Арман қалай орындалады?

Арман қалай орындалады?
жеке
блог

Массагеттің қырағы оқырмандары бізге ұлыбританиялық продюсердің қызығушылық танытқанын білетін болар. Топтың продюсері Нұржан Тойшы топты құрып жатқан кезде әлемге қазақ музыкасының көркемдігін танытам деп армандаған болатын. Сол кезде продюсеріміздің бұл сөзіне күмәнмен қарағанымды несіне жасырайын? Бірақ Нұржан аға бізді осы арманымен "улап" тастады )

Мінекей, алғашқы қадам да жасалды. Бізді ағылшын продюсері байқап қалып, біздің өнерімізге өз көзімен куә болып, өз құлағымен тыңдау ниетімен Қазақстанға арнайы ат басын бұрды.

Қарапайым қазақтың қарадомалағы ретінде мен бір кездері домбыраны қолыма алып шертіп отырғанда, күндердің бір күнінде электродомбыраммен Қазақстанның ең мықты сахналарында өнер көрсетем деп мүлде ойлаған емеспін. Ол кезде домбыраны мені адамдар тыңдаса екен деп үйрендім. Бұл арманым орындалды деуіме болады. Рас, осы жолда қалай еңбектеніп, қалай жұмыстанғаным өзіме ғана аян. Бірақ ол кезде әлемдік сахна туралы ой үш ұйықтасам түсіме кірмеді. Бұл мүмкін нәрсе деп те ойлаған емеспін. Ал бұл күні Ұлыбританияның кәсіби продюсері біздің өнерімізге тәнті болды...

Оның біздің елге келуі жәй кездейсоқтық емес. Бұл біздің еңбегіміздің жемісі. Оған маңдай терімізді төге отырып жұмыс жасаған кездеріміз куә. Бұл біздің әлемдік сахнаны бағындырамыз деген арманымызға жасалған алғашқы қадам деп білемін. Өйткені арманның бір күні болмасын, бір күні орындалатыны рас екен. Шынымды айтайын ба, достар?! Бір кездері әлемдік сахнаны бағындыратынымыз анық! Оған сенімдімін! Осы арман жетегінде үздіксіз еңбек ететін боламыз.

Бұл блогты не үшін жазып отырмын? Айтарым – адам баласы үнемі армандап, сол арманмен өмір сүру керек. Армандау жеткіліксіз, осы арманға жету жолында жылы төсекте жатып емес, күні-түні тынбай еңбек ету керек! Жылы төсекте жатып армандауды бәрі біледі )) Ал еңбек ету деген... Қазақстанда шынайы, нағыз арман иегерлері қаншалықты мол болса, еліміздің болашағы соншалықты жарқын болмақ. Өйткені, біз тек өзіміз үшін ғана жұмыс жасамаймыз...