Б/У ЖҮРЕК САТАМЫН

Б/У ЖҮРЕК САТАМЫН
жеке
блог

жүрек

Б/У ЖҮРЕК САТАМЫН...

(гротеск-өлең) 

 «Б/у жүрек - бұрын ұсталған жүрек сатамын... Бұрын біреуді сүйген, бір-екі рет күйген... Бір ғана қожайыны болған. 40 жылға мед.гарантиясы бар.
Қаны – қазақы, I топ. О(I). Rh+. Қаны I, II, III, IV топтағылармен де жараса береді. Жылы − 1979. Madе in Qazaqstan. Бағасы − келісімді. Басқа да варианттар қарастырылуы мүмкін. 
Хабарласқыңыз келсе, 
тел: 8-701-534-2006». 

www.bazar.com сайтынан. 


Интернетке берiп қойдым жарнама, 
Небір дүние түскен екен саудаға. 
«Нан зауытын сатам»− дейді нән көкем, 
Ақша таппай жүрсе біреу нанға да... 

Сатам депті біреу қымбат үйлерін, 
Сатам депті біреу бір жақ бүйрегін. 
Сатам депті бір бойжеткен пәктігін, 
Сатып кетті депті біреу сүйгенім... 

Сатып жатыр біреу қызыл қанын да, 
Сатып жатыр біреу жастық шағын да. 
Сатып жатыр, сатып жатыр біреулер, 
Ұятын да, Намысын да, Арын да... 

Ал мен... б/у жүрек сатам, алсаңыз, 
Нәзік жүрек, нағыз жүрек, нансаңыз?! 
Бұл жүрекке... баяғыда ғашық боп, 
Бір сүюді арман еткен қанша қыз?! 

Бұл жүректі Құдай өзі сақтаған, 
Операция үстелінде жатпаған, 
«Тірі болсаң, жүз жыл бойы соғар!», − деп, 
Кардиолог дәрігерлер мақтаған! 

Толып жатыр сумаңдаған сұм жүрек, 
Болып жатыр құлқынына құл жүрек. 
Басқалардан айырмасы, бұл жүрек − 
Шын жылайтын, шын сүйетін, шын жүрек... 

Жаңа емес... Б/у жүрек, расында, 
Жаратылған Жиырмасыншы ғасырда. 
Сағынбаған, ауырмаған, сау жүрек 
Қайдан болсын мына менің жасымда?! 

Түсіне алар оны жас та, кәрі де, 
Төзе алады, көне алады бәріне. 
Бұл жүректі ұстай білсе аялап, 
Бір адамды сүйе алады әлі де... 

Сүйе алады... Ескі де емес жылы аса, 
Бұрын күтіп ұсталған де - сұраса, 
Б/у жүрек сатамын мен, ал егер 
Жақсы адамға тегін берем, ұнаса... 

Жүрегімді бір адамға қалдырып, 
Өз қолымды қойып кетем заңды ғып. 
...Жақсы атым − жүрсе халық есінде, 
ЖҮРЕКСІЗ ДЕ ӨМІР СҮРЕМ − МӘҢГІЛІК!.. 

 авторы: Алмас Темірбай 
Жүрек