АДАМЗАТҚА

АДАМЗАТҚА

Көк аспанда жарқ ететін жасындар,
Ақ арына кір шалдырмас асылдар.
Танымастай сен өзгеріп барасың,
Өткен сайын айлар, жылдар, ғасырлар.

Жап-жас болып түңілер ме ем мұншама?!
Удай ащы ішер ме едім мұң-шарап?!
Алдыңдағы дұрыс жолды көрмейсің,
Көздеріңді тастаған ба тұмшалап?!

Арды ұмытып қу қарының тойғанда,
Ессіздігің асып түсті қойдан да!
Жөнді сөздер жүрегіңе жетпейді,
Құлағыңа тығын тығып қойған ба?!

Бірдей болып ақиқат пен жалған да,
Ой-санаңды түнек жаулап алған ба?!
Үндемейсің жамандықты көргенде,
Жағың семіп, тіл байланып қалған ба?!

Ойлан! Ойлан! Ойланатын кез келді,
Ненің дұрыс-бұрыстығын көз көрді...
Есіңе алшы қандай едің бір кезде?!
Әй, Адамзат!
Неге мұнша өзгердің?!

Пенделікке тізе бүктің сен неше...
Жанды қинап, ар азабы меңдесе,
Түзелуге мүмкіндігің бар әлі,
Әй, Адамзат!
Ойлан, ойлан, ендеше!..
 Алпамыс ФАЙЗОЛЛА



Бөлісу: