Медтуризмді дамытуға мүмкіндік бар ма?
блог
29.09.12.
Бүгінгі таңда табиғи байлығы жоқ елдер туризмнің түр-түрін дамытып жатыр. Дүниенің төрт бұрышындағы қалталы адамдар ол елдерге бару үшін ақша аяп қалмайды. Ал денсаулығын ойлайтын туристер медицинасы дамыған елдерді бетке алады. Бүгінгі таңда дүниежүзі бойынша дәл осындай 100 мыңнан астам адам шетелдерден ем қабылдайды екен. Олардың басым бөлігі Тайланд, Жапония, Малайзия, Сингапур және Оңтүстік Кореяға ағылуда. Себебі бұл елдерде медициналық көмектің бағасы Еуропа мен АҚШ-тан көп төмен. Сапасы да бәсекеге қабілетті.
Осы үдерісті бақылап отырған Қазақстан да медициналық туризмді дамытуды қолға алмақ. Мемлекет басшысы осы жылдың сәуірінде Астананы дамыту жөніндегі кеңесте Ұлттық медициналық холдингке қарасты клиникалар негізінде медициналық туризмді дамытуға тапсырма берген болатын. Себебі кез келген елдің туризм саласын дамытуда медицина маңызды рөл атқарады. Өйткені саяхатшылар денсаулығына алаңдамайтын елге саяхат құрғанды жөн көреді. Әдейі ем іздеп саяхатқа шығатын да туристер болмақ. Міне, дәл осы топтың сұранысы соңғы жылдары кардиохирургия мен диагностикаға ауып тұр екен. Ал бұл сұранысты Қазақстан қамтамасыз ете алады. Бұл жөнінде Халықаралық туризм күніне орай 15 елдің туристік компанияларының өкілдері үшін Ұлттық медициналық холдингтің клиникаларына ұйымдастырылған ақпараттық тур кезінде айтылды. Десек те Ұлттық медициналық холдингтің басқарма төрағасы Елжан Біртанов холдингтің қазіргі заманғы медициналық инфрақұрылымы бірінші кезекте отандық емделушілердің, содан кейін ғана шетелдіктер сұранысын қанағаттандыруы тиіс екенін айтады. «Біз үшін шетелдік емделушілерді тарту басты мақсат емес және мұны дұрыс түсінулеріңіз керек. Бірінші кезекте - ішкі нарықтағы сұранысты қанағаттандыру. Мақсатымыз - өз емделушілеріміздің басқа елдерге медициналық турист болып кетпес үшін жұмыс істеу, соларды өз елімізде емдеу. Себебі солтүстік өңірдегі науқастарымыз Ресейге барып емделіп жүр. Ал Павлодардағы инновациялық көрмеде сол Ресейдің губернаторлары біздің холдингтің қызметі мен соңғы үлгідегі заманауи медициналық қондырғыларын көргенде қатты таңғалды», - дейді Елжан Амантайұлы.
Әрине, холдинг басшысы қолданыстағы инфрақұрылым арқылы қосымша табыс табуға қарсы емес. «Ұзақмерзімді жоспарымызда біз Қазақстанға туристерді, соның ішінде медициналық мақсатта тартуға дайынбыз. Бүгінгі күннің өзінде бізге Ресей, Қырғызстан мен Өзбекстаннан келіп емделіп жатқандар бар», - дейді ол.
Холдинг берген дерекке сүйенсе, үстіміздегі жылдың 7 айында 22 мың адам холдингке қарасты клиникаларда емделіпті. Соның 157-і шетелдік азаматтар екен. Бір ескерер жайт, ем қабылдаған шетелдіктердің көпшілігі Қазақстанда тұратын, жұмыс істейтіндер. Яғни шетелден арнайы ат ізін салып, ем алып жатқандар аз. Мұның бір себебі, жарнаманың жетіспеушілігі емес пе? Бұлай деуіміздің сыры, осыдан бірер ай бұрын «Жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы Кен Әлібек бастаған дәрігерлер тобы ми ісігінен із қалдырмай 4 адамды емдеп жазды. Бұл жаңалықтарын БАҚ өкілдерімен де бөлісті. Алайда дәл осы жаңалықты алыс шетелдің онкологтарын айтпағанда, ТМД онкологтары қауымдастығының президенті Михаил Давыдов білмейтін болып шықты.
Ал Е.Біртанов отандық ғалымдардың онкология саласындағы жетістігі, жалпы, медицина ғылымындағы жаңалықтар баспасөз мәслихаты арқылы таратылмайтынын айтады. «Халықаралық стандартқа сәйкес, қалыптасқан тәртіппен ғылыми журналдарда, конференцияларда жарияланады», - деген ол медтуризмді дамыту үшін жарнаманың қажеті шамалы деп санайды. Себебі холдинг халықаралық стандартқа сай жұмыс істейтіндіктен, ол жөнінде әлем дәрігерлері жақсы хабардар. Ең дұрысы - мейірбикелеріміздің этикасын жөнге келтіру керек. «Егер олар науқаспен дұрыс қарым-қатынас жасап, қас-қабағына қарайтын болса, соның өзі жақсы жарнама болып есептеледі», - дейді ол.
«Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы Юрий Пяның айтуынша, бүгінгі таңда жүрек-қан тамыр ауруларынан болатын өлім-жітім оқиғасы алдыңғы орында тұр. «Мамандар бұл көрсеткіш алдағы 20 жыл бойы сақталады деп болжауда. Сондықтан кез келген елге барған турист үшін медициналық қызметтің осы түрі жан-жақты дайын болуы керек. Бұл ретте, біздің орталықта көрсетілетін қызмет халықаралық стандартқа сай», - дейді ол.
Жалпы, медтуризмді дамытуға қанша жыл қажет? «Мен үш жыл бұрын Оңтүстік Кореяда болдым, сонда ол ел медтуризмді дамытуды енді ғана қолға алған болатын. Ал қазір медтуризмі дамыған жетекші елге айналды. Сондықтан біз де заманауи меджабдықтарымыз бен мықты мамандарымыз барда медициналық туризмді дамыта аламыз», - дейді «РДО» АҚ басқарма төрағасы Әмір Ахетов.
БАҚ және туристік компаниялар өкілдері үшін ұйымдастырылған ақпараттық тур аясында РДО-тың радиозотопты бөліміне бас сұқтық. Аталған бөлімнің меңгерушісі Тоқтар Қоңырбаевтың айтуына қарағанда, бұл бөлім ядролық медицина қызметін ұсынады. Яғни онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтайтын диагностикалық құрал-жабдықтар көмегімен онкоаурулардың диагнозын ерте сатысында қойып береді. «Онкологиялық ауруды ерте сатыда анықтау мемлекетіміз үшін де пайдалы. Өйткені ол ауруларды емдеуге өте көп қаражат жұмсалады. Ал оны ертерек анықтасақ, емдеу де оңай, қаржы да аз жұмсалады», - дейді ол. Оның айтуынша, бұл бөлім күніне 10-15 науқас қабылдайды. Бүгіндері Қазақстанда 140 мың адам онкологиялық есепте тұр. Ал жыл сайын 30-32 мың науқас анықталады екен. «Біз жылына 2-3 мың адамды тексере аламыз. Қырғызстан, Өзбекстан, Батыс Сібірден келіп тексеріліп жатқандар да бар. Қазақстандықтарға тексеру тегін жүргізіледі. Ол қаржыны бізге мемлекет төлейді. Бағасы - 175 мың теңге. Дәл осы тексеру Еуропада 2-3 мың еуро, АҚШ-та 3 мың доллар тұрады», - дейді Тоқтар Рамазанұлы.
Ядролық медицина қызметі шетелдік туристік компания өкілдерін қызықтыра түсті. Ал Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығында көрсетілген бейнефильм де бізді бей-жай қалдырмады дейді олар. Мәселен, Малайзиялық туристік компанияның өкілі Аһмад Зубаир Аслина өзіне бас мидың сырқатын сканерге түсіріп тексеретін қондырғы ұнағанын айтады. «Менің байқағаным, қазақстандық медицина ешбір елдікінен кем емес. Даму үдерісі сезіледі. Тек сіздерге жарнама жетіспейді екен. Шетел тұрмақ Қазақстанның өзінде жарнаманы күшейту керек. Біздің елде медтуризм жақсы дамыған. Әрине, ол үшін аз тер төгілген жоқ. Біздің елге Индонезия, Тайланд пен Банкгогтан келіп емделетіндер көп. Десе де мен Малайзияға барған соң әріптестерім мен жерлестеріме жүрекке ота жасату қажет болса Қазақстанға барыңдар деп кеңес бермекпін. Өйткені сіздерде бағасы өте арзан екен. Ал бізде бұл ота үшін 100 мың доллардан көп ақы төлеу керек», - дейді ол.
Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығының жалпы нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Серік Кәрібаевтың айтуынша, орталық жылына 3,5-4 мыңнан аса адам қабылдайды. Ал шетелдіктен орталық туралы ақпаратты ғаламтордан біліп келеді екен. Шетелден ми ісігін емдетуге келетіндер көп. Солардың бірі Өзбекстаннан келген Нура есімді емделуші орталық туралы телеарнадан көріп біліпті. Ал күні кеше ғана оған бас миындағы ісікке ота жасалды. Ота жасалғаннан бір күннен кейін-ақ аяғынан тік тұрған ол енді 5 күннен соң ауруханадан шығады. «Дәрігерлері өте жақсы қарайды екен. Маған ұнады. Бағасы да арзан. Мен бұл ота үшін 30 мың теңге төледім. Ал Өзбекстанда жасатсам, 1 млн сом төлер едім», - дейді.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ