Еркін Нұржанов:Иә,Қазір Аягөзбен бірге емеспіз...

– Еркін, ассалаумағалейкүм! «Жігіттердің» он жылдығында бірге ән шырқадыңыздар. Өнер жолын бірге бастаған достарыңызбен қанша жыл араға салып сахнада қатар тұру қандай сезім сыйлады?
Жеткіншек, Орал

– Уағалейкүмассалам, бауырым! Өте керемет сезім! Бір сахнада көптен жоғалтқан, көптен сағынып жүрген сезіммен қайта қауышу деген айтып жеткізе алмастай қуаныш екен. Бәріміз бірге сахнаға шыға келгенде халық шулап, тіпті орындарынан тұрып кеткендері де болды. Олар солай сезініп, қуанса, мен екі есе қуанып тұрдым. Баяғы кездер еске түсті...

– Кей-кейде «Жігіттерден» кеткеніңізге өкінбейсіз бе?
Тәттігүл, Алматы

– Жалпы, мен өмірде не істесем де «Алланың әр ісінің қайыры бар» деп жасағанды жақсы көрем. Бала кезден тел өскен достарымнан бөлініп жеке әнші болуым да қайырлы болды деп ойлаймын. Жеке әнші ретінде өмірге қанша әндер әкелдім, тыңдарманымды қалыптастырдым. Өзім де жеке адам ретінде өмір сүруді үйрендім. Орныма өз ерекшелігімен Мырзахандай әнші келді. Ол да – қазақтың талантты баласы, елге танылды. Сондықтан бұл шешімнен тек сәттілік қана көріп тұрмын. Еш өкінбеймін, қарындасым. Бұйырғаны осы болды.

– «Кәусар» атты студия ашыпсыз. Әлеуметтік желілерде достарыңыз сүйінші сұрап жатыр. Ол қандай студия? Енді сізді сол жерден табуға бола ма?
Ғазиза, Қарағанды

– Иә, өнерде жүргелі біршама уақыт болды. Жан-жағыңа қарап ойланады екенсің... Сонымен Алматы қаласынан ән жазу, той, мерекелік кештерді ұйымдастыратын студия ашып, қарындасым Жанелдің екінші қызы Кәусардың атымен атадым. Студия жұмыстарын енді бастап жатырмыз. Бұдан былай өз әндерімді сол жерде жаздыратын боламын.
«Жалғыздық Аллаға ғана жарасқан»

– «Жүрегімде қап қойған, жаным, саған кім екен Аягөз деп ат қойған?» деп ән салдырған Аягөзбен некелеріңіз сәтсіз аяқталды. Осының себебін нақты өз аузыңыздан естісем деп едім... Сіздің әнші болғаныңыз, үйге қарағанда түзде көп жүретініңіз себеп болған жоқ па ажырасуларыңызға? Сосын сізді мінезді дейтіндер бар...
Айман, Түркістан қаласы, ОҚО

– Неше сұрақ қойып тастадың, қарындасым-ау?! Иә, қазір Аягөзбен бірге емеспіз. Оның себебін дәл мынада деп айта алмаймын. Біріншіден, бұл – менің жеке өмірім. Екіншіден, өзіңіз айтқандай, сәтсіз неке болды, Алла тағдырымызды бір етпеді. Әрине, себепсізден-себепсіз ештеңе болмайды. Әнші екенімді, үйде емес, түзде көп жүретінімді ол маған тұрмысқа шықпай тұрып-ақ білді, соған келіскен соң ғана тұрмысқа шықты. Аягөз – біреудің аялап өсірген қызы. Артынан ешқандай жаман сөз айта алмаймын. Оның өз өмірі, менің өз өмірім бар. Ал мінезді дегеніңізге айтарым, адам болған соң, оның ішінде өнер адамы болған соң мінез болуы керек деп ойлаймын. Әйтпесе қырып-жойып, жан-жағымның берекесін алатын есерсоқ мінезім жоқ. Барлығы көңіл-күйіме, адамдардың қарым-қатынасына байланысты.

– Жеке өміріңіз туралы айта аласыз ба? Қайта отбасын құратындай ойыңыздағы аруды таптыңыз ба?
Мөлдір, Абай ауданы, ШҚО

– Тілек білдірушілер бар ма? (Күлді). Әзіл ғой. Жоқ, әзірге ол туралы ойланып жүрген жоқпын. Бірақ «Жалғыздық Аллаға ғана жарасқан». Өмір ғой... Егер көңілімнен шығып, тағдырымды, өнерімді дұрыс түсініп тұрған ақылды ару болса, ойланатын-ақ мәселе.

– Марқұм анаңыз сіз, сіздің өнеріңіз деп кетті. Көзі тірісінде қызық көрсетіп, перзенттік парызыңызды толық болмаса да «тәубе» дейтіндей атқара алдыңыз ба?
Жанар, Алматы

– «Анасының қарызынан құтылыпты» дегенді осы күнге дейін естімеппін... Анаңды үш рет жаяу Меккеге арқалап апарсаң да, бір түнгі ұйқысын бөлген еңбегін өтей алмайсың. Сондықтан не жасасам да міндет еткім келмейді. Тірі жүргенде әлі армандарым, анама жасарым көп еді. Бірақ Алланың ісіне шара жоқ, ажалға қарсы тұра алмадық... Анамның мені әлі де жас баладай көріп, өбектеп отыратыны туралы өткен сұхбаттарымда айтқанмын. Ол кісі көпшіл, парасатты жан еді. Жаңа ғана осы тікелей байланыста бір әйел кісі хабарласып: «Еркінжан, халің қалай? Анаңыз Баян апай менің қызымның мұғалімі еді. Апайы кеткен соң қызым күнде өзіңнің орындауыңдағы «Ана туралы жырды» тыңдап жылайды да отырады. Шынында да анаң керемет жан еді ғой. Көңілім босап тұр... Мен саған тек қана жақсылық тілеймін, алтыным!» деп кемсеңдеп тұр. Көңілім бұзылып кетті... Алла разы болсын ол кісілерге! «Анам тірі болғанда пәлен қылар едім, түген жасар едім...» деп артық айтқым келмейді. Бір шүкіршілік қылатыным, анам менің өнеріммен елге танылғанымды көріп кетті.

– Бір жылдай болды, жаңа, тыңдарманды селт еткізер әніңіз шықпай жатыр. Бұл неден? Шығармашылыққа көңіл бөлмей, той тойлап кеткен жоқсыз ба? Сосын еш жерден көріне де бермейсіз...
Жамал, Боранқұл ауылы,
Бейнеу ауданы,
Маңғыстау облысы

– Көріне бермегенде... шақырған жерге барамын, шақырмаған жерге «мен қатысайыншы» деп сұранбаймын. Алла қаласа, жақында керемет әндерімді тыңдайтын боласыздар. Соның бірі – Жұматай Жақыпбаевтың сөзіне жазылған Ибрагим Ескендірдің «О, Ләйлә» деген әні. Одан бөлек те жаңа әндер бар. Бұрынғы әндерімнің көбісі Шымберген Сүлейменовтікі болатын. Қазір Шәкеңмен көп кездеспей жүрміз. Сосын бұрынғы әндерімнің бір-екі ремикс нұсқасын жаздырдым.
Көп нәрсені жүрекке салмауға тырысамын

– Тағы бір сұрақ. Достық, жолдастық деген ұғымдарды қалай түсінесіз? Сізді сатып, жерге қаратып кеткен достарыңыз болды ма?

– (Ойланып). Ойланып көрейін, есімде жоқ сияқты... Жо-о-оқ, ондай сатып кеткендер болмапты достарымның арасынан. Оған да тәубе. Былайша майда-шүйде әңгіме айтып жүргендер бар ғой... Ондай-ондайға мән бере бермеймін. Негізі, мен көп нәрсені жүрекке салмауға тырысамын.

– Өмірде барлық нәрсенің қайтарымы бар деп жатады. Сіз осы пәлсапаға сенесіз бе? Кейде ойланбай жасаған ісіңізге бола опық жеп, жүрегіңізге зіл түсетін сәттер бола ма?
Гүлмира, Ақсай қаласы, БҚО

– Пендеміз ғой... Ең бастысы – сол қателіктерден сабақ алу.

– Неге жеке шығармашылық концертіңізді бермейсіз? Сосын жеке үнтаспаңыз шықты ма, жаңа бейнебаян түсірдіңіз бе?
Шерхан, Тараз

– (Күлді). Менің шығармашылық кеш беруім жыр болды ғой... Жеке концертімді ендігі жылдың көктеміне берсем деп отырмын. Көбісі жаңа әндерден құралған әнжинағым өндіріске берілді, жақында жарық көреді. Сол әндердің ішінен тыңдарманның көкейінен шыққан біреуіне бейнебаян түсірмек ойым бар. Енді оның желісін ойластыру керек болып тұр.



Бөлісу: