның өмірге келуі жалпы мәдениет пен өнер саласында төңкеріс жасайтындай күшпен теңелді. Бұл туынды бүкіл Еуропа музыкасының ағынын ауыстырып, түтінін түзеді деуге де болады. Өткен үш жүз жыл бойы әйгілі композиторлар фортепианоны жанына серік етіп қаншама ұлы классикалық шығармалардың бетін ашып, жұртқа паш етті. Бүгіндері фортепиано өз тұғырынан түскен емес. Тіпті көптеген адамдардың үйлерінің төрінен орын алған бұл аспаптың музыка тарихында алар орны тіпті айрықша. Фортепиано бізге дәл осы күнгідегідей үлгіде келе қойған жоқ. Оның фортепиано болып бітуіне дейінгі өзгерістері бізге нағыз ұлы аспапты алып келді.
А. Әбілхан