Барып қайт, бала, ауылға..

Барып қайт, бала, ауылға..
жеке
блог

«Курорттан қайтып бара жатқан сапарларында жолай үйге соқпақ болған балаларын күтіп, Ерғабыл шал түн ортасы ауғанда жатса да, ертеңіне күн шықпай оянды. ... Шаңқай түс....Жаюлы тұрған сөреден құрт алып үлгерген аяқ-қолы шидей, көзі қитар, алтылар шамасындағы ұл бала табалдырықты кесіп тұра қалды.

-  Бар, бар атаңа бар.

Шал өзіне зорға келген немересін бауырына басып, бетінен сүйді. «Ой, тентек, атаны сағынбайсың-ау», - деп жаулықтай үлкен ақ орамалының шетімен көзін сүртті...».

Төлен Әбдікұлының «Қонақтар» әңгімесінен үзінді болатын. Оқи отырып, көз алдыма елестеп қосыла жыладым.  Дәл осылай бүгінде қанша қария әжім басқан қолдары дірілдеп жасын басыпты. Аптаптың ыстығы мен күннің суығына қарамай «балам үшін» деп тер төгіп сізді өсірген, қуанышыңызға шын ортақ боп, қайғыда демеу болған ата-ананы алыс ауылда қалдырып қана қоймай, қартайғандағы қуанышы - немересін бір көруді арман ететіндей олардың не жазығы бар? Дәулет пен думан қажетсіз кезеңде қара шаңыраққа қарап, «сонша бейнетпен баланы осы үшін өсірдім бе?» деп түңілген реңі жаныңызға батпай ма? Мен бір қартты білем. Төртеу ме, әлде бесеу ме, әйтеуір ұлдары көп болатын. Солардың тіпті, ең кенжесіне шейін үйленіп, бөлек шығып кетті. Өзі де әр көргенде тыныш таппай, бір нәрселерді жөндеп, анда-мұнда тасып жүретін. Көршілердің көп әңгімесіне мысал боп, «пәленнің соншама баласы не керемет көрсетіп жүр, қартайған шағында дем алуға уақыты жоқ» деген сөздерін құлағы шалса да елемеген боп, еш қайғысын білдірткен емес. Үлкен-кіші демей амандасып, керекті жерде ақылын жолай да айтып жүре беретін. Бірде қатты жылаған дауыстардан шошып үйге кірдім. Кейін білсем әлгі қарт қайтыс болыпты. Балалары сонда жиналып ас беріп, толассыз қонақтарды асыға жүгіріп күтіп жатты. Жас болсам да ойыма бірден, ендігі құрмет, ендігі көз жастың не керегі бар деген сұрақ түсті. Қанша дегенмен, бала, келін, немере деген әке, ата, әже сияқты туыстық атаулармен қоса естілген үйде мереке мен береке қатар жүреді ғой.

Бар жақсысын немереме деп жинаған ата-әжелерден баланы қызғанбаңыздаршы. Өмір керуен, қайтар дүние. Немере иісін сағынатын кездер сіздің басыңызға түспейді деп ешкім кепіл бола алмас. Ата-анадан жиі хабар алыңыз. Оларды құрметтеп, бағалайық. Әр нәрсені сылтауратпай бөбектеріңізді ауылға жіберіңіз. Атасының құлынына мініп, әжесінің құртын жеп қайтсын.