Тілім менің

Тілім менің
жеке
блог
Тілім менің барша ақын жырлаған, 
Қиын- қыстау замандарда мұңдаған.
Қилы-қилы дәуірлерден бас кешіп,
Тіл тигізбей сақтап келді хан бабам.
Тілім менің аманаты бабамның,
Билері мен шешен сөзді данамның.
Басқа емес, міне, осы қазақ тіл,
Ақ сүтімен келген маған анамның.
Тілім менің асыл байлық қазынам,
Осы тілде сырым, жырым жазылған.
Төл тілімнің кереметін білдіріп,
Тіл арқылы сөздің майын тамызам.
Тілім менің асқар тауды бойлаған,
Аспанымда бұлбұлдарым сайраған.
Домбырам мен қобызымның күйлері,
Басқа емес, қазақ тілде ойнаған.
Тілім менің жарқыраған ай ме екен,
Жарық беріп, күлімдеген күнге тең.
Ай мен күндей тілім менің болмаса,
Дәл осылай өлең жазып жүрмес ем.
Тілім менің тебірентер жүректі,
Тілімізбен айтамыз ғой тілекті.
Тілге берік болсақ қана халықпыз,
Қазақ деген бір ұрпақты, бір текті.
Тілім менің мен сенімен үндесем,
Тіл болмаса, мен жарқырап жүрмес ем.
Дана тілді, қазақ тілді қор қылмай
Орыс емес, қазақ тілде сөйле сен.
Тілім менің бар қазақтың айнасы,
Қиындықта керек болса айласы.
Не болсада жан беруге дайын тұр
Елі үшін қазағымның баласы.
Тілім менің қазақтықтың дәлелі,
Қазақ деген сыр мен жырдың әлемі.
Әнұранда, елтаңбада,туыңда,
Тұр емес пе қазағымның мәнері.
Тілім менің бәрінен де ғажап тіл,
Тәуелді емес ештеңеге азат тіл.
Танытатын ата-баба тарихын,
Жасай берсін, жасай берсін қазақ тіл!

Автор: Үсембай Фатима Қайратқызы
Сурет: droginfo.hu