Сыған дегенім ата-анам болып шықты

Сыған дегенім ата-анам болып шықты
жеке
блог

Сыған дегенім ата-анам болып шықты...

Бала күнім. 5-сыныптың белсенді оқушысымын. Үйде менен кейін 3 сіңілім бар және 7 сынып оқитын ағам, 11 оқитын әпкен бар. Ағам мен әпкем таңертеңгісін оқыса, мен және сіңілілерім түсте барамыз мектепке.

...Бүгін ауылға сығандар келді деген хабар біздің үйдегілерге де жетті. Әншейінде базардың жанын сағалап, әркімнен қайыр сұрап, жұпыны киінген біреулер жүруші еді (мен солардан қатты қорқатынмын). Біз оларды сығандар деп атайтынбыз. Сонымен үйге бұл хабар жетісімен сіңілілерім қорқа бастады. Үйдің үлкендері 2 күнге той тойлап кетті. Ағам мен әпкем сабаққа кеткелі жатыр. Түске дейін қастарында қалатын ересек сымақ мен  болдым.

-Үйдің есігін кілттеп отырың, ешкімге ашпаң,- деді сығандар туралы жағымсыз әңгімелерді көп естіген әпкем.

Біз болсақ «кетпеңдерші, қорқамыз» деп жылап, оларды сабаққа жіберер емеспіз. Ақыры қалдық. Ешеуі енді мені қорған тұтып, жаныман бір елі қалар емес. Менің де батырлығым шамалы. Қорқақтың нағыз өзімін.

Баламыз ғой, бір уақыттарда манағы қорқыныш сейіліп, күндегіше сабағымызды оқып, ойын ойнап отырдық. Бір мезгілде үйдің артқы  жағынан көлік дауысы естілмесі бар ма, сығандар екі жигулимен келіпті дегенді естіп алған біз терезеге жанталаса қарадық. Сөйтсек, естігеніміздей сығандар үйдің жанынан өтіп барады. Оны көрген төртейміз зәре құтымыз қалмай жылап жібердік. Тілегіміз «біздің үйге келмесе екен»! Жылап жүріп терезелердің перделерін жауып үлгердік. Енді не болмақ?  Жүрегіміздің соғысы екі есеге ұлғайды. Бір мезгілде үйдің жанына бірінші  көлік тоқтап, есік «тарс, тарс» соғыла бастады. Екінші көлік тағы тоқтады. Ендігі қорқыныш тіптен басқаша, сіңілілерімнің көздері алақандай, маған жалтақ-жалтақ қарайды, ал мен байғұс қорқыныштың құрсауында қалтырап тұрмын. Есіктің соғылуы бәсеңдер емес. Арада 10 минут өтті. Жетім қозыдай маңырап тұрғанымызға да 10 минут болды. Бұлай тұра бергеніміз болмас деп, үлкендігімді білдіріп, есіктің жанына барып тың тыңдауға бел будым. Аяқтарым қалтырап сыртқы есіктің жанына әрең бардым. Сырттан таныс дыбыстар естіледі.

- Үйде ме өздері?

- Терезелердің перделері де жабық тұр!

- Аман ба өздері?

Сөздері бізді танитын, жаны ашитын адамдардың деніне ұқсайды. Бір білгенім қазақтар секілді. Есімді жиыдым, нар тәуекел! Есікті аша беріп едім, алдымда өзімнің таңда шығарып салған ата-анам уайым басқан жүздерімен бізге қарап тұр. Манадан қорқып қалған  төртеуміз жаудың қолынан аман қалғандай ата-анамыздың құшағына кіріп кеттік. Ешнәрсе түсінбеген олар не болдыдан басқа сөз айтар емес. Бізде жауап беруге шама жоқ. Бойымыздағы қорқыныш кетер емес, дірілдеп, қалшылдап болған жайды әрең айттық. Барлығына қанық болған ата-анамыз күліп жіберді. Бізді құшақтарына алып, әрең дегенде жұбатты-ау әйтеуір.  Сонымен келген бірінші көлігіміз әкеміз болды да, екінші көлік әкемді сыртынан көре сап біздің үйге бет алған жездем боп шықты. Ата –анамыз бір шаруаларымен тойдан ерте келген екен. Осы жағдайды жездем әлі күнге дейін ұмытпай айтып, бір күліп алады.