Шаршамашы

Шаршамашы
жеке
блог

Қыз едің ғой жүретұғын тайсалмай

Неге қалдың жарты жолдан тосылып

Бара жатыр неге бейнең байқалмай

Үмітсіздер тобырына қосылып

 

Жүруші едің жайсаң жүзің жарқырап

Көздеріңнен жылу нұры бөлініп

Айтшы бүгін неге қалдың абдырап

Сенімсіздер қатарынан көрініп

 

Саған үміт артылып ед телегей

Сол үмітті шығардың ба бекерге.

Бұршаққа да төтейтұғын елемей.

Төтемедің бүгін жауған  нөсерге

 

Батыр едің, батыл едің өр едің

Бар  мұңыңды жарқын күлкің  көмкерген

Дауыл едің, боран едің, жел едің

Күшің  тасып, тауларды да төңкерген

 

Тауың тұрмақ, шөптің басын тербемес

Сол дауылдан самал қалды бүгінде

Бір кездері оттай жанған көздердің

Бүгін енді бос кеңістік түбінде

 

Сол самалмен үрлеп қана маздатып

Жастық атты жалыныңды лапылдат

Жылқы жылы сәттілікке жетелер

Жолсерік боп жолықса екен ақылды ат

 

Селқос болып, сарсаң күйге шалдықпай

Жылқы жылы шаршамастан шабыңыз

Мойымаңыз қиындыққа қамықпай

Сары ат мінген Айша атты сары қыз