Интернет "өмір" - ит екен...

Интернет дейміз ау, ауызды толтырып, өркениеттің құнды жетістігі болып табылатын ғылыми технология және ақпараттық технология құралдарын пайдалану, жүзеге асыру, ойлап шығарудан көш соңында жүретін қазақ үшін, "Интернет" деп ауыз толтыра айтуымызға не жорық. Мейлі, қазір еңбектеген сәбиден, еңкейген кәріге шейін "интернет" десе құлағы елең ете қалады. (Жастар туралы айтпай-ақ қояйық асыл өмірін көгілдір экран алдында құрбан етіп жатқан) Яғни, интернетті тұрмыстық санаға "құндылық" етіп, мықтап енгізіп алдық. Осы тұрмыстық санадан басталады "ит өмір". Менің ойымша, электронды есептеуіш машинкалардың (ЭЕМ) пайда болуымен, адамзат үшін "виртуалды өмір" деген ұғым дүниеге келді. "Виртуалдың" артықшылығы сол қалаған уақытта, қалауыңдағы жанмен, жағыңды талдырмай-ақ (мылқауларша , тұрғылықты мекеніңнің қаншалықты ұзақ-жақын болуы маңызды емес) байланыс орнату мүмкіндігі. Мұның түпкілікті зардаптарына тоқталғым жоқ, бірақ қоғамдық қарым-қатынас пен адамгершілік һәм бірлесіп өмір сүру деген сияқты адамзат құндылықтарына үлкен әсерін тигізіп жатқанын байқап отырмын.

Интернеттің ең басты қауіпті күші "еркіңді" еріксіз, оп-оңай бағындыра алуы. Әлеуметтік желіні пайдалану уақытында, уақыт өлшемін бағамдай алмау осының бір дәлелі болса керек. Интернет өмірдің "ит" екенін дәлелдегісі келетін, бір-екі мысалдарды айтқым келіп отыр. Қала тұрғыны. Интернетті белсенді пайдаланушы. Ауылдан анасы келеді"Баламның жағдайы қалай?" - деп. Баласының анасымен жағдай сұрасуға уақыты жоқ. Өйткені, виртуалды әлемдегі достары мұны өзіне еріксіз тартып, оған мұрша беріп жатқан жоқ. Анасының көңілі "бей-жай" ауылға қайтты. Кім кінәлі? Ауылдан іздеп келген анасы кінәлі ма болғаны ма? Анаға деген балалық махаббат, перзенттік борыш, ананың ақысы қайда қалды. Интернет осылай итке айналып отыр, әлде осылай адамды "наданға" айналдырып отыр.

Көпшілігіміздің басымыздағы жағдай, таңертең жұмысқа немесе оқуға барамыз. Бірінші, әлеуметтік желідегі пошта жәшігіңізге құмарлық ауып тұрады. 5 минут көре салайын, сосын жұмысқа кірісемін дейсің, қайдағы кіріскен. Интернет деген құдырет басыңды айналдырып алып кетіп қалады. Әкетіп қалған. "Шәйға адам есірткіденде артық тәуелді болады" дегенді естіген едім. Айтар едім, интернеттің жанында "шәй" жолда қалып кетеді деп. (өзім интернетке кірерде "лимонсалған шәй мен қантымды" дайындап аламын )

Сонымен, интернет - уақытыңды босқа өлтіретін қу дүние. "Интернет өмір - ит екен ау деп осыларды ойлап отырып түсінесің. Қалай дегенде де, интернетсіз өмірді елестету қиын.

"Қойшы, бұл айтқандарың түкке тұрмайды, интернетсіз дүние бос!" деулеріңіз мүмкін. Инеттен(көп қолданып кеттім, енді қысқартып жазам :) ) қыруар қаржы, пайда табуға болады, монетизация жолдарын білсең болды, - дейтіндер бар, бірақ олар саусақпен санарлық қана. Инетті сауатты қолдана білсең, пайдасы бар дегенге қосыламын. Сауатты мен сауатсыздықтан келіп шығады барлығы. Инетті қолдана бастағанда, виртуалмен байланысқа түсу процесінде бастың толық жұмыс істей алатынына күмән бар. Түрлі командалар мидан келе бастағанмен, нәпсінің ермегіне ере бару 99% шығар деп ойлаймын. "Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар, қызықтан өзге қалсаң бос, қатының, балаң, досың бар" деген Абай атамыздың сөзін, "Интернетсіз дүние бос, желіге оны қосыңдар. Қызықтың бәрі осында, қатыныңда, балаңда, досыңда" ұғымы басып отыр ау.

Құндылықтардың қайта құрылу заманымен бетпе-бет келіп тұрғандаймыз. "Инетсіз дүние бос" деп жүріп, өмірімізді босқа өткізіп жатпағанымызға тағы бір көңіл бөлген дұрыс ау. Интернетке қарсылығым жоқ, бірақ, өз бойымдағы "виртуалтәуелділікпен" күресуді қолға алғалы қашан. Әлі, сол күйден арыла алмай келемін. "Инет жоқ, рахат" деп фэисбукке жазып едім. Сол уақыт аралығында біраз идеялар туындап қалыпты. Бос кеңістікті инет ақпарға толтырамыз деп, бастағы туған идеяларды құрбан етіп жүрміз-ау деп қояды бір ойым.

Қысқасы, кез-келген нәрсеге баға берерде "жақсы&жаман" деген өлшеммен алып қараймыз ғой. Қоғамдық құбылысқа қарасаң "жаман" екен бұл пәле деген ойға еріксіз ораласың. Жастың келешегіне әлеуметтік желіні шектен тыс пайдалану пайдалыдан гөрі зияндырақ.    



Бөлісу: