"Өлеңдерің неге мұңды?"

 

«Өлеңдерің неге мұңды?...»

«Өлеңдерің неге мұңды?» – деп сұрадың қарындас
Бәлкім мұңсыз ешбір өлең жазылмас
Қалам ұстап, өлең жазған пенденің
Мұңы болады, ешқашан да басылмас

Біз осындай пендеміз, қуаныштан мұңы басым
Мұңнан туған жырлары бір-бір алтын
Көңілі адамдардан қалған кезде
Түнде тұрып, ару Айға сөз салатын

Біз осындай пендеміз, жиі-жиі мұңаятын
Мұңдары түн ішінде оятатын
Аспаннан Айды әкеліп берсең дағы
Құшағынан сол мұңның шыға алмайтын

Біз осындай пендеміз, мұңдары мазалап оятатын
Теп-тегіс, түзу жерде құлататын
Қуанса, қуанатын жас баладай
Мұңайса қолға алатын қылқаламын

Біз осындай пендеміз, жыр жазатын
Өлеңмен сахарада шөл басатын
Мұңайып шығарып сап кешке Күнді
Ал түнде шоқ жұлдызбен сырласатын

Біз осындай пендеміз, мұңсыз өтпес күндері
Өлең десе жиып қояр ұйқы менен күлкіні
Қанша өлең жазса дағы мұңайып
Мұңдарының жамалмаған жыртығы

Біз осындай пендеміз, өмірге еркелеген
Поэзия деген елді мекендеген
Адамзатқа сәлем жолдап жыр-кемеден
Өмірді өрнектеген өлеңменен

Біз осындай пендеміз, сезімі өзін-өзі жиі алдайтын
Бір қуанса, күлкісін тия алмайтын
Бар байлығын әлемнің берсең дағы 
Тәтті мұңын ешкімге қия алмайтын

Біз осындай пендеміз, мазалаған тәтті мұң
Мұңайса да, жырлап жүрген бұл өмірдің шаттығын
Өзінше түнде тұрып, қалам ұстап, ақын боп
Мұңдарынан іздеп жүрген бір бақытын

Бұл күнде біреулер жүр бақыт іздеп қаладан
Біреулер бар, бақыт іздеп, бар бақыттан адасқан
Туған жерден тауып бірі бақытты
Енді бірі шекара асып, жоғалған

Теріп жүрген тас ішінен жақұтты
Өлеңменен қуантатын сан жұртты
Қалам ұстап, өлең жазған пенде үшін
Жыр туғызған мұңы бар жан бақытты!...

25.08.2013 жыл
Алматы қ.
Жандос Оспанбаев


Бөлісу: