Ильиннің жаңа қарсыласы

Ильиннің жаңа қарсыласы
жеке
блог

Ауыр атлетика соңғы Олимпиадада қазақ үшін алтынды «күреп» алған спорт түрі болды. Бұған дейін бір ғана спорттың түрінен бір Олимпиадада төрт алтын алып көрмеп едік. Кеңес Одағының тұсында да бір спорттыңтүрінен үш алтыннан артық алмағанбыз...

Юрий Зайцев, Виктор Мазин, Анатолий Храпатый сынды тарланбоздарымыз Олимпиада алтынымен апталған спорт түрінен Лондон Олимпиадасында төрт алтын медаль олжалап, бөркімізді аспанға атқанбыз.

Ешкімге ұқсамайтын, тума талант Илья Ильин Бейжің және Лондон Олимиадаларында теңдесіз танылғынын білесіздер. Лондон төрінде сондай-ақсырттан әкелген үш қызымыз да сенім үдесінен шығып, еліміздің мерейін өсірген.

Екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған Илья Лондондағы ерен жетістігінен кейін 94 келі салмақтан 105 келіге ауысатынын мәлімдеді. Бірақ чемпион жігітімізөзіне демалыс жариялап, әлі зілтемір көтеріп, сайысқа түсе қойған жоқ.

Жақында Польшаның Вроцлав қаласында әлем чемпионаты өтті. Осы біріншілікте 105 келі салмақта 1991 жылы туған өзбектің Руслан Нурудинов деген толағайы топ жарды. Ол – ала тақиялы ағайындардың арасынан шығып тұрған тұңғыш әлем чемпионы. Бұрын-соңды Өзбекстанда ауыр атлетикадан чемпион шықпаған екен.

Руслан – Өзбекстанның Әндіжан облысы, Ханабад қаласының тумасы. Польшада ол үш бірдей алтынға қол жеткізді. Жұлқа көтеруде 190 келіні, серпе көтеруде 235 келіні оңай еңсерді. Осылайша қос сайыс қорытындысы бойынша 425 келімен чемпион атанды.

Ал күміс жүлде алған ресейлік Давид Беджанян одан 20 келі кем көтерді. Негізі, Беджанян осал зілтемірші емес еді. Ол бұдан бұрынғы әлем біріншілігінде 105 келіге дейін салмақта серпе көтеру жаттығуында әлем рекордын жаңартқан болатын (238 келі). Ал өзбек батыры осы рекордшының өзін «шаңына» ілестірмей кетті. 

Осы жеңісінен кейін Нурудинов:

– Серпеде көтеруде басты қарсыласым Бенджанян болатынын алдын ала білдім. Ол дәл осы серпе көтеруде әлем рекордын жаңартқан. Ал жұлқа көтеруде чемпионат қожайыны, поляк Бартломея Бонкамен сайысқа түсуге тура келді. Бонка Олимпиада ойындарындағы жұлқа көтеру сайысында меннен озып кеткен болатын. Бұл жолы есе қайтардым. Енді келесі әлем біріншілігінде міндетті түрде рекорд жаңартуға тырысамын. Келесі чемпионатта бәсекелестік бұдан да жоғары һәм шиеленісті болады.Өйткені онда Олимпиада лицензиялары сарапқа салынады. Сондықтан тізгіндерін тартып жүрген таланттардың барлығы сынға түседі, – депті.

Ал келесі әлем чемпионаты 2014 жылы Астанада өтетінін білесіздер. Ильяныңжаңа салмақтағы басты қарсыласы өзінен үш жас кіші осы өзбек спортшысы болатын тәрізді.

Естеріңізде болса, Ильин Лондон Олимпиадасында 418 (185+233) келіні көтеріп,өз салмағында рекорд та жаңартқан. Бірақ біздің Илья жұлқа көтеруде асақарымды емес.

Ал Нурудинов Қазандағы универсиада мен Польшадағы әлем чемпионатында 190 келі қиналмай көтерді. Сондай-ақ серпе көтеруде өзбек баһадүрі Польшада 235 келіні көтеріп, Ильиннің Лондондағы көрсеткішінен асып түсті.

Бірақ біздің Илья 105 келі салмақта әлі өнер көрсеткен жоқ. Сондықтанқорытынды шығаруға әлі ерте. Ол 94 келі салмақ дәрежесінің өзінде 105 келідегі көп зілтемірші көтере алмайтын салмақтарды еңсерген.

Ендеше, 105 келінің қызығы мен шыжығы әлі алда. Қызықтың көкесі Астанадағыәлем чемпионаты мен Рио-де Жанейродағы Олимпиада ойындарында болайын деп тұр. Біз өз спортшымызға сенеміз. Орыс пен украинның Ивановтарынан озғанбыз, енді өзбектің Нурудиновінен асу керек...