Қай күні туылдыңыз #2

11-і туғандар: Идеалист, өте сезімтал, тез жараланғыш жан. Өзі құрметтейтін адамдардың өзін түсінбеуін күйзеліспен қабылдайды. 11 – магистрлік сан. Адамдарды өзіне тартып тұрады. 11-жұлдызда туғандардың «жауы» болмайды. Себебі ол өзі өзгелерге тек достық көзқараспен ғана қарайды. Қиын мәселенің шешімін тез табады. Ойы ұшқыр. Шығармашылық қабілеті жоғары. Өзгені қорғап, өзгені асырауда алдына жан салмайды.

12-сі туғандар: Көпшіл. Көп адам оған еліктейді. Бірақ ол бұған бола өзгелерге мұрнын шүйіріп кетпейді. Әр жақсы көрген сайын бар пейіл, ниетімен ұнатады да, бірақ махаббат толқынына мүлде батып кетпейді. 12-жұлдызында туғандар салмақты, дегенмен Құдай берген талантын шаша бермей, жинақтап, бір мақсатқа жұмсағаны жөн.

13-і туғандар: Нағыз жұмыскерлер. Өз жұмысын беріліп істейді, тіпті оның айналасындағылардың өзі бұл қабілетіне өте таңданып қарайды. Олар кәсіби сәулетшілер іспеттес, жұмыста болсын, адамдармен қарым-қатынаста болсын, қате жібермеуге тырысады. Қай істің болсын негізін дұрыс қа¬лайды. Жоспар бойынша жұмыс істеп, оның игілігін көреді. Көп еңбек етіп, аз демалады, осы жерде үйлесімділік бұзылады. Сондықтан демалуға, сезімге берілуге уақыт бөліңіз.

14-і туғандар: Ерекше сөйлеу қабілеті мен шығармашылық талантқа бай. Сезімтал. Адамгершілік қасиеті мол. Өз көзқарасын өзгеге дәйектеп, дәлелдей алады. Ісі нәтижелі болады. Ол әңгіме айтқанда оның шынайылығына ешкім шәк келтіре алмайды. Тосын оқиғалардан, тосын құбылыстардан қорықпайды.

15-і туғандар: Мейірімді, өзгеге жаны ашығыш. Өзгеге жаны ашып жүріп, өзі де қиыншылықтарға тап болады. Өмірдің ауыртпалығын көтеріп жүргенімен ешкімге шағынбайды. Үйін, отбасын ойлайды. Оның барлық әрекет ісіне махаббат басшылық жасайды. Білім алуға, оқуға ұмтылысы мол. Ол көпшіліктің мейіріміне бөленеді. Бала¬лармен бірге ойнағанды, бірге жүргенді жанындай жақсы көреді.

16-сы туғандар: Жақындарынан бөлінгісі келмейді. Тіпті етене таныс емес адамдар да оны төңіректеп жүреді. Өзі өте қарапайым. Ұлы адамдарға тән ақыл-ойға ие. Жалпыға бірдей ұғымды нәрсе ол үшін қызықсыз, мәнсіз. Ол үшін ең маңызды нәрсе – білім. Өзін-өзі сынауға, талдауға бейім. Өзінің тоқырауына жол бермейді.

17-сі туғандар: Оның өнертапқыштығы өмірдегі қажетін табуына көп көмектеседі. Ойының жүзеге асуына көп күш салады. Оның мүмкіндігі шексіз. Қызығушылығы мол. Еті тірі. Мұның бәрі оның танымал болуына негіз қалайды, алға жүруіне ықпал етеді. Өзімен-өзі болғанды қалайды, ондайда өз ісіне риза болып, тіпті мақтанатындығын да жасыра алмайды, өзіне өзі сенімді.

18-і туғандар: Кез келген адамды қай ісінен болсын, екі орап кететін жандар. Жан-жақты, ерекше қабілетті. Кез келген ойын жүзеге асыра алады. Оның ой-өрісі бәрін түсінуге мүмкіндік береді. Өз талантын табысты жұмыстарға жұмсайды. Қолға алған ісін өзі өте жеңіл орындайтындықтан, өзгелердің былжырап жүретіндігіне жыны келеді. Соңынан адамдарды ерте алады.

19-ы туғандар: Ойламаған жер¬ден орындарынан тұрып кететін адамдар. Олар өзгенің ойын жүзеге асыруда алдына жан салмайды. Өз жұмысын бүге-шүгесіне дейін біледі, кез келген істі жалғастырып кете алады. Үйде жұбайының жоқтығын білдірмейді. Нақты ойлауға дағдыланған. Әр мәселені терең түсінуге тырысады да, оған баға бергенде көп қиналмайды. Біреуді жақсы көрсе, жан-тәнімен ұнатып, жек көрсе, адам алғысыз етіп тастайды.

20-сы туғандар: Өзгелер үшін үнемі өзін құрбандыққа шалатындар. Өзін осылай шаршата берсе, түптің түбінде күш-қайратынан айырылады. Өзгені түсіне алатындығы үшін оған сырт адамдар өз мәселелерін айтады. Дегенмен ақкөңілділіктің де шегі болады. Осыны ес¬тен шығармаған жөн. Мінезі жұмсақ, нәзік, түсінігі мол, кең пейілді. Бұл – оған Тәңірдің берген сыйы.

21-і туғандар: Ақсүйектік өмірге бейім. Тілі шешен, өткір. Өзгелермен оңай тіл табысады. Қай ортада болсын басты назарда болғанды қалайды. Терең пікірталасуға барудан қашқақтайды. Бірақ мәселенің мәнін тез аңғарып, өз пайдасына қарай шеше қоятын мі¬незі бар. Өмірді сөзбен өрнектейтін жан.

22-сі туғандар: Ол – өмір сәулетшісі. Бей-берекеттік, жоспарсыздық жанын жаралайды. Іске асыратын жұмысының ұсақ-түйегіне дейін ойластырып барып, жүзеге асырады. Өзіне сондай сенімді, ешкім оны өз ойынан қайтара алмайды. Материалдық жағынан сәл қиындықтар көргенімен, ол оған мән бермейді. Себебі оның білімі мен тәжірибесі түптің түбінде оны бұл тығырықтан алып шығады.

23-і туғандар: Өзгерістер мен сөз өмірінің басты қағидасы. Ол – сөз қадірін терең түсінетін жан. Актер, әдебиетші, радиожурналист, сауда мен педагогикалық істерде де бағы жанады. Адамдарды өзіне жылдам еліктіре алады. Оны көп адам сыйлайды, құрметтейді. Дегенмен ол көңіл күй арнасына жылдам беріледі. Оның намысына тисеңіз, көтеріліп кетеді. Мінезі құбылмалы.

24-і туғандар: Жеке адамның өсуі үшін қажетті мінездердің бәрі бойында бар. Жақсы көрген ісіне бар жан-тәнімен беріліп, жұмысын табысты аяқтайды. Тіпті демалу дегенді ұмытып кетеді. Анда-санда көңіл көтергеннің зияны жоқ. Үйі мен отбасынан өзге жақыны жоқ. Жақындары үшін қолынан келгеннің бәрін істейді. Өзгенің оған қол сұғуына жол бермейді. Айна¬ласын әдемілікке бөлеп, өзі соның қызуына жылынып отырғысы келеді.

25-і туғандар: Өмірдегі басты қағидасы – шыдамдылық пен тәртіптілік. Сырттағы жұрт үшін ол тасбақа секілді тым сылбыр көрінгенімен, ол бәрін ойымен екшеп отырады. Белгілі бір ойға берілген кезде өзге дүниені ұмытып кетеді. Құпия ілімдерге құмары ерекше. Адамдармен қарым-қатынаста адалдық, сенім, тазалыққа иек артады. Өзгелер оны көп түсінбеуі де мүмкін. Бірақ ол өзінің кім екенін анық біледі. Еш уақытта шыдамын тауыспайды. Мінезі қалыпты.

26-сы туғандар: Ол мықты, ақылды. Ірі бизнеске жетекші бола алады. Қайырымдылық қорын құруы мүмкін. Өзгелерге ақыл үйретуге де шебер. Үйі мен отбасына сүйіспеншілігі мол. Қандай жұмыты да кең ауқымда жүргізеді. Даңқ пен байлыққа ұмтылғыш. Оны үйлесімді жүргізе алады.

27-і туғандар: Оның мүмкіндігінде шек жоқ. Өне бойы тосын нәрселер іздеумен болады. Өмірдің бір кезеңінде ол мистикамен айналысады, құпия өмірдің жұмбағын шешуге күш салады, «жүзеге аспайды-ау» деген бұлдыр жоспардың етегінен ұстап жүреді. Оның іскерлігі сондай, қиялдың өзін нақты өмірге айналдырып жібереді. Ойға берілуді жақсы демалыс деп ойлайды.

28-і туғандар: Ол қандай ортада болсын, тізгінді өзгеге бермейді. Шатқаяқтап тұрған істі түзетіп жібереді. Ойлау жүйесі өзгеше. Ұйымдастырушылық қабілеті ерекше. Жаңа ойларын өзге арқылы жүзеге асырғысы келіп тұрады. Адамдар арасындағы қарым-қатынаста жылылық қалыптастырады.

29-ы туғандар: Адамы көп ортаны іздеп тұрады. Біреуге жаны ашып көмектеспейді, өзіне пайдалы жағын ойлап көмектеседі. Екінші біреуге қажеттілікті дәл ұға біледі. Оның ойынан артылатын еш нәрсе жоқ. Өзіне керекті нәрсені бүге-шігесіне дейін біліп ала қояды. Достары көп, қызығушылығының аясы кең. Көптің көзіне түсіп жүруді қалайды. 29 санының жағымсыз бір тұсы – эгоистік. Одан құр алақан емес.

30-ы туғандар: Ойы мен сезімін әрқашан ашық айтып отырады. Оған махаббат билік жүргізеді. Көпшіл. Адамдарды өзіне тартып тұратын қасиеті бар. Әділдігі мен сөзге шеберлігінің арқасында біраз жетістіктерге қол жеткізеді. Ірі істерді басқарып, алға қойған мақсатына қол жеткізеді. Олар талантты болып келеді.

31-і туғандар: Көп нәрсені көңіл көзімен көретін туа біткен қабілеті бар. Өзі де сонысына орай таза, сенімді. Әріптесі, жолдасы, отбасы үшін адамгершіліктің қазынасы іспеттес. Шығармашылық ойды жүзеге асырарда оны әбден кесіп-пішіп алады. Ұсақ-түйекке назар аудармайды. Қабілеті оны биікке шығарады. Өзінікінен бұрын өзгенің мәселесін шешуді ұнатады. Өзін ұмытпағаны жөн.



Бөлісу: