ИНЕНІ АЯҒЫМЕН САБАҚТАҒАН ҚЫЗ

ИНЕНІ АЯҒЫМЕН САБАҚТАҒАН ҚЫЗ
жеке
блог

ИНЕНІ АЯҒЫМЕН САБАҚТАҒАН ҚЫЗ

Немесе «шырағың сөнбесін», Динара!

 

-         Қолым жазылса екен. Елмен қатар елге қызмет жасаймын. Басқа адамдармен тең болып, қуаныш пен бақытты олармен бірге көргім келеді...

«Арманың не?» деген сұрағымызға жауап берген Динара көзіне жас алды. Динара Шариповаға дәрігерлер балалар церебралды салдануы диагнозын қойған. 10 жасқа дейін ешбір қозғалыссыз жатқан Динараға тағдыр тілеу білдіргендей, ол бойындағы қайсарлығы мен болашаққа деген сенімнің арқасында жүріп-тұра алатын болды. Ал дәрігерлер мұндай диагноз қойылған балалар екі аяққа бірдей тұрып, қозғалыс жасай алмайтынын айтады.

Динара ауыр диагнозбен туылғанда әкесі Самархан мен Бибігүл ауыр сынаққа төзімділікпен қарады. Динараны орнынан тұра алмаса да Алматыдағы №2 мүгедек балаларға арналған мектеп-интернатында оқытуға бел буады. Оқу орнынан арнайы мұғалімдер үй сабақтарын өткізетін болған. Уақыт өте келе талап пен жігер сал қыздың өнерге деген қызығушылығын ашып, тоқымамен айналысуды жанына демеу көреді. Динараның өнерін анасы алғашқы кезде тіпті байқамаған екен. «Әжеме сыйлық жасаймын деп теледидардан көргенімді жасап едім» дейді Динара. Ұсақ моншақ, шыны тас, маржан, інжулермен көмкерілген туындының барлығын да Динара аяғымен тігеді. Инені аяқтың саусағымен сабақтаған Динараның табандылығы кімді де болса таңғалдырмай қоймайды. Өткен жылы желтоқсан айында Ә.Қастеев атындағы мұражайда өткен көрмеде Динараның сегіз бірдей суреті қойылған екен.


Динара ғаламтордың белсенді пайдаланушыларының бірі. Оның ашқан жеке сайты (sharipova-dina.ucoz.ru) қазір де жұмыс жасайды. Бұл сайтта ол киімдерді аяғымен қалай тігетініне дейін видео арқылы көрсетеді.  

Мүгедек балалар ата-аналарының ассоциациясына биыл Тәуелсіздігімізбен қатар 20 жылдығын тойлап өтті.  Ұйым 1991 жылы желтоқсан айында құрылған болатын. «Шырағың сөнбесін» деп бата тілеген заңғар жазушы Тахауи Ахтановтың қызы Әсия Ахтанова басқаратын аталмыш орын 1998 жылдан бері Динараны жан жылуына алыпты. Анасы Бибігүл мезгіл сайын демалыс орындарына жіберіліп, арнайы сауықтыру кешендерінің курсынан өткен Динараның аяққа тұрып кетуіне бірден бір себеп – Мүгедек Балалар Ата-аналарының Ассоциациясы екенін айтады.

 43 жастағы Бибігүл Динараның ел құралпы өмір сүруіне аянбастан түн ұйқысын төрт бөлетін АНА жанының мейірін сезгендей болғанымыз рас. Аяулы АНА сонымен қатар, қазақ баспасөзінен ең бірінші болып «Жан мейірі» журналының тілшісі келіп отырғанын да жасырмады.