Шыңғыс хан мәселесі

Шыңғыс хан мәселесі
жеке
блог

          ХІІІ ғасырдың бас кезінде Шыңғыс хан басқарған моңғол мемлекетінің тарихи сахнаға шығып, аз уақытта орасан зор империяға айналуы «Шыңғыс хан»  мәселесін сол кездің өзінде-ақ зерттей бастауға әкелді. Қытай, Еуропа, араб, түркі зерттеушілері моңғолдар, олардың атақты билеушісі Шыңғыс хан жөніндегі мәселелерге көңіл бөле бастады. Бірқатар  еңбектер  Шыңғыс хан жорықтарының ізі суымай жатып-ақ жарық көрді. Мұндай  зерттеулердің қатарына  А.Жуайни, Мэн Хун, Марко Поло, Рашид әд-Дин, Плано Карпини және Вильгельм Рубруктардың еңбектерін жатқызуға болады. Сонымен қатар бұл мәселе төңірегінде  ХІХ ғасырдан бастап Н.Я. Бичурин, П.Кафаров,  С.Козин,  Г.Е. Грумм – Гржимайло, В.Я. Владимирцов, Т.Н. Потанин, А.М.Позднеев, С.Е.Малов тәрізді орыс ғалымдары да  қалам тартты [1, 27].              
      «Шыңғыс хан моңғол емес, қазақ екен», «Шыңғыс хан қанішер емес, азат етуші», «Шыңғыс хан өзге дінге қиянат жасамады, оны қайта сақтап қалды» деген  мәселелер  төңірегінде айтпаған ғалым, жазбаған жазушы жоқтың қасы. Шыңғыс хан төңірегінде қалыптасқан қилы-қилы ойлардың бірнешеуіне назар бұралық:
      « ...айтатындары – Шыңғыс хан  жаман,  қанішер,  пәленбай  қаланы қиратқан,  пәлен  жұртты  жойған.  Біз айтайық,  Шыңғыс ханның  және оның  ұрпақтарының  атының  тұяғы  тиген  ешбір  жерде  ешқандай  халық  жойылған  жоқ.  Бәрі де  ата-жұртында  өсіп,  өніп,  бүгінгі  күнге жетті. Әйтпесе,  қолда  тұрған  Қытайды  қырып  тастау  қиын ба еді? Орысты  орманымен  қоса  жоқ  қылуға шама жетпеп пе? Сартты жер бетінен  біржола  көшіру  тіпті  оңай  болатын.  Олай  жасамады,  ұлы қағанның  мұраты – басқаны жою  емес...» [2,196].                                                    ыыыыыыыыыыыыыыыыыыыыыыыыыыы
                                                                                                Мұхтар Мағауин      

«Шыңғыс ханды қазақ етудің қандай қажеті бар бізге? Қандай абырой табамыз одан біз?..   Шыңғыс ханның моңғол  халқына  жасаған  жақсылығы бар шығар, бірақ  біз  бұл мәселеге  қазақтың  ұлттық  мүддесі  тұрғысынан қарауымыз  керек қой. ...Кесене  түгілі, кесек  дуал салдырмаған, артына  қираған қалалардан  басқа  ешнәрсе қалдырмаған Шыңғыс ханды ту көтеру  не үшін керек?  Әлемді  білімділікпен  емес, тот басқан қылышпен  қорқытқымыз  келе  ме?» [3,195 ].
                                                                                                Өмірзақ Ақжігіт    
         «...Шыңғыс  ханның   жасаған   әрекеттері  Мағауиннің жазғанындай,  моңғол-түркілердің  басын  қосып,  бір керемет  мемлекет құру  емес.  Мұндай  ой  оның  басында мүлде  болмаған.  Егер ондай ниетті  көздесе  жарты  әлемге  моңғол-түркілерді  шашып,  қырғынға үшыратып  несі  бар.  Оның  іс-әрекеті  тек  басқыншылыққа  құрылды. Сондай  қаныпезер  адамға  табынып,  өзі  табынғанымен  тұрмай,  оны ұлы  данышпан  атамыз  Абайға  теңеп,  портреттерін  қатар  қоюы  тіпті ақылға сыймайды.  Енді Абай  атамыздың  рухы  Мағауинге  риза  бола қояр ма екен? Мен  оның  (жазушы басымен)  осы  екі  адамның арасындағы  жер мен  көктей  айырмашылықты  көре  алмағанына қайран  қалдым...» [4,197 ].
                                                                                        Сайден Жолдасбайұлы      
         «Егер, біздің «шыңғыстанушылар» қағанның өмірбаяны төңірегінде жазылған тарихнамалар тізімінің ең болмағанда 5 пайызымен танысқан болса, бүгін «Шыңғыс хан – қазақ, ол құрған мемлекет қазақ мемлекеті» деген қауесет тумаған еді...    Шыңғыс хан – Моңғол үстіртінде салтанат құрған Түрік факторларының бастаушысы емес, керісінше, оны аяқтаушы...» [5,199 ].
                                                                                           Қинаят Зардыхан  
         Бұл   көріп  отырған  пікірлер  қазақ  тарихында  орын  алып  отырған екі  жақты  көзқарас  септігінде  айтылып  отыр.  Бұл   даудың   шешімі  табылар  емес,  9  жылдан  асты, әлі толастаған жоқ. Атақты  «Шыңғыс хан» дауының  тууына  Мұхтар Шахановтың «Өркениеттің адасуы» мен «Жазагер жады космоформуласы»(Шыңғыс ханның пенделік құпиясы) романы   себеп болыпты. «Мемлекет есебінен қаржыланатын газет-журналдарға «Жазагер жады космоформуласы» (Шыңғыс ханның пенделік құпиясы) төңірегінде үлкен дау көтеру тапсырылып, жан-жақтан Шахановқа қарсы мақалалар қаптап шыға келеді. Бәрінің ой-толғамдары: «Шаханов Шыңғыс ханға жала жауып отыр. Өйткені ол қиратушы емес, азат етуші» деген пікірлер төңірегінде тоқайласты. Екінші айналымда «Шыңғыс хан моңғол емес, қазақ екен» - деп, әр жазғыш оны өз руына қарай бұрып жатты»[6,171 ].   Олардың қатарында сол тұста «Жұлдыз» журналының бас редакторы, қаламгер  Мұхтар Мағауиннің болғаны да бәріне  белгілі.  Көбісі бұл дауды «Қос Мұхтардың  дауы» деп те атап жатады. Бірақ, бұл біздің ойымызша «Әлем дауы». Өйткені бұл үрдіс бізде  ғана емес  Еуразия  елдерінің біразында  орын алып отыр.  Ол – Шыңғыс ханға табыну үрдісі. «Тарихи жадынан жұрдай болған олар бүгінгі таңда бір кездегі қатыгез жауыз басқыншыны енді туыстық тегі бір өз адамымыз деп тануға, тіпті тікелей арғы атамыз деп санауға құштар. Моңғолдармен басым туыстық құқығына ие болу үшін орынсыз дау айтушы мұндай дәмегөйлер Қытайда да, Ресейде де(мысалы, академик А.Т. Фоменко Шыңғыс ханның шығу тегін орыс-славян халықтарына таңуды дәлелдеп баққысы келсе, Туваның, Бурятияның және басқа да ұлыстардың ғалымдары оның шыққан тегі тек біз ғанамыз деп өзеурейді) аз емес. Тіпті бір қиырдағы Жапонияның өзінде де Шыңғыс хан бір кезде түрлі себептердің салдарынан жапон аралдарынан – Моңғолия даласына кетіп қалған жапон самурайы деп саналады[7,475 ].
         Жүргізілген зерттеулерді сараптай келе біз төмендегідей шешімдерге келдік:
       Біздің ойымызша,  Шыңғыс хан – қанішер, жауыз, ол ешқандай да данышпан емес, тас жүрек, зұлым, дінге сый-құрмет көрсете алмады, көптеген рухани орталардың қиратушысы, қыру-жою принципін түбегейлі ұстанған соғыс адамы болуы әбден мүмкін. Олай  деуімізге  төмендегі  3 факт септігін тигізді:
            А) Белгілі шыңғыстанушы  ғалым  Эренжен  Хара-Даванның  «Шыңғыс  хан  қолбасшы  және оның мұрасы» деген кітабынан «Жасақтың» кейбір үзінділерін келтіре кетейін:
        «Кімде-кім қашып бара жатқан құлды немесе қамаудан қашып  шыққан тұтқынды көріп, ұстап алса және оны өзінің бұрынғы қожасына қайтарып бермесе, ол адам өлім жазасына кесілуге әбден лайық».
        «Жас ет жегісі келгендер сойылатын малдың төрт аяғын буып, алдымен қарнын жаруы, содан соң әбден жаны шығып болғанша жүрегін қос қолдап қысып тұруы, оның етін содан кейін барып жеуі тиіс; ал кімде-кім ол малды мұсылмандар сияқты бауыздайтын болса, сол адамның өзін бауыздау керек».
        «Қомағайлықпен тамаққа түйіліп, қақалып-шашалып қалған адамды орданың сыртына сүйреп шығарып қолма-қол дереу өлтіру керек, оның жазасы әскербасы ордасының табалдырығын табанымен басып кірген адамның кесілетін өлім жазасына тең болуы тиіс»
         Көріп отырғаныңыздай, бұл «Жасақтан» асып бара жатқан данышпандылық, мейірімділік, кешірімділік көріп тұрғанымыз жоқ. Керісінше «өлтіру» деген тіркес жиі кездеседі.
         Ә) «Хорезм  шахы Мұхаммед-шахқа Шыңғыс хан сый ретінде жөнелткен 450 адамы бар 500 түйелі керуенді Отырар әміршісі Қайырхан өлтіріпті-міс деген, кезінде  кең тараған тарихи мәліметтің бүгінде ескіргенін айтпасқа болмайды. Мұндай қатерлі , ақылсыз қадамға есі дұрыс басшының бармасы –анық. Шыңғыс ханның ел мен ел арасына тыңшы қызметін шебер пайдаланғаны,  сол  құпия  барлау  отрядын  жіберіп, өз мәселелерін шешіп отырғаны белгілі.  Бұл жөнінде кезінде Орта Азия әскери өнерін  зерттеген орыс барлау  жүйесінің  генералы, ғалым  М.И. Иванин де айқан болатын. Ол Қайырханның  жала  құрбаны болғанына сенімді. Сонымен қатар керуен адамдары  Шыңғыс ханның  барлау  отрядының  қолынан  қаза  тапты, тоналды.   Демек, Шыңғыс хан ойлап тапқан  соғыс сылтауы  тарихта  өз  рөлін  керемет  атқарды  десек  қателеспейміз.
          Б) Мәскеудің «Вече» баспасынан жарық көрген « 100 ұлы диктатор» атты кітаптан алынған мынадай мысал келтіре кетейін: «Орта Азияда халқы моңғол әскерлеріне қарсы  ерлікпен  шайқасқан  ірі  қалалардың  бірі  Мерв  еді. Моңғолдар  оны  1221  жылы  басып алды. Тұрғындар  қаланы  төрт  тәуліктің  ішінде  толық  тастап шығуға тиіс болды. Моңғолдар өздеріне құл ету үшін  олардың арасынан  таңдаулы деген  400 қолөнершіні іріктеп алды.  Ал қалғандарын түгелдей  қырып  жіберуге  бұйрық берілді, ол үшін тұрғындар  барлық  әскери бөлімшелерге  топ-тобымен таратылды: қаланы қоршауға қатысқан  әрбір моңғол жауынгері  300-ден  400  адамға дейін  қылышпен  шауып, қиқалап  өлтіруге тиіс болды!  Қала маңында  тұратын  ондаған  мың  бейбіт  шаруа  моңғолдар  жасаған  қан сасыған  сойқан қырғыннан  аман қалу үшін  тау-тастардағы  үңгірлердің  терең  түкпірлеріне барып тығылды. Ибн-Аль-Асир  700 мың  адамның,  ал  Джувейни  сан  жағынан  бұдан  әлдеқайда асып түсетін  қыруар көп адамның  қырғынға ұшырағанын айтады, сондай-ақ  Из-ад-Дин Нассаба  деген біреудің  өзімен бірге  бірнеше адамды  ерте  жүріп,  қаладағы  өлген жандардың  есебін шығару үшін  он үш күн, он үш түн бойы  санақ  жүргізумен айналысқанын хабарлайды.
          Олар, тау-тастардағы  табиғи  үңгірлер  мен  жыра-жараның  қолдан қазылған  қуыстарында, қаладан едәуір жырақ елді мекендер  мен  елсіз  шөл  даладағы  өлгендерді  қоспағанда,  Мервтің  өз ішінде  ғана  қырғынға ұшыраған  адамның  1,3 миллионнан  астам  мәйітін  тауып, санап  шыққан» [7,482 ].  
          Иә, осы дәлелдерді  оқыған  адамның  өз  көзқарасын  түбегейлі  өзгертетініне  сенім мол. Біз тарих жолында  адасудамыз. Қателіктерге жиі ұрынамыз.  Бүкіл әлемді қан жұтқызған қанға тоймаған қанішерлерді мақтаудан, оларға табынудан  аулақ болайық(Македонский, Гитлер, Напалеондарға да қатысты)!       
           
                                                 
                                 Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1.    Қазақша энциклопедия  6 том
2.    Мағауин М. «Шыңғыс ханның шарапаты» // «Жұлдыз», №1, 2003 ж.   
3.    Өмірзақ Ақжігіт  «Моңғолдың мықыр жылқысынан қазақтың қазанатына қалай ауыстырып мінгіземіз?»// «Жас Алаш», 21желтоқсан, 2002ж.  
4.    Жолдасбайұлы С. «Шыңғыс ханда шарапат бар ма?»//  «Ана тілі», №24, 2002ж.   
5.    Қинаят Зардыхан «Шыңғыс қаған тақырыбы қиял, хикаялармен алынатын биік емес»// «Жас Алаш», 7 ақпан, 2004ж.  
6.    Шаханов М. «Қырғыз Эвересі және мәңгүрттендірудің егеуқұйрықтық тәсілі», Алматы, 2011ж.    
7.    Айтматов Ш., Шаханов М. «Ғасыр айрығындағы сырласу»,  Алматы, 2008ж.