АМАНАТ АРҚАЛАЙ АЛАСЫЗ БА?

АМАНАТ АРҚАЛАЙ АЛАСЫЗ БА?
жеке
блог

Қазақ бола тұра аманатты түсінбейтін, аманатқа қиянат жасаудың күнә екенін сезінбейтін адамдар болады екен. Таңғалып отырмын... Дәл бүгінгі келеңсіздеу оқиға менің басымнан өткен күлкілі жағдайды есіме түсірді. «Бабалар аманатын» таратумен айналысып жатқанымды осындағы жұрт жақсы біледі. «Апа-ау, «Шуақты күндердің»  жалғасы шығады дедіңіз ғой, бастап жазыңызшы... Сатумен, таратумен де өзім айналысамын, уәде беремін», –  деген едім. Сол сөзімде тұруым керек деп тыраштанып жүрген кезім. Астана, Атырау, Ақтау, Семей, Өскемен, Кентау, Шымкент, Түркістан, Тараз... Қай жерге барсам да кітап арқалап жүруді әдетке айналдырдым. «Ел білсін, құлақтансын» деген оймен бастапқы 100 данасын жолдас-жора, көрші-қолаң, ағайын-туғанға тараттым... 
Жылдың басында Астанаға жол түсті. Оған дейін «хабарлық»  журналист сіңілдерім Мәншүк пен Жанна алып кетіп, көмектесіп жүрсе де, сол жолы өзім 30 кітап ала келдім. Хабарласып жатқан оқырмандардың көптігінен ғой, бір айда 30-40 кітап өтіп кететін. Уақытым тығыз болып аға-жеңгемнің үйіне әлгі 30 кітапты тастадым. «Сіз тек ақша санауды, сосын келген адамға кітап беруді біліңіз, болды. Сатып алушыны өзім табам»,  –  деп жеңгеме қадағалап тапсырғанымды қайтейін, соңғы 17 кітапты кезекті кітап сатып алушы жігітке ләм-мим деместен ұстата салған. Ол жігіттің (өзімнен үлкен екенін кейін білдім) кітаппен жұмысы жоқ, үйдегі жарының өтініші болғандықтан қолына ұстатқанды алған да жүре берген. «Әй, тентегім, 17 кітабыңды жіберген адамыңа бердім»,  –  деееееееп жеңгем звондағанда... Ары қарай айтпаса да түсінікті. Қайта телефон нөмірлерін жазып алып қалған. «Кітаптың бәрін үн-түнсіз көтеріп кете барғаны қалай?» – деп әлгі жігіттің үйіндегі кісіге, одан кейін сол жігіттің өзіне... Ұят-ааааааай! Әйелдігіме бастым дейсің! Жеңгемді ғооооой, екі аяғын бір етікке тығып қойғам... Желкемдегі ақ сайтанымның жайы өзіме белгілі. Ары кеткенде жақсылап 10 минут сілкінсем болды, түсіп қалады. Енді өз қылығыма өзім ұялып, уақыт өткізбей бейтаныс оқырмандарымнан кешірім сұрамаққа бекініп, әлгі жігітке хабарлассам, жеңгем одан алғанын кері әкелуді өтініп үлгеріпті. Үйдің кіреберісіне жеткенін айтқанда жеңгеме деген ашуым қайтадан бұрқ ете қалды... «Үйіне менің 30 кітабым сыймай қалған екен ғой...». Тап осылай ойладым. Ары қарай әңгіме былай өрбіді...
        – Құрдассыз ба, ағасыз ба, білмеймін, бірақ тап сол кітаптарды үйіңізге апарып қоясыз ба? Анау жеңгеме қатты ренжіп отырмын. Үлкен өтініш...Кітаптың иесімін, мені жерге қаратпаңызшы.. –  деп жеңгемнен әйбаттап «өш» алуға қол ұшын беруді өтіндім. Мен сияқты қисық-қыңыр, тентек әрі ерке, төбесінен құс ұшыртпайтын қырсық адамға ылғи сондай басынан сөз асырмайтын, кеудесін таптатпайтын, еркелігі мен тентектігі менікіндей адамдар үйір ме қайдам, әлгі жігіт сөзімді жерге тастамастан есіктің аузынан қайта кері кетіп еді. Ооооооой, қуанғаным-ай! Мұның жанында жауға жалғыз шапқан батырың далада қалады. 
...Жеңгем ол өзімнің жеңгем ғой. «Қара тентегім, балабасты болып миы ашып жүрген жеңгеңнің күйін саған берсін! Немерелерің жан-жағыңнан алып өзіңді де шаршатса екен, бәлем!» – деп хабарласты...))) Іздеп жүреді. Аллаға шүкір! 
Әңгіменің басы – аманат еді ғой. Аманатқа қиянат қылғандай көрінген сонда жеңгем... Бүгінгі адамның жауапсыздығы менің есімнен кетпес осы оқиғаны қағаз бетіне түсіртті. Бұл жолғысы менің емес, маған деп арнайы жіберілген аманат болатын...